
Аталған жоғары оқу орнының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада елордадағы оқу орындарының бітіруші студенттері мен өзге өңірлерден келген жұмыс берушілер де бар. Бәрі де өзіне лайық жұмыс іздейді. Ал университеттің мақсаты – түлекке жұмыс, жұмыс берушіге қызметкер табуға себепкер болу. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Көлік-энергетика» факультетінің деканы Тыныс Сүлейменов: «Осы жәрмеңкеге 40-тан аса жұмыс беруші келді. Үлкен артриумда екі шеңбер болып отыр, жұмыс істеймін деген адамға лайықты жұмысшы іздеген мекеме жеткілікті. Соның ішінде ірі ұйымдардан бөлек, жаңа, заманауи мекемелердің келгені де қуантады. Бастысы, түлектер жұмыс тауып алса деген ниеттеміз. Мысалы, өзім оқытқан сала бойынша бүгін келген Астанаэнергосбыт өкілдеріне барып, «Жылу энергиясы» мамандығымен 110 студент бітіретінін, оларды жұмыспен қамтуға мүмкіндіктің бар-жоғын сұрап едім, бәріне орын табылатынын, маман аса қажет екенін айтып отыр. 4 жыл оқып, мамандық алғаннан кейін сонысын ақтап, жұмысқа орналасып кеткенін қалаймыз», деді.
Жұмыс берушілердің арасында білім беру саласының ұйымдары көп көрінді. Мемлекеттік мектептер де, жекеменшік орта білім беру ұйымдары да, оқу орталықтары да бар. Соның бірі – республикалық физика-математика мектебі. Бұл мектепке физика пәнінің мұғалімі мен зертханада жұмыс істейтін лаборант керек екен. «Жоғары оқу орындарының бітіруші студенттері немесе магистранттары арасынан өзімізге білікті мамандарды таңдап алу мақсатында осы жәрмеңкеге келіп отырмыз. Лаборант физика пәнінен зертханалық жұмыстар жүргізуге көмектесуі керек. Физика мамандығы бойынша бакалавр немесе магистр дәрежесінің болуы талап етіледі. Ал физика пәнінің мұғаліміне педагогикалық мамандықты бітірген болуы шарт. Дипломында педагогика және психология пәндерінің оқығаны көрсетілуі тиіс», дейді республикалық физика-математика мектебінің өкілі Думан Кенжеалин. Мұғалім мен лаборанттың жалақысын сұрағанымызда мектеп өкілі сұхбат кезінде айтылатынын жеткізді.
Біз көбіне шет тілін, соның ішінде ағылшын, қытай тілдерін меңгергендерге жұмыс табуды оңай деп білеміз. Сөйтсек, олай емес екен. Докторантурада білім алып жүрген Қаһар Қайрат ағылшын, қытай тілдерін еркін меңгерсе де жұмыс табу қиын екенін айтады. «Мен «Аймақтану» мамандығы бойынша 3-курс докторантымын. Өз мамандығыма сәйкес жұмыс іздеп жүрмін. Докторантурада оқитындарға биыл стипендияны 170 мың теңгеге көбейтті, бірақ мұндай қаражатқа отбасын асырай алмаймын. Сондықтан сабағыма қосымша әртүрлі орталықтарда ағылшыннан сабақ беріп жүрдім. Бірақ жеке орталықтарда жаздыгүні жұмыс болмай қалады. Сол себепті тұрақты жұмысқа орналассам деймін. Қазір жұмыссыздар, бос орындарға кандидаттар көп. Жұмыс табу екі шет тілін еркін меңгерген менің өзіме қиын. Өйткені көп жер орыс тілін білуді талап етеді. Мен Қытайдан келген қазақпын, орыс тілін оқымағанмын. Ал елшіліктерге жұмысқа таныссыз орналасу тіпті мүмкін емес», дейді Қ.Қайрат.