Экономика • 15 Ақпан, 2022

Елдегі құрылыс нарығы бәсеке негізінде дамитын болады - Қайырбек Өскенбаев

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарап, жер учаскелерін конкурстан тыс беру тәжірибесін заңнамалық түрде алып тастауды жоспарлап отыр, деп жазады Egemen.kz.

Елдегі құрылыс нарығы бәсеке негізінде дамитын болады - Қайырбек Өскенбаев

8 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР ИИДМ-ге 2022 жылдың мамыр айына дейін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекелі негізде дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Осыған байланысты ведомстволар саланың осал тұстарын пысықтап, негізгі 3 бағыт бойынша шараларды айқындады. Олар:

- үлестік құрылысқа қатысуды реттеу;

- жер беру және құрылыс салуды жоспарлау;

- мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру.

«Әзірленген шараларды іске асыру үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарау, сондай-ақ Жер кодексіне және Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңға өзгерістер енгізу қажет», деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында.

Өзгерістер жер учаскелерін конкурстан тыс беруді алып тастауды, заңнаманы айналып өтуге талпынатындар үшін жауаптылықты күшейту және үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуды анықтау арқылы үлестік құрылыстағы талаптарды жетілдіруді көздейді.

«Мемлекеттік сатып алуға қатысты айтсақ, материалдық ресурстарды көрсете отырып, тендер кезеңінде жұмыс өндірісі жобаларын ұсыну міндеттемесін енгізу; конкурсқа қатысу үшін сатып алудың шекті сомасын белгілеу, жұмыстар мен көрсетілетін қызмет түрлері бойынша төленген салық көрсеткішін шектеу; сондай-ақ қосалқы мердігерлікке қатысты өзара қарым-қатынасты әкімшілендіру, жауапкершілікті күшейту, берілетін жұмыстар көлемін шектеу және қосалқы мердігерлік жұмыстар құны бойынша демпингті белгілеу ұсынылады», деді министр.

Оның айтуынша, жақында заңнамаға енгізілетін түзетулердің тиісті пакеті әзірленеді.