
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ашық әңгімеде Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Түркістан қалаларындағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары өздерінің көкейдегі сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты. Ал олардың ұсыныс-пікірлерін Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков, «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ вице-президенті Данияр Тебаев тыңдап, жауап берді.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі әрі модераторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының кеңесшісі, РҺD доктор Ақерке Абылайхан ашық диалог қарапайым чаттағы қызу талқылаудан басталғанын жеткізді.
– «Болашақ» қауымдастығында әр сала бойынша клубтар құрылған. Біз құрған білім мен ғылым саласына қатысты клуб мүшелерінің басын біріктірген чатта қазір 600-ден аса адам бар. Вице-министрдің қатысуымен өткен осы ашық әңгіменің өтуіне «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген жас ғалымдардың сол ортақ чатта көтерілген өзекті мәселелері түрткі болды. Одан кейін біз жас зерттеушілердің қатарына осы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тәжірибесі мол ғалымдары мен оқытушыларын қосып, диалог ұйымдастырдық. Өзім де «Болашақтың» түлегімін, шетелдік жүйе кейде бізге келмеуі мүмкін екеніне тәжірибеден көз жеткен. Сондықтан оны ойға, талқыға, сарапқа салып барып көру керек. Осыны ескеріп, қос тарапты ой айтатын ғалымдарға ортақ алаң ұйымдастыруды көздедік. Жүйелі ұсыныстар жинақталып, министрлікке жолданады, – деді А.Абылайхан.
Ашық диалогта ғалымдардың жобаларын қаржыландыру жайы, жобаны зерттеу және оны басқару, грант, халықаралық сарапшылардың пікіріне тәуелділік секілді мәселелер қаралып, оны шешудің жолдарына қатысты ұсыныстар айтылды. Ұсыныстарды тыңдап, керегін өзіне түртіп алып отырған министрдің жоғары білім және ғылым бағыты бойынша орынбасары Қуаныш Ерғалиев:
– Аталған чатта мен де бармын, жазылған пікірлерді оқып отырамын. Бүгінгі кездесу екіжақты да тиімді әрі нәтижелі болды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері республикада 21 мыңға жуық ғылыми жоба жүзеге асса, барлығы мемлекет бюджетінен қаржыландырылып, қолдау тапты. Нәтижесінде, осындай жұмыстармен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтары мен түрлі ұйымдар ашылып, әлемді мойындатқан жобалар өмірге келді, – деді.
Жиын соңында Қ.Ерғалиев айтылған ұсыныстарды жазбаша тапсыруды өтініп, ықылас білдірген ғалымдарды жеке қабылдайтынын айтты.