
Сахнадағы оқиға тракторшының үйіндегі ұрыс-керістен өрбиді. Үй ішінде шыққан жанжалдан кейін Қошқарбайдың жұбайы Кумри бала-шағасын ертіп, төркініне кетіп қалады. Осы сәтте механизатордың үйіне жас ғалым келіп, өзі ойлап тапқан робот әйелді көрсетеді. Роботтың қолынан келмейтіні жоқ, үйдегі шаруаның бәрін үнсіз жүріп-ақ әп-сәтте тындырып тастайды. Үй іші былай тұрсын, тіпті ер адамның ғана қолынан келетін сырттағы ауыр жұмысты да мыңқ етпей тындыра салады. «Темір қатынның» қабілетіне тәнті болған тракторшы оған ойланбастан үйленіп алады. Молда шақырып, некесін қидырады. Бірақ роботтың аты робот, Қошқарбай тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтын «Темір қатыннан» жан жылуын таба алмай, еңкілдеп жылайды.
Осылайша, ет пен сүйектен жаратылған Қошқарбай мен роботтың арасындағы қарым-қатынас күн өткен сайын шиеленісе түседі. Ойлау қабілетіне ие болған соң «Темір қатын» тіпті өрши түсіп, тракторшының қоңырқай тірлігін сынап-міней бастайды. Шетелге барып демалып, қымбат дүние сатып алып жатқан жұртпен салыстырып, құлақ етін жеп, күн-көрсетпей қояды.
Комедияның екінші бөлімінде робот істен шығып, жарамсыз болып қалады. Бұған жас ғалым «ғылыми прогрестің нағыз жауысың» деп механизаторды кінәлайды. Ақыры Қошқарбай өз әйелімен қайта табысады. Сахналық туындының қоюшы режиссері Батырбек Шамбетов қойылым шешімі арқылы көпшілік көрерменге бүгінгі қоғамда заманауи технология мен ғылым жетістіктері керек-ақ, бірақ адами болмысымызды, өзара сыйластығымызды жоғалтып алмайық деген тұжырым ұсынады.
Премьера аяқталған соң көрермендер әртістерге деген ыстық ықыласын білдіріп, ұзақ қол шапалақтап тұрып алды. Осы сәтте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сахнаға көтеріліп, театр ұжымына алғыс білдіріп, жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.
Жуырда ғана Көкшетау қаласында дәл осы премьера үшін «Үздік қойылым» жүлдесіне ие болған театр ұжымы енді Қарағанды қаласында өтетін республикалық театр фестиваліне дайындалып жатыр.