Аймақтар • 19 Тамыз, 2022

Ашық аспан астындағы музей ашылады

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Келешекте Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі маңында ашық аспан астындағы музей ашылып, Ескелді шатқалына келушілер Пушкин мен Толстойдың мұражай-үйлері тәріздес ерекше мәдениет үлгісін тамашалауы мүмкін. Ғұлама атындағы қордың мүшелері Екібастұз қаласының жұртшылығымен кездесу өткізген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа осындай ұсыныс жасады.

Ашық аспан астындағы музей ашылады

Екібастұзға келген министр халықпен кездесіп, емін-еркін жағдайда әңгіме құр­ды. Дәурен Әскербекұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың легіне тоқ­­талып, саладағы жаңашылдықтарды атады.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірлерді аралап, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ортақ мәселелердің шешімін табуды мақсат етудеміз. Елімізде мәдениет пен өнер саласына  ерекше көңіл бөлінуде. Биыл осы салада министрліктің бастамасымен көптеген ірі жоба қолға алынып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мәдениет саласының және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға, ал өңірлік қызметкерлердің жалақысы 35%-ға өсті. Сондай-ақ 2025 жылға дейін сала мамандарының еңбекақысы  2025 жылға дейін әр жыл сайын 20%-ға өсіп отырады. Бұдан бөлек еліміздегі «Ұлттық» мәртебеге ие мәдениет мекемелеріндегі қызметкерлердің айлығы 75%-ға дейін артты, – деді Д.Абаев.

Ведомство басшысы сондай-ақ биыл ақын-жазушылар мен баспагерлерді мемлекет тарапынан қолдау мақсатында тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сый­лығы тағайындалғанын тілге тиек етті.

– Жас жазушылар мен ақындарға арналған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалды. Әр жеңімпазға 5 миллион теңгеден беріледі. Сыйлықтағы жаңашыл бағыт ретінде «Үздік комикс» аталымын айрықша атап өтуге болады. Қазіргі балдырғандар батыс­тан үздіксіз ағылып келіп жатқан мультхикаяларды көреді. Ол тілімізге, ұлттық ділімізге кері әсерін тигізуде. Сол себепті өзіміздің ұлттық комиксты дамытуға тиіспіз. Бұдан басқа «Жаңа қазақ әдебиеті» атты тағы бір жаңа жобаны қолға алдық. Ол бойынша жас авторлардың кітаптары үш мың таралыммен басылып шығарылады. Бұл жас ұрпақтың жаңаша ойлау жүйесін дамытуға, олардың шығармашылық көзқарасы мен инновациялық идеяларын қолдауға сеп болмақ. Тағы бір жағымды жаңалық – жақында өнер және мәдениет қызметкерлерінің шы­ғармашылық жетістіктерін қолдау мақ­сатында «Ұмай» ұлттық сыйлығын жариялайтын боламыз. Жалпы жүлде қоры –  54 миллион теңге, – деп баяндады министр.

Кездесуде екібастұздық тұрғындар спорт саласындағы мәселелерді көтерді. Министрге жаттықтырушылардың өзіне тиесілі сағаттан артық еңбек етуі, мүмкіндігі шектеулі бапкерлерге жұмыс жағдайын жасау және спорттық медицинаға арналған нормативтерді әзірлеу туралы сұрақтар қойылды. Өңірлік дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің басшысы Назигүл Ахмадиеваның айтуынша, аталған ме­кемеде спорттық медицинаның нор­мативті-құқықтық базасы, спортшыларды медициналық тексерудің стандарттары, бекітілген аурулар тізбесі жоқ екен. Диспансердің өзі үзбей 18 жыл қызмет көрсетіп келеді.

Бұл мәселені Дәурен Абаев назарына алатынын айтты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәшһүр Жүсіп» қорының кеңесшісі Жұмағали Қоғабай Ес­кел­­дідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне жақын маңда кезінде ғұлама тұрған үй орналасқанын,  ол жерге ашық аспан астындағы мұражай ашу жөнінде ұсынысын жеткізді. Қордың күшімен Мәшһүр Жүсіп тұрған үйдің айналасы абаттандырылған. Әулие атанған тұлғаның 165 жылдық мерейтойы да жақындап қалды. Осы ретте аталған мекенде ерекше рухани орталық құрылып, ол Пушкин мен Толстойдың ашық аспан астындағы музейлері сынды болса деген тілек бар.

Дәурен Абаев бұл ұсынысты да қолдай­тынын жеткізді. Ғұлама кесене­сінде осыдан бірер жыл бұрын арнайы болғанын, бұл жолғы сапарында да ат басын бұратынын мәлімдеді. Соның қорытындысында қандай көмек көрсетуге болатынын анықтаймын деп уәде етті.

Кездесу соңынан министр өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы