
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, сауықтыру курсының ұзақтығы – 22 күн. Сауықтыру кешені бір жылдың ішінде 12 ауысым жасайды. 2022 жылдың басынан бері сауықтыру кешенінде Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан 440 бала санаториялық оңалту курсынан өткен. Олардың 63,9%-ында тыныс алу органдарының аурулары және әлсіз иммунитет, 9%-ында анемия бар, ақуыз-энергетикалық жетіспеушілік – 15,4%, артық салмақ – 2,8%, лор мүшелерінің аурулары – 7,9% және басқалары – 0,9%.
«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының бас директоры Баян Файзуллина: «Мемлекет басшысы балаларға ерекше көңіл бөлу керегін атап өтіп, 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Осы жылдың басынан бері Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Бөбек» орталығында жетім балалар, экологиялық қолайсыз аймақтардан шыққан, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 320 бала оңалтудан өтті», деді.
Сауықтыру курсы 019 «Балаларды сауықтыру, оңалту және олардың демалысын ұйымдастыру» мемлекеттік бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Балаларды жергілікті жерлердегі білім беру ұйымдары іріктейді.
Сауықтыру кешенінде балалар денсаулығын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге мектеп бағдарламасына сәйкес оқуын да жалғастырады. Оқудан және емделуден бос уақытта балалар көрікті орындарға, хайуанаттар бағына және т.б. жерлерге барады.
«Менің ұлым 9 жаста, ол анемиямен ауырады. Наурыз айының басында балам сауықтыру курсынан өту үшін Алматыға барды. Ұлым қуанып, көзі жанып оралды. Орталықта балалар үшін қандай жағдай жасалғанын, балалар ол жақта өздерін жақсы сезінгенін үнемі айтып отырды. Орталықта балалар күніне 6 мезгіл тамақтанған. Витаминдер курсын алып, тістерін емдеп, басқа да көптеген емдік процедураны қабылдады», деді сауықтыру курсын қабылдаған баланың ата-анасы.