
Баспасөз конференциясында сөз алған Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева аталған өзгерістер Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмалары негізінде іске асырылғанын жеткізді.
– «Ғылым туралы» заңға жылдар бойы түйіні тарқатылмай келген мәселелерді шешуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Ғылыми ұйымдардың материалдық ахуалы күрт төмендеп кеткен болатын, сол бойынша ауқымды шаралар қабылданып, заманауи зертханалар, басқа қондырғылар сатып алынды. Жалпы, еліміздің ғылыми қызметкерлерінің жағдайы жақсартылды. Бүкіл осы өзгерістер Президенттің тікелей қолдауымен, халыққа арналған Жолдау аясында жүзеге асырылып жатыр, – деді Ж.Құрманғалиева.
Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда жас ғалымдарымыздың саны 1 мың адамға өскен. Бүгінде елімізде ғылым саласында 22 655 адам қызмет етеді. Яғни 1 млн халқымызға 1 172 ғалымнан келеді. Спикер өз сөзінде ғалымдар санына ғана емес, олардың жұмыс сапасына да тоқталды.
– Ғылымда жетістіктер де жоқ емес. Пандемия кезінде отандық QazVac вакцинасының пайда болуы – елдегі ғылымның басты жетістіктерінің бірі. Өзіміздің вакцинадан бастап қазіргі таңда 50-ден астам үлкен бағдараламалық ғылыми жоба іске асты. Оның нәтижесі халықтың әл-ауқатына оң әсер етеді деп сенуге негіз бар, – деді Ж.Құрманғалиева.
Брифингке қатысқан Микробиология және вирусология институтының бас директоры, академик Аманкелді Саданов ғылыми зерттеулер нәтижесінде өндіріске енгізілген өнімдер нарықта лайықты орын алу үшін үш фактор керек екенін айтады.
– Біздің алдымызда мынадай міндет тұр: іргелі зерттеулер – теориялық, екінші – технологияларды әзірлеу, содан кейін – тиісті салаға енгізу, төртінші – коммерцияландыру. Яғни өз әзірлемелерімізді, технологияларымызды іске асыру және сату. Біздің Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы тек іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институт қана емес, онда суперзаманауи жабдықтармен жабдықталған зауыт жұмыс істейді. Медицина, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, экологияға арналған 12 препарат өндіріледі, бізден оны сатып алатындар да бар. Бұрын бізде шетелдік аналогтер болған, қазір біз оларды қазақстандық нарықтан ығыстырдық. Нарықта лайықты орын алу үшін үш фактор болуы керек: өнім сапасы, қолжетімді баға, уақтылы жеткізу. Шетелдік дәрі-дәрмекпен салыстырғанда бізде сапа әлдеқайда жоғары. Бұл туралы мен емес, тұтынушы айтып отыр, – деді академик.
Оның ойынша, кез келген іргелі ғылым ерте ме, кеш пе, өз жемісін беруі керек. Яғни мемлекет жұмсаған ақша ақталуы қажет. Технологиялар, препараттар, өнімдер түрінде нәтижелер болуға тиіс, тиісті салаға енгізілуі керек және соның есебінен еліміздің экономикасы көтерілуі керек. Түптеп келгенде, ғылым біздің экономикамыздың драйверіне айналуға тиіс.