
Осыдан 3 жыл бұрын, анығы бас басылымның 2019 жылғы 17 сәуірдегі нөміріне бас тақырып ретінде «Еңбек» елеусіз қалды» деген тақырыпта проблема көтерген мақала шықты. Біз осы материалымызда мектепте еңбек сабағының жөнді өткізілмейтіні туралы айтқан ата-аналардың арызын жеткізгенбіз. Осыған қоса аталған пәнді технологияның көлеңкесінде қалып қойғаны жайында да жазғанбыз. «Еңбекке баулу сабағына деген салғырттықтың соңы жұмыс іздеуге құлшынбайтын, өз бетінше қарекет қыла алмайтын, жатыпішер жалқау буынды қалыптастырып шығарады. Бұл бізге керек пе?» деп қоғамға, одан қалды жауапты мекемелерге сауал да тастаған едік.
2022 жылғы 17 ақпанда газетімізде «Еңбек» пәнінің ендігі сипаты қандай?» атты материал жарияланды. Мектептерді аралап, еңбек сабағының қалай өтетінінен арнайы репортаж жасадық. Сол репортажымызда орта білім беру ұйымдарындағы бейнелеу өнері (яғни, сурет), сызу сабақтары алынып, оның мазмұны бұрынғы еңбекке баулу пәніне кіріктіріліп көркем еңбекке айналғанын жаздық. Көзбен көрген сабақтан шыққанда: «Сызу ма, сурет пе, әлде еңбек пе?» деген сұрақ туды. Үш пәнді үш бөлек оқыған біздің буын кіріккен, біріккен сабақтың бұл түрін түсіне қоюы екіталай-ау» деп ой түйген едік.
Бірнеше рет көтерілген мәселе енді оң шешімін тапты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева жауапты министрліктің аппарат жиналысында «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлінетінін жеткізді.
«Білім және ғылым министрлігі «2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хат жобасын (ӘНХ) ұсынды. ӘНХ жобасына сәйкес «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлінеді. Нақтырақ айтқанда, 1-4 сыныптарға «Еңбекке баулу», 1-6 сыныптарға «Бейнелеу өнері» пәндері екі бөлек пән ретінде оқытылады», деді М.Тыныбаева.
Бұдан бұрын Білім және ғылым министрі ендігі Асхат Аймағамбетов биылдан бастап «Көркем еңбек» пәнін бұрынғыдай екі түрлі пәнге бөлу жоспарланып отырғанын айтқан еді. Министрдің мәлімдеуінше, 2016 жылға дейін болғандай «Еңбек» және «Бейнелеу өнері» деп бөлінеді.
Ендігі мәселе – бастауыштан басқа сыныптардағы еңбек пәнін де бөлек сағат беріп, технология пәнінен «еншісін» алып беру.
Пәндердің бөлек оқытылуына қатысты және бір жаңалық бар. Мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін 2024 жылдан бастап бөлу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. А.Аймағамбетовтің ойынша, тіл мен әдебиетті оқытатын пәндердің мақсаттары әртүрлі. Одан бөлек қазақ мектептерінде «Әлем әдебиеті» пәнін жеке оқытуға қатысты мәселе бұрыннан көтеріліп келеді. Бұл – дұрыс ұсыныс. Балаларымыз қазақ, орыс әдебиетін ғана емес, әлем әдебиетін де білуі керек.
Тағы бір өзгеріске келсек, ӘНХ жобасына сай бұдан былай «Шет тілі» пәнін оқушылар 3-сыныптан бастап оқиды. «Қазақстандық және халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеулер мен талдау бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді үйрену қиын екенін көрсетті. Бірінші сыныпта баланың тек бір тілді үйренуі, яғни алдымен ана тілінде оқып, жазуды үйренуі өте маңызды», деді М.Тыныбаева.