
Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеуінде Донбаста Украинаны демилитаризациялау мақсатында «арнайы әскери операция» басталғанын хабарлады. Осыны желеу өткен Ресей әскері Украинаға үш жағынан – солтүстік, шығыс және оңтүстіктен басып кірді.
Қақтығыстың алғашқы күндері ресейліктер біраз аумақты жаулап алды. Атап айтсақ, солтүстікте Киев маңына дейін келді. Шығыста Харьков маңында кескілескен ұрыс басталды. Оңтүстікте Херсон қаласын иемденді. Сондай-ақ Мариуполь қаласын қоршады. Донбастағы бірнеше шағын елді мекенді бағындырды.
Ресей әскері қанша жерден арындап кіргенімен, сәтсіздікке ұрынғанын айта кеткен жөн. Мариупольді қоршауға алғанымен, оны толықтай бағындыра алмай отыр. Рас, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей президенті Владимир Путинге шаһарды басып алғаны туралы хабарлап қойды. Бірақ іс жүзінде қала көшелерінде, атап айтқанда «Азовсталь» зауыты маңында әлі де кескілескен шайқас жүріп жатыр.
Бастапқыда Ресей әскері танк колоннасымен Киевтің маңындағы Ирпень, Буча кенттеріне келіп жеткен-тұғын. Бірақ кейіннен солтүстік шептегі әскерін әкетуге мәжбүр болды. Кремль билігі мұны Ыстанбұл қаласында өткен келіссөздердің нәтижесі ретінде көрсетті.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, Мәскеудің мұндай қадамға баруына аталған аймақта Ресей сарбаздарының оңбай шығынға ұшырауы әсер еткен. Сондай-ақ ондағы күшті Украинаның оңтүстік бөлігіне салып, ең болмаса Донбасты толық бағындыруды мақсат еткенін алға тартады.
Осы орайда кім қандай шығынға ұшырағанын айта кетсек. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, екі ай ішінде Ресейдің 22 мыңға жуық сарбазы қаза тапқан. Бұдан бөлек, 854 танк, 2 205 броньды көлік, 546 артиллериялық қондырғы қиратылған. 177 ұшақ және 154 тікұшақ, 182 дрон құлатылыпты. Қираған басқа да техникалар жетерлік. Сонымен қатар суға батқан қайықтар, катерлер мен кемелер саны 8-ге жетті. Мұның арасында «Саратов» десанттық кемесі мен Қара теңіз флотының флагманы «Москва» да бар екенін айта кеткен жөн.
Украина тарапынан да отанын қорғап қаза тапқан сарбаздар қатары аз емес. Ел президенті Володимир Зеленский CNN газетіне берген сұхбатында 3 мыңға жуық жауынгердің қаза болғанын жеткізді. Сондай-ақ 10 мыңға жуық әскери қызметкер жарақаттанған. Ресей жағы 23 мыңнан астам украинды жер жастандырғанын айтып отыр.
Соғыс жағдайында тараптардың өз шығынын аз, қарсылас шығынын көп етіп көрсететіні белгілі. Бірақ халықаралық сарапшылар мен Пентагон келтірген мәліметтерге сүйенсек, Украина ұсынған цифрлардың шындыққа анағұрлым жақын екеніне көз жеткізуге болады.
Енді қазіргі жағдайға оралсақ. Кейінгі бірнеше күнде Ресей сарбаздары Украинаның қалаларын зымырандар мен артиллерия арқылы атқылауын күшейтті. Өткен бейсенбіде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаның шығысындағы «әскери операция» жаңа кезеңге өткенін хабарлаған еді. «Басында жариялағанымыздай, бұл Донецк пен Луганск республикаларын толық азат етуге бағытталған. Операция жалғасады. Оның келесі кезеңі басталып жатыр», деді С.Лавров.
BBC агенттігінің хабарлауынша, Украина президенті Володимир Зеленский Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонмен сөйлесіп, әскери көмек жеткізу мәселесін талқылаған. Мемлекет басшыларының бұл мәселені сөз етуі бекер емес. Кейінгі аптада Батыс елдері Украинаға ауыр қару жеткізуге кірісті. Бұған дейін жеңіл қару түрлерін ғана беріп келген мемлекеттер танк, ауыр артиллерия, гаубица секілді техникаларды жеткізе бастады.
Украина президенті Володимир Зеленский Владимир Путиннің Украинаға басып кіруі «басы ғана» екенін, содан кейін Еуропаның басқа елдерін басып алуды жоспарлағанын мәлімдеді. Украина президентінің кеңесшісі Олексий Арестович Ресей күштері Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» металлургиялық зауытына әуеден шабуылдап жатқанын атап өтті.
Таяуда әлеуметтік желілерде Мариуполь қоршауындағы «Азовсталь» металлургиялық зауытында түсірілген видео тарады. Онда әйелдер мен балалардың ішер асы қалмағанын айтып, эвакуациялау керек екенін айтады. Мариуполь қаласы мэрінің көмекшісі сенбі күні жоспарланған азаматтық эвакуация алға жылжымағанын хабарлады. Оның айтуынша, Ресей тарапы жергілікті уақыт бойынша түстен кейін басталуы тиіс эвакуацияға кедергі келтірген.
Ресей әскері Украинаның бірнеше қаласын зымыранмен атқылады. Елдің оңтүстігіндегі Одесса қаласына түскен ракетадан бес адам қаза тауып, он сегіз адам жарақат алды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, зымыранның бірі әскери нысанға, екіншісі тұрғын үйге тиген.
Алдыңгүні Украина қарулы күштері Херсон қаласы маңындағы Ресейдің командалық пунктін артиллериямен атқылағанын мәлімдеген. The Guardian газетінің хабарлауынша, сол жерде болған Украинаның екі генералы қаза тапқан. Тағы біреуі ауыр жараланған көрінеді.
Украинадағы қақтығыс басталғалы бері АҚШ Киевке көмектесу үшін 3,4 млрд доллар бөлді. Қаржылық көмектен басқа, Вашингтон Киевке әскери техника, атап айтқанда, 16 Ми-17 тікұшағын, 700-ден астам Switchblade снарядтарын, 155 мм гаубицаның 90-ын бермек.
Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің 26 сәуірде Мәскеуде В.Путинмен, С.Лавровпен кездесуі жоспарланған. Бұдан кейін 28 сәуірде А.Гутерриш Украинаға барады деп жоспарланған.