
Алдымен Президенттің сөзін еске түсірсек, Қ.Тоқаев 2021 жылы 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсіп келе жатқанын, оларға қызмет көрсететін мамандандырылған ұйымдардың жұмысына қатысты нормалардың ескіргенін жеткізді. «Тексеруден өту үшін балалар өз кезегін жарты жыл күтуге мәжбүр. Осыдан кейін оларға жан-жақты кешенді оңалту қажет. Бұл үшін тиісті мекемелер жетіспейді. Сондықтан осы саладағы нормативтерді өңірлердің ерекшеліктерін және қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Комиссия жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету қажет. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын енгізу керек. Бұл үлкен бюджеттік шығындарсыз балаларды осы қызметтермен қамтуды едәуір арттыруға мүмкіндік береді», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жуырда Мәжілістің жалпы отырысында тағы бір маңызды норма қабылданды. Бұл ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) ашу нормативін 60-тан 50 мың балаға дейін өзгерту туралы болып отыр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа норма қандай өзгерістерге әкелетінін айтты. «Қазір 87 ПМПК жұмыс істеп тұрса, енді еліміздің барлық өңірінен қосымша тағы 40-қа жуық ПМПК ашылады. Бұл кезек мәселесін шешуге, балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтауға және сапалы бағалауға септігін тигізеді. Естеріңізге сала кетейін, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Үкіметке осы мәселе бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Балалар жылы аясында өзекті және ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар жаңа бастама іске асырылады», деді министр А.Аймағамбетов.
Оқырмандарға түсінік бере кетейік, ПМПК – дамуында проблемасы бар балаларды оқытудың түрі мен нысанын анықтау кезінде сараптамалық қызмет функциясын атқаратын мемлекеттік мекемелер. Дамуындағы кемшілігі салдарынан білім беру ұйымдарында оқи алмайтын балаларды тексереді. Оның құрамына кеңес беруші мамандар: психоневрологтер, психологтер, логопед-дефектологтер, әлеуметтік педагогтер кіреді.