
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бүгін – Ғылым күні. Осыған орай отандық ғылымның кешегісі мен бүгінін бағамдап, болашағын болжау мақсатында бас басылымның ғылымдағы кейіпкерлеріне танымдық шолу жасағанды жөн көрдік.
Кеше
Бірнеше ғылымның саласын меңгеріп, қаншама ғылыми еңбек жазып кеткен Әл-Фарабиді айтып әріге бармалық. Біз үшін қазақстандық ғылымның «кешегісі» – ел егемендігіне дейінгі кезең. Бұл кезеңде өмірге келіп, экономиканың тоқыраған тұсында ғылыммен айналысу – екінің бірі тәуекел ете қоймайтын іс. Олар отандық ғылымды сақтап қалу деген ауыр міндетті арқалады. Сондықтан тоқсаныншы жылдары ешбір жалақы берілмесе де ғылымда қалған әр ғалым отандық ғылымның іргетасын қалады деуге болады. Ендеше, сол қиын-қыстау кезеңге қарамастан, ғылымнан қол үзбегендердің ішінде қаламымызға «іліккендерді» тізбелей кетейік. Бірақ бұл тізбені толассыз толықтыруға болатынын, оған оқырман да атсалыса алатынын еске сала кеткіміз келеді. Сонымен...
Темірғали КӨКЕТАЕВ
Қоғамдағы көп жұрттың бірі білсе, бірі білмес. Алайда оны физика-математика саласының әлемдік ғалымдары жақсы білетіні сөзсіз. Өйткені оған 25 жыл бойы зерттеп ашқан «Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы» атты жаңалығы үшін Outstanding people of the 20 th century (қазақшасы: XX ғасырдың көрнекті адамы) атағы берілген. Бұл – бір ғасырда бір-ақ рет берілетін атақ. Осы атаққа оны Жапонияның ғылыми институты лайық көріп, кандидат ретінде ұсынған. 5 жыл бойғы іріктеудің нәтижесінде, 1999 жылы физика ғылымын дамытқаны үшін «XX ғасырдың көрнекті адамы» атанды.
Күнсұлу ЗАКАРЬЯ
Иә, бұл кейіпкеріміздің
атын естімеген көзіқарақты оқырман кемде-кем шығар. Себебі ол газетімізге шыққан «Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ» деп аталған көлемді сұхбатымызда айтылғандай, Қазақстанды күрделі, бірақ қауіпсіз жолды таңдаған жалғыз мемлекет етіп көрсете білген ғалымдардың жетекшісі ретінде танымал. К.Закарья – «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының» бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иесі. Кандидаттық диссертациясын 1995 жылы Алматыда, кандидаттық атағын 2002 жылы Мәскеуде қорғады. 200-ден аса ғылыми жобаны жүзеге асыруға атсалысып, жетекшілік еткен, 10-нан астам ғылыми жаңалығына авторлық куәлік алған.
Уалбай ӨМІРБАЕВ
30 жылдан бері шешілмей келген жапон математигі Нагата проблемасының түйінін тарқатты. Бұл да оған оңайға соққан жоқ. Жапондық Нагата өзінің күрделі проблемалық есебін 1972 жылы құрастырған екен. Осы есепті шешуге әлемнің қаншама ғалымы тырысып көрді. Кейіпкеріміз 10 жылдай еңбектеніп, математикалық жұмбақтың жауабын тапқандай болды. Тек жауабы қарама-қайшылықтарға толы болғандықтан, жұмысын қайта қарады. Әлі де піспеген жұмыс екенін анықтаған ол тағы екі жыл еңбектеніп, ақыры Нагата есебінің толық шешімін тапты. Математика әлеміндегі осындай күрделі есептерді шешкен еңбектері үшін қазақстандық ғалым 2007 жылы Американың математикалық қоғамы беретін жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығын иеленді.
Жанар ТӨРЕБАЕВА
Алматы облысының Шелек ауылынан шыққан кейіпкеріміз Францияда докторлық дәрежесін қорғады. Ж.Төребаева 1990 жылы Санкт-Петербургтегі медицина институтының «Педиатрия» факультетін тәмамдап, бірден елге оралды. Сол уақыттағы түрлі ұсынысқа мойын бұрмастан Алматыдағы Ғылым академиясына жұмысқа орналасып, сонда жүргенде кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылыми ортада қызмет ете жүріп, халықаралық жобаға қатысқаннан кейін, 1999 жылы француз еліне аттанды. Ғылыми ізденісте жүріп сол елде қалып қойды. Кейін Кеңес кезінде алған дипломы Еуропада жарамсыз болып қалды. Сондықтан кандидаттық қорғап қойған кейіпкеріміз интернатурадан қайта өтті. Артынша аспирантураны бітіріп, 8 жыл дегенде ғылыми дәрежесін қорғап, «Франция медицинасының докторы» атағына ие болды. Осылайша, ол қазақстандық біліммен де Еуропаны бағындыруға болатынын, ал ғылымда шекара болмайтынын, елге еңбек сіңіруге қашықтықтың кедергі келтіре алмайтынын дәлелдеді.
Бүгін
Осыдан 3 жыл бұрын, яғни елімізде Жастар жылы жарияланғанда «Қазақ ғылымы қашан жасарады?» деген мақала жаздық. Себебі бүгінгі ғылымды жасайтын – жастар. Ал жастар ғылымға баратын жол ашылғанда ғана бет бұрады. Жол ашылды, десек те оның ашылуына да себепкер боған – сол ғылымға құштар жастар. Өздері бірігіп қоғамдық ұйымдар құрды, бір-бірін қолдайтын алаң ұйымдастырды, жобасына демеуші іздеді. Олардың үнін Үкімет те ести бастады. Жоғарыдағы мақаладан кейін мақсатты түрде ғылымға қадам басқан зерттеушілердің жұмыстарын насихаттауға басымдық бердік. Бас басылымға шыққан жас ғалымдардың көбі қазір үлкен мінберлерде ойын айтып, сөзін тыңдата алатын жағдайға жетіп, оң өзгерістерге себепші болып жүр. Бұл да бір сеңнің қозғалғаны. Сонымен отандық ғылымның бүгінгі бет-бейнесі болып жүрген кімдер?
Нұрбол АППАЗОВ
Күріш қалдығынан белсендірілген көмір мен кремний диоксидін алған ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, профессор. Кремний диоксиді шыны, керамика, бетон жабдықтары, тіс пастасы, косметика өндірісінде қолданылады. Әлемде кремний диоксидін алудың ғалымдар тапқан бірнеше әдісі мен технологиясы бар. Бірақ осы жолда зерттеу жүргізген бірде-бір ғалым кремний диоксидінің 100 пайыз таза түрін ала алмаған. Н.Аппазов өзінің жетекшілігіндегі ғалымдармен бірге осы істе шетелдік ғалымдар «рекордын» жаңартты. Ал кейіпкеріміз ойлап тапқан белсендірілген көмірдің 1 килосы 1000 литр суды тазарта алатын күшке ие. Бұл дегеніңіз – лас суды ауыз су деңгейіне дейін тазартуға болады деген сөз.
Бақыт ДҮЙСЕНБАЕВА
Медициналық орталықта қарапайым санитар болып бастап, білікті дәрігер деңгейіне көтерілген, Орталық Азия бойынша бірінші болып PhD докторы атағын алған әзірге жалғыз әйел-радиолог. Ол – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында 3 бірдей жаңа әдісті қолданысқа енгізген ғалым. Елімізде сирек кездесетін компьютерлік томография маманы. Денсаулық сақтау саласының үздігі, үздік шәкірттері бар ұстаз. Ең ғажабы, еліміздің демографиясына үлес қосып, үш ұл, бір қызды өмірге әкелген ана. Осыншама жауапкершілік жүгін бірдей арқалаудың өзі үлкен ерлік дерсіз.
Қайсар ТАБЫНОВ
36 жасында Білім мен ғылым саласында сапаны бақылау комитетінің шешімімен профессор атағы берілген еліміздегі ең жас профессорлардың бірі. Ол 20 жылға жуық өз тобындағы әріптестерімен бірлесіп құс, жылқы және адамдарда кездесетін тұмау, бруцеллез секілді жұқпалы аурулар мен қауіпті вирустарға қарсы 10-нан аса вакцина дайындады. 2008 жылдан бері бір ғана құс тұмауына қарсы жасаған вакцинасының 50 млн-нан аса дозасы өндірілді. Қазір Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры ретінде СOVID-19 індетіне қарсы екі түрлі (суббірлік инъекциясы және интраназальды нановакцина) вакцина әзірлеумен айналысып жатыр.
Анар САНДЫҒҰЛОВА
Аутистік спектрдің бұзылуы бар балалармен кор-
рекциялық жұмыс істейтін робот жасап шығарған ғалым. «Болашақ» бағдарламасымен Ирландияның зерттеу бағытындағы University College Dublin ұлттық университетінде бакалавриатты, магистратураны, докторантураны «Компьютерлік ғылым» мамандығы бойынша бітіріп елге келген соң, осы істі қолға алды. Аутистік спектрдің бұзылуы бар балаларды емдеуде адам тәрізді (гуманоидты) роботтарды пайдалануды зерттейді. Балалар роботқа құмар, сондықтан мұны қолдану – адамға қарамайтын аутистерді емдеуде тиімді.
Самалбек ҚОСАН
Қауыннан чипсы жасаған ғалым. «Балшекер» дейтін қауынның жаңа сортын шығарған селекционер, БҰҰ Еуропалық-Экономикалық Комиссиясына қауын стандарттарын әзірлейтін Орталық Азиядағы жұмыс тобына мүше әрі Қазақстан бойынша төрағасы. Халықаралық тәжірибесінен түйгені, анық көз жеткізгені – Қызылорда облысында өсірілетін қанттылығы жоғары, кеш пісетін, қытырлақ қауындар әлемде еш жерде жоқ екен. Міне, осы бір табиғат ананың берген ырзығынан балалар мен жастар арасында сұранысқа ие чипсы жасауды қолға алды. Өз ойын іске асыру үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына жоспарын жіберіп, 2,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді. Өнімнің бір үлгісін жасауға студенттерін тартты. Осылайша, ол шәкірттеріне тәжірибе алаңын ұйымдастырып, жұмыс беріп отыр.
Назгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ
Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігінің неліктен «жасарып» бара жатқанын анықтау үшін күрделі зерттеу жүргізді. Бұл – аталған ауруға шалдыққан жас әйелдерден қан алып, адам ДНҚ-сын терең талдап, жан-жақты оқып беретін аппаратқа салып тексеру. Нәтижесінде, қазақ әйелдерінде сүт безі қатерлі ісігінің жаңа, яғни дүние жүзінде кездеспеген мутуациялары табылыпты. Сөйтіп, Н.Айдарбекқызы «Дүние жүзіне белгілі мутуациялар қазақ әйелдеріне сәйкес келмейді» деген гипотезаны бұзды. Өйткені қазақ әйелдерінде әлемге кең тараған мутуациялар да кездескен. Екі жылда бір рет өтетін ТМД елдері бойынша онкологтарға арналған халықаралық Жас ғалымдар конкурсында кейіпкеріміздің осы зерттеуі «Ең үздік ғылыми жоба» атанды. Енді жаңа мутуацияға скрининг өтуді іске асырмақ.
Бақытжан ӘЛЖАНҰЛЫ
Енді әлемде қант диабетінің емі бар. Мұндай жаһандық жаңалықты отандық ғалым жасады. Ол 5 жыл бойы І типтегі қант диабетіне қарсы жасушалы терапияның әдістерін жасау жолдарын зерттеді, нәтижесінде қант диабетін емдейтін жасуша ойлап тапты. Науқас пациенттердің безіне осы жасушаны трансплантациялау арқылы адамды қант диабетінен емдеуге болады. Өйткені бұл жасушаларды трансплантациялау ұйқы безіне инсулин өндіруге ғана емес, сонымен бірге оның денедегі деңгейін өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді.
Айымгүл КЕРІМРАЙ
Ғалымдардың әлемдік аренадағы беделі оның халықаралық ғылыми журналдардағы рейтингінен көрінеді. Scopus халықаралық базасының сарапшысы бізге берген сұхбатында арнайы атап өткендей, А.Керімрай – өз саласында ең жоғары көрсеткіштерге ие ғалым. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриатын «Жалпы физика» мамандығы, Ұлыбританиядағы Sheffield университетінің магистратурасын «Энерго-инженерия» бойынша бітірді. 2018 жылы Қазақстандағы жылу жүйелерін декарбонизациялау бойынша Назарбаев Университетінде докторлық диссертациясын қорғап, PhD докторы дәрежесіне ие болды. Карантин кезінде Айымгүлдің әріптестерімен бірге жариялаған Алматыдағы ауаның ластануы туралы ғылыми еңбегі 2020 жылы ең көп сілтеме жасалған Қазақстан мақаласы болды.
Нұрбек НӘДІРҰЛЫ
Отандық 3 вертебрологтың бірі, балалар омыртқасының деформациясын түзеудің техникасын ойлап тауып, қолданысқа енгізген ғалым. Еңбек жолын медициналық университеттің 4-курсында травмотология бөлімінің мейіргері болып бастап, еліміздегі ең мықты, қолы алтын дәрігерге айналды. Кейіпкеріміз ғылыми жұмысында идиопатикалық сколиозды (сау болып туып, кейін омыртқаның қисаюы) зерттеді. Н.Нәдірұлы ғылыми зерттеуінің нәтижесінде винтті (титан – қатты ақ металл) омыртқа сүйегіне салып ота жасаудың жаңаша жолын тәжірибеге енгізді. Ресейде оқып, еңбек еткен жылдары осы жаңалығына патент алып, әдістемелік құралын шығарды. Ол ұзақтығы 5-11 сағатқа дейін созылатын 700-ден аса ота жасап, осыншама балаға жаңа өмір сыйлады. Оған көрші елдерден де хабарласып, баласына ем сұрайтындар көп.
Ертең
Отандық ғылымның ертеңі, яғни болашағы – бүгінгі озат ойлы, өнертапқыш оқушылардың қолында. Халықаралық олимпиадалардан алтын медаль алған, мектепте, университетте жүріп-ақ ғылыми жобаларына грант ұтқан, жастайынан ғылымға жол тартқан өрендерді көргенде, қазақстандық ғылымның болашағы барына сенесіз.
Абзал МЫРЗАШ
11 жасында мектепті бітірген вундеркинд кирилл қарпіндегі мәтінді латынға аударатын бағдарлама ұсынды. Бұл болашақта еліміз жоспарлы түрде толығымен латын қарпіне қайта оралғанда ауадай қажет бағдарлама болғалы тұр. Кейіпкеріміз 15 жасында Қазақ-Британ техникалық университетінің бакалавриатын тәмамдады, қазір сол оқу орнының магистратурасында білім алып жүр. Қазақстан тарихындағы ең жас студент және IT-маманы болған ол ел экономикасына қомақты қаржы әкелетін экологиялық бағдарлама дайындап, Нобель сыйлығын алуды армандайды.
Дулат ӘМІРЖАН
11-сыныпта оқып жүргенде мүгедектерге арналған арбаны автоматтандыратын құрылғы ойлап тапқан. Әлемде мүгедектерге арналған автоматты арба 600-700 мың теңге тұрады. Ал қазақстандық оқушының STEM зертханасында мұғалімінің жетекшілігімен жасаған құрылғысы қолда бар 50-60 мың теңгелік арбаны өздігінен қозғалта алады. Тұтынушы құрылғыны арбасына орнатқан соң, не джойстикпен, не мобильді қосымшамен басқарады. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұйымдастырған Qazindustry ұлттық инновациялық байқауына қатысып, жүлде мен азын-аулақ қаржылай сыйлықтар ұтып алған. Бірақ Дулат құрылғысына инвестиция салып, өндіруге мүдделі адамды әлі кезіктірмепті.