
Әнекең еңбекке ерте араласты. Мектептегі оқуаралық демалыстарда және мектеп бітіргеннен кейін екі жылдай ауылда еңбек етті. Жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алғаннан соң 1968 жылы Отырар ауданының “Қожатоғай” кеңшарында бас бухгалтердің орынбасары болды. Жалпы, есепке деген табиғи таланты оның жұмысты тез арада меңгеріп, жоғары сапа деңгейінен көрінуіне септігін тигізді. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да қызу араласып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, қолынан іс келетін азамат екендігін көрсете білді. Сөйтіп, 1973 жылы “Овцевод” кеңшарының бас бухгалтері болып тағайындалды. Әнекең бұл кеңшарда төрт жылдай қызмет атқарған соң, 1973 жылы туған ауылы – Шәуілдір қаракөл қой зауытына бас бухгалтерлік қызметке ауыстырылды. Бұл қызметте ол 1980 жылдың ортасына дейін болып, одан әрі республика Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен “Шілік” кеңшарына директор болып барды.
Әнекең “Шілік” кеңшарындағы әуелгі 600 га суармалы жер көлемін 2080 гектарға жеткізді. Жаңа жер ашу үшін Шәуілдір тас жолын қаздырып көпір салдырады, Шаян өзеніне екі жерден көпір салдырып, жаңа жерге жүгері дақылын екті. Күтімі жақсы болғандықтан жүгерісі бітік өсті. 1982 жылы Д.А.Қонаев облыс басшысы А.Асқаровпен бірге арнайы келіп, жүгеріліктегі алқапты көреді. Сонда бір сағаттай уақыт болған мемлекет басшысы жүгерішілермен жүздесіп сұхбаттасқаннан кейін, өзіне арнайы дайындалған дастарқан басында шай ішіп отырып, еселі еңбек жемісіне көңілі толып, шаруашылық басшысы Ә.Сейітжановқа өзінің ризашылық сезімін білдіреді.
Әнекеңнің шаруашылыққа сіңірген еңбегі әлі де ел есінде. Сол кезде ауылда 25 орындық аурухана салынды. Орталықтан клуб бой көтеріп, елге тұрмыстық қызмет көрсететін үй ашылды. Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай үлкен ескерткіш орнатылды. Ескі Шілік елді мекенінен 8 жылдық мектеп, орталығынан АТС ашылып, үйлерге телефон байланысы тартылды. Тоған салып, ауылды су алу қаупінен біржолата құтқарды. Мал шаруашылығы бойынша “Шілік” кеңшары бұрын ірі қараны бордақылап келген болатын, енді 25 мың қой қабылдайтын жайды қоса салдырып, қойды да бордақылап семіртіп мемлекетке өткізіп тұруға қол жеткізілді.
Осындай өрелі істер атқарған директор Ә. Сейітжанов 1986 жылы қызметінен босап, “Шәуілдір” кеңшарына бухгалтерлік қызметке тұрды. Бұл көп білетін, іскер, арлы, ізденгіш, “құп мейліге” жоқ өр мінез турашыл азаматтың аудан басшылығына жаға қоймағандығы болса керек. Бір жылдан соң бас бухгалтердің орынбасарлығына жоғарылатылды. Одан бас бухгалтер, ал 1992 жылы “Көксарай” банкінің басқарма төрағасы болып тағайындалды. 1995 жылы “Көксарай” акционерлік қоғамының президенті қызметіне жалпы жиналыста сайланды. Бұл, бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендік алған тұста Әнуар Сейітжанов мырзаның өмір талабына сай жаңа іс бастағандығының белгісі еді. Ел тарихында тұңғыш рет ауылдық жерден банк ашып, оны басқару дегеніңіз бухгалтер үшін ерен ерлікпен тең іс.
Мұнда да Әнекең өзін іскерлік қырынан көрсете білді. Алғашқы кәсіпкерлер мен шаруашылықтарды қаржыдан тарықтырмады. Сол кезде Отырар астық қабылдау кәсіпорнына 16 млн., “Көкмардан” қауымдастығына 10 млн., “Овцевод”, “Қожатоғай”, “Ақтөбе” шаруашылықтарына 3 милионнан несие қаржы бөліп, қалжыраған қаншама ұжымдарға демеушілік жасады. Қаншама фермерлерге несие қаржы беріліп, тыңайтқыш, техника, ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын алуға мүмкіндік жасалды. Ұзындығы 36 шақырым болатын ескі канал арнасы жаңғыртылып, соның бойымен халыққа су жеткізіліп берілді. Бұл жақсылықтар әлі де талайлардың есінде болса керек.
Кезінде Көксарай каналының тартылуы жөнінде Әнекең: “Бұрынғыдай барлығы мемлекеттен емес, өзіміз өндіріп, өзімізді, елді өзіміз асырауымыз керек еді. Сырдарияға насос қойып, су тартуға жанармай жоқ, сондықтан да судың өзі ағып келетін канал қазу керек болды. Ауыл қарияларымен ақылдаса келе, 1933 жылы халық қазған каналды қайта жаңғыртуды жөн көрдік. Наурызбай мен Әмит қариялар каналдың бұрынғы жобасын көрсетіп берді. Көміліп қалған канал орны аршылып, ұзындығы 36 км. болатын, канал бойымен елге су жеткізіліп берілді” деп сыр тиегін ағытады.
Зейнеткерлікке шыққан соң үйде жатып дем алса да болар еді, жұмыс десе 10 баланың әкесіне үйде де жұмыс ағылып-төгілер еді. Бірақ Әнекең оны қанағат тұта қоя ма, 2004 жылы “Қарлығаш” шаруа қожалығын ашып, содан бері жеке кәсіпкер ретінде тасын өрге домалатып келеді. Сонымен қатар Әнекең қоғамдық істерден ешбір қол үзіп көрген емес. Ауылдың төбе биі ретінде елде болып жатқан әрбір келеңсіз жәйіттерді тезге салу орайында да, орынды-орынсыз басқа тірліктерге де билік айтып, қариялық жасап жүр.
Көксарай ауыл әкімшілігінде 10 ауыл биі бар. Әнекең солардың басын біріктіріп отырған төбе биі. Бұрыннан ауыл өмірімен тығыз байланыста жүретін Әнекең содан бері біршама игілікті істер атқарды. Солардың арасындағы ең маңыздысы – Көксарайда соңғы уақытта жол апаты, кездейсоқ жағдайдан, жастардың орынсыз жүріс-тұрысынан қайғылы жағдайдың белең алып бара жатқанына тойтарыс беруге бүкіл ауылдың назарын аударуы. Елдегі игі жақсылардың, әр буын өкілдерінің басын қосып, бұл жағдайды тәртіпке келтіруге көп болып жұмылуды ұсынды. Ол көпшіліктен қолдау тапты. Тәртіп әр шаңырақтан басталуы тиіс еді. Осы жағдай жете түсіндірілді.
Әлеуметтік көмекке зәру отбасыларының жағдайын зерттеуді де Әнекең назардан тыс қалдырып жүрген жоқ. Солардың арасында кейбіреулердің ата-анасы бақуатты бола тұра, әлеуметтік көмек сұрауы ұят-ақ. Әнекең осы жағдайды жас отбасының ата-анасымен әңгіме өткізу арқылы шешіп жүр. Перзентіңді бөлек шығардың екен, оған сауып ішетін сауын сиыр беруге қиналма. Сиырды қимайды екенсің, лақты ешкі бер. Оның сүтін нәрестесіне береді. Осылай түсінік жұмыстарын жүргізу арқылы талайлардың береке-бірлігі артып, талайлар тіршілігін жалғастыруда.
Иә, Әнекең осындай тынымсыз жан. Өз үйінің шаруасын да тап-тұйнақтай етіп, ұршықтай үйірген. Балаларды да шаруаға бейім етіп үйреткен. 10 бала өсіріп отыр. Соның бәрі бүгінде жетілген, өмірден өз орнын тапқан атпал азаматтар.
Шерәлі БІЛӘЛ, филология ғылымдарының докторы.