Медицина • Бүгін, 11:42

Медициналық қызметтердің сапасы төмендеп кеткен - депутат

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев азаматтардың ай сайынғы тұрақты жарналарына қарамастан, медициналық қызметтердің сапасы мен оған қолжетімділік 47%-ға дейін төмендеп кеткенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Медициналық қызметтердің сапасы төмендеп кеткен - депутат

Фото: Ашық дереккөзден

Ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жөнінде сауал жолдап, салаға қатысты қазақстандықтардың наразылығын тудыратын негізгі мәселелерді атады.

«МӘМС пакетіне кіретін қызметтер, оның ішінде дәрігерлік кеңестер,  консультациялық-диагностикалық қызметтер қолдан, жасанды жолмен қиындатылып, тіпті шектеліп жатыр. Бұған азаматтар мен медициналық қауымдастықтардан келіп түскен хабарламалар дәлел бола алады. Атап айтқанда ПЦР, ИФА, КТ және МРТ сынды тексерулерді жасату үшін түрғындар апталап кейде бірнеше ай бойы кезек күтуге мәжбүр. Ал мұндай күрделі диагноздардың нәтижесі 10 күннен артыққа жарамайтыны тағы белгілі. Нәтиже сол, 10 күннен асып кетсе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қорытындыны берген медициналық ұйымға айыппұл салуы да мүмкін. Бұл қаншалықты қисынды болмақ», деді Нұрлан Әуесбаев.

Депутат азаматтарымыздың денсаулығын оңалту кезінде туындайтын бюрократиялық іс-әрекеттерді сынап, консультативтік-диагностикалық қызметтерге қолжетімділікті жүйелі шектеу медициналық қызметтердің сапасының төмендеуіне ықпал ететінін атап айтты. Ол осы мәселелерді оңтайлы шешу үшін біршама ұсынысын жеткізді. 

«Бірінші, «Бүгін және қазір» қағидатына сай қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін көрсетілген қызметтерге негізделген төлемге көшуді қамтамасыз ету. Екінші, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін өтеуді толық және уақтылы қаржыландыру. Үшінші, саланы цифрландыруды және барлық медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды күшейту. Төртінші, егер тағайындалған клиникада тиісті қызмет 10 күнтізбелік күн ішінде көрсетпесе, кешенді медициналық көмек көрсетуді басқа медициналық ұйымға еш кедергісіз ауыстыру. Бесінші, егер пациент мемлекеттік клиникада қызмет ала алмаған жағдайда жеке клиникада емделуге жіберу мүмкіндігін қарастыру және осы пациентке Міндетті медициналық сақтандыру қорынан шығынды өтеу мүмкіндігін жүйелеуді қарастыру», деді депутат.