
Екі өңірде қамту көрсеткіші төмен
Жергілікті атқару органдарының ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы елімізде 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 930-дан аса шатырлы лагерьлерде балалардың 81,3%-ы демалады. 1,5 млн-ға (44,5%) жуық балаға 4 677 жазғы мектеп жанындағы лагерь тамақтандыра отырып балаларға демалыс ұйымдастырса, 256 169 балаға 930 палаткалы, киізүй түріндегі лагерьлер, 181 050 балаға 236 қала сыртындағы лагерьлер жұмыс істейді деп жоспарланған.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, балалардың сауықтыру демалысына ашылатын орындар саны былтырғымен салыстырғанда өскен.
«Жалпы республика бойынша 2021 жылмен салыстырғанда 800 мыңға артық баланың демалысы жоспарланып отыр. 2 млн 564 (80,7%) мыңдай бала 86 966 құрылыс отрядына, орман және көгалдандыру жұмысына, аула клубына, дебаттық қосымша білім орталықтарына тартылады. Жазғы демалысқа ұйымдастырылатын іс-шараларымен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының 61%-ы, айрықша білім беруді қажет ететіндердің 64%-ы және түрлі салада жетістікке жеткен оқушылардың 78%-ы, девиантты (deviatio латын тілінен аударғанда ауытқу деген мағынаны береді, яғни ережеге сай келмейтін мінез-құлықты айтады – А.Ш.) тәрбиедегі балалардың 82%-ы қамтылмақ. Жазғы сауықтыру науқанын қаржыландырудың жалпы көлемі 4,53 млрд теңгені құрайды. Алайда жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, былтырмен салыстырғанда биыл Маңғыстау, Атырау облыстарында оқушылардың демалыспен қамтылу жоспары біршама төмен», дейді Е.Иманғалиев.
Университеттерде де ұйымдастырмақ
Шетелдік тәжірибеде жоғары оқу орындары жанынан да демалыс лагерьлері ашылады. Оның маңызы да жоғары, себебі онда танымдық демалыстар ұйымдастырылады. Айталық Джон Хопкинс университетінде жылына 10 мыңнан аса жоғары сынып оқушылары жазғы демалысын өткізеді. Олар демалыста жүздеген тақырыпты зерделеп, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Осындай лагерьлерден өткендердің ішінен 37 Нобель лауреаты шыққан. Ал бізде қалай?
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы келтірген дерекке қарағанда, республика бойынша 18 өңірлік жоғары білім ұйымдары 1 306 баланы қамти отырып түрлі бағытта лагерьлер ашуды жоспарлап отыр. 7 лагерь жоғарғы білім ұйымдары, 8 лагерь ата-аналар қаражаты есебінен, 1 лагерь кәсіподақ, ал тамақтану ата-ана есебінен ұйымдастырылмақ.
Бірақ осындай пайдалы демалысты ұйымдастыру ісінен қалыс қалып отырған университеттер де бар. Бұлар – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Тараз өңірлік университеті.
Балалар қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік
«Көрсетілген статистика бізде лагерьлер желісінің әлі де жетіспейтінін көрсетеді. Аталған мәселені 2020-2023 жылдарға арналған қала сыртындағы лагерьлер желісін кеңейтудің 5 бағыт, 54 тармақтан тұратын Жол картасы өзгертеді. Соңғы 2 жылда эпидемиялық жағдайға байланысты құрылыс жұмыстары біршама тежелді. Құрылысы мен ашылуы жоспарланған 5 лагерьдің бүгінде екеуінің (Қызылорда облысы) құрылысы аяқталып, жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, Атырау облысындағы үшеуі тоқтап тұр. Әрекетсіз қалғандарды қалпына келтіру бойынша 11 лагерьдің 6 лагерінде (оның 2-і Ақмола облысында, 1-і Қызылорда облысында) мемлекет есебінен, ал үшеуінде (Солтүстік Қазақстан облысында) инвесторлар есебінен жөндеу жұмыстары аяқталды. Осыған қоса 8 лагерьдің жөндеу жұмыстары тоқтап тұр», деді комитет төрағасы.
Е.Иманғалиевтің айтуынша, еліміздегі сауықтыру лагерьлерінің жағдайына сараптама жасалып, тізімі жаңартылған. Жоғарыда аталған Жол картасын іске асыру шеңберінде 2021 жылдың қазан-қараша айларында Қазтуризм ұлттық компаниясымен бірлесе отырып алғаш рет Қазақстанның 17 өңірінде сауықтыру лагерьлері түгенделді. Далалық зерттеу нәтижелері бойынша 202 объектінің тізімі жаңартылды. Нәтижесінде, нысандар инфрақұрылымының ескіргені анықталды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 1937 жылы, Алматы облысында 1941 жылы, Ақмола облысында 1948 жылы іске қосылған нысан жұмыс істейді. 72 ғимарат (35,6%) 1952 жылдан 1990 жылға дейінгі кезеңде, 127 нысан (62,8%) 2000 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңдерде іске қосылған. Түгендеу қорытындысына үңілсек, 75 лагерьде (37,6%) дала әжетханалары, 87 лагерьде (43,1%) санитарлық тораптар қанағаттанарлықсыз, 68 лагерьде (33,7%) жақсы және 47 лагерьде (23,3%) өте жақсы жағдайда. 61 лагерьде (30,1%) бассейн орнатылмаған, 15 ғимараттың материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейді.
«Әрине, жазғы демалыста қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады. Оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында жазғы лагерьлерге қоғамдық мониторинг жасалып отыр. Бала қауіпсіздігін басты қаперде ұстау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны мен арнайы чаттар құрылған. Сондай-ақ жазғы лагерьлерде және балаларды сауықтыру орталықтарында тамақтану мәселесіне санитарлық-эпидемиялық бақылауды қамтамасыз ету де маңызды. Оған қоса балалардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін ата-аналар басты назарда ұстау керек екенін де айта кеткен жөн. 2022 жылдан бастап сауықтыру орталықтарының қолжетімділігі туралы барынша ақпараттандыру мақсатында және түгендеу нәтижесінде bala-demalys.kz «Балаларды сауықтыру лагерьлерінің интерактивті картасы» электронды жүйесі сайты мен мобильдік қосымшасы Android және IOS платформаларында іске қосылды. Аталған карта арқылы кез келген республика азаматы қандай да бір лагерьдің қолжетімділігін (бағдарламасын, бағасын, орналасуын) қарай алады», деді Е.Иманғалиев.