
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мал ұстайтын фермер мен ауыл тұрғындарының жайылым жерлерге қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.
Депутаттар ауыл тұрғындарымен кездесуде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі проблемасы бұрыннан бар екенін атап өтті. Олар 2017 жылы жайылымдардың тапшылығы проблемасын шешу үшін «Жайылымдар туралы» заң қабылданғанын, бұл құжаттың жайылым жерлерді ұтымды пайдалануға және жердің тозу процестерін болғызбауға бағытталғанын айтты.
Бұл заңға сәйкес әрбір аудан әкімдігі аудандық маңызы бар қала, ауыл әкімдерімен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарды әзірлеп, оны жергілікті мәслихатпен бекітуге тиіс. Депутаттар өз тарапынан азаматтардың проблемаларын жүйелі шешу үшін барлық заңнамалық шараны қарастырғанына назар аударды.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, жергілікті жерлерде әкімдіктер жайылымдарды пайдалану мәселелерін реттеу бойынша жұмысты өз деңгейінде атқара алмай отыр. Әкімдіктер жайылымдардың аумақтарын анықтау бойынша жұмысқа кіріспеген.
Депутаттар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да жұмыс тиісті деңгейде жүзеге асырылмағанын, сол жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау, ұтымды пайдалану үшін іздестіру, жобалау жұмыстарын жүргізуі қажет екенін айтып, бұл мәселемен бірде-бір мемлекеттік органның жүйелі түрде айналыспағанын атап өтті.
Түркістан облысының Қазығұрт және Төлеби аудандарының тұрғындары депутат Қайнар Абасовқа жайылымдар мен жер телімдерінің жетіспеушілігі туралы баяндап, бұл мәселенің ауыл арасында түсінбеушілікке жиі әкелетініне тоқталды.
Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылының ақсақалдары «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ балансындағы 15,3 мың гектар аумақ арнайы жер қорына қайтарылуы керек екенін айтты. Талқылауға қатысқан аудан әкімдігінің өкілдері биыл 44 мың гектар жайылымды қайтару жоспарланып отырғанын айтты.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Төлеби ауданының Кавказ ауылдық округіндегі жағдай мүлдем басқаша. 2019 жылы «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне 1 558 га жер берілді. Жайылым алаңы – бар-жоғы 400 гектар. Тұрғындар 1 558 гектар жайылым халықтың қажеті үшін мемлекет меншігіне қайтарылса деген тілегін білдірді. Ауыл тұрғындары ұлттық саябақтың құрамына кіретін жер учаскесіне арналған қаулы мен мемлекеттік актіні жарамсыз деп тануды талап етіп отыр.
Кездесуге қатысқан аудан әкімдігінің өкілдері мен облыстық жер қатынастары бөлімінің мамандары жергілікті тұрғындардың осы тілектері мен талаптарын тыңдады.
«Мемлекет басшысы ауыл айналасындағы жерлер ортақ пайдалануға қайтарылатынын айтты. Бүгін сіздермен мәселенің анық-қанығына жету үшін кездесіп отырмыз. Халықтың талабын орындауда қандай кедергілер бар? Бұл жөнінде жергілікті атқарушы биліктен ақпарат алып, жан-жақты сараптаймын. Ауданның жер қорына қайтарылған аумақтар жеке меншікке ешқашан өтпейді. Ол елге ортақ пайдалануға беріледі. Оған арнайы Жер кодексі мен заң нормалары бар. Түркістан облысына қатысты барлық ұсынысты қабылдауға дайынмын. Талаптарыңызды тиісті министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдаймын. Сіздермен шілде айында қайта кездесуді жоспарлап отырмын», деді депутат Қайнар Абасов.
Сонымен қатар Қарағанды облысына барған депутаттар Шамиль Осин мен Аманғали Бердалин де жайылымдармен қамтамасыз ету жағдайы мен ауыл тұрғындарын толғандыратын бірқатар өзекті мәселені талқылады. Осыған байланысты депутаттар Нұра ауданындағы «Шахтерский» ЖШС ұжымымен, сондай-ақ Осакаров ауданы тұрғындарымен кездесті.
Ал Мәжіліс депутаттары Асқарбек Үйсімбаев, Ерлан Саиров және Мәди Елюбаев Ақмола облысының Зеренді және Шортанды аудандарында жер қатынастары саласындағы жайттарды талқылап, жайылым мәселесін көтерді.
«Жергілікті атқарушы органдар заңға жеткілікті түрде назар аудару керек. Ауыл тұрғындары арасында түсініспеушілік пен наразылықтар туындауына және жер мәселесі бойынша даулардың көбеюіне жол бермеуге тиіспіз. Бұл мәселені тездетіп қолға алмасақ, жер дауы халық арасында бұдан әрі өрши беретіні анық», деді депутат А.Үйсімбаев.