Қоғам • 20 Тамыз, 2021

Өңірлердегі «идеолог» орынбасарлар кімдер?

950 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жолымыз түсіп, Түркістан облысын­дағы Арыстан баб кесенесіне тәу ете барған сайын сол арада жерленген көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков марқұмның қабірі басына да барып, дұға бағыштаймыз. Кешегі Кеңес заманында ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді сақтап, өркендетуге елеулі еңбек сіңірген ерен тұлғаның рухы алдында еліміздің әр түкпірінен келген азаматтар тағзым етіп жүреді екен. Әсіресе Өзбекәлі ағамыз бір кезде облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Торғай өңірі тұрғындарының оған деген құрметі мен сүйіспеншілігі ерекше көрінеді.

Өңірлердегі «идеолог» орынбасарлар кімдер?

 Оның өзіндік себебі де бар. 1970 жылы құрылған бұрынғы Торғай облысының идеология саласына басшылық жасауға жіберілген Өзбекәлі ағамыз қаймағы бұзылмаған қазақы өңір тұрғындарының ұлттық рухын көтеріп, Арқалық қаласында педагогикалық институт, облыстық филармония, қазақ музыка­лық-драма театры, «Шертер» фольклорлық ансамблі, тарихи-этнографиялық музей, Аман­­гелді Иманов музейі сияқты маңызды әлеу­меттік-мәдени объектілерді ашуға ұйыт­қы болған. Өнер ұжымдары мен дарынды жас­тарға барынша қамқорлық жасаған.

Өзбекәлі ағамыздың өмірбаянына үңілсек, ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық инс­титутын 21 жасында бітіріп, еңбек жолын ауыл мектебінің мұғалімі болып бастаған екен. Үш жылдан кейін аудандық комсомол комитетіне жұмысқа шақырылған. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан комсомолы орталық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы болып сайланған. Осылайша, өңірде – 9 жыл, орталықта да 9 жыл қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесі әбден  толысқан, 39 жасында облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланған.

Ал қазіргі өңірлердегі «идеологтар» болып саналатын облыс әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары кімдер? Олардың арасында  Өзбекәлі ағамыз сияқты өңірдің мәдени-рухани саласындағы өзекті мәселелерді шешуге білек сыбана атсалысып, жақсы аты шығып жүрген саяси қызметшілер бар ма?

Ойша шолып қарасақ, әзірге Өзбекәлі ағамыздай кесек тұлға көзге түспей тұрған сияқты ма, қалай?.. Тек өңірде де, орталықта да бірнеше жыл жауапты қызметтер ат­қарып, қайтадан облыс пен республикалық маңыз­дағы қала әкімінің «идеолог» орынбасары болып тағайындалған бірер азаматтан үкілі үміт күтуге болатын сияқты. Ал өзгелері...

Осыдан бірер жыл Қостанай облысы әкімінің бұрынғы «идеолог» орынбасары қазақ тілінде жазылған мәтінді дұрыс оқи алмай, әбден «бүлдіргені» әлеуметтік желілерде тарап кетіп, ұятқа қалғаны бар. Өз ана тіліне шындап бет бұрмаған шенеуніктің Кеңес заманында қазағының қатары селдіреп, ұлттық құндылықтар ұмытылуға айналған өңірде қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуге жан салып, жарытқаны да шамалы сияқты. Мәселен, облыстағы байырғы жер-су атауларын қайтару ісі тасбақаның жүрісіндей баяу жүр­­гі­зіліп жатқандығы соның айғағы болса керек.

 Кейде өңірлер әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары болып, ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, мәдениет салаларынан хабары шамалы,  кездейсоқ біреулер тағайындалып кеткендігі де белгілі. Гендерлік саясаттың жөні осы екен деп, аудан әкімінің орынбасарын облыстық басқармалар басшыларының бастарынан аттатып өткізіп, облыс әкімінің орынбасары етіп тағайындау да ұшырасып қалады. «Пиарымды» қатырып, жұмысымды БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарқырата көрсету осының ғана қолынан келер...» деген ниетпен тіпті өңірлік бұқаралық ақпарат құралын басқарып та көрмеген қатардағы журналист пен баспасөз хатшысын бірден орынбасар лауазымына тағайындаған облыс әкімдері де бар. Тек ондайлардың кейбіреуінің «көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырғаны» білініп қалып, абыройы түсіп жатқаны болмаса... Кей өңірде ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау салаларына – бір орынбасар, мәдениет, спорт, жастар саясаты салаларына  екінші орынбасар жетекшілік жасайтындығын да біліп, «Мұнда қандай қисын бар?» деген ойға қалдық.

Түйіндей айтқанда, мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңнамаға сүйеніп, өңірлер әкімдерінің әлеуметтік-мәдени салаларға жетекшілік жасайтын орынбасарлары лауазымынан үміткерлерге жоғары біліктілік талаптарын белгілеу қажет сияқты.

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38