
Мазмұнды іс-шараның мақсаты − балалар мен жасөспірімдерге арнап жазатын талантты қаламгерлерді анықтау және балалар әдебиетін қолдау мен дамыту. Биылғы байқау 2 тамыз бен 2 қазан аралығында өтіп, оған 90 автордың шығармасы түскен. Оларды белгілі ақын-жазушылар сарапқа салды.
Марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтіп, оған қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер қатысып, жеңімпаздарға жылы лебізін білдірді.
− Баламыз атқа шапса, қуана жар салатын халықпыз. Болашағымызды жалғастырушы балаларымыз екенін де үнемі айтып жүреміз. Одан бөлек, қазақта ежелден келе жатқан жақсы сөз бар. «Шабылмаған жүйрікті, шағылмаған бала шапсын» деген. Сол айтқандай, бүгінгі «Ер Төстік» әдеби байқауында ізі бітпейтін, тұяғы кетпейтін тұлпарды иеленген жүйріктеріміз әрдайым шаба берсін. Барлық жеңімпазды құттықтаймын! − деді, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Сонымен өнер бәйгесінің «Проза» аталымында бірінші орынды Нұрбек Нұржан жеңіп алса, «Ертегі» аталымында Балнұр Қызырбекқызының бағы жанды. Ал «Балаларға арналған өлеңдер» аталымында белгілі ақын Шәмшия Жұбатова жеңімпаз атанып, «Үздік иллюстрация» аталымында бірінші орынды талантты суретші Жеңіс Кәкен иеленді.