
Қазынадан миллиондаған қаржы бөлініп жарыққа шыққан көркем туындылар көрерменге жетпейді, сол фильмді түсіруге қатысқан ондаған, жүздеген адамның еңбегі еш болып, студияның сөрелері мен суырмаларында шаң басып жататынын кино билігіндегі басшылар да жақсы біледі. Кинопрокат жүйесіндегі күрделі ахуалдың шешілетініне үміт артып келе жатқанымен, бәрі бекер, бұл кереғарлықты бізге ешкім түсіндіріп бере алмайды. Күн өткен сайын кері кетіп бара жатқан мәселенің күрмеуін шешуге келгенде іс басына келген қай басшы да қауқарсыз болып шығады.
Басқа топырақтағы бәйгеде бағы озып, өз елінде сорлап отырған Қазақстан киносының басындағы осы жайтты ашына баяндаған продюсер, режиссер Азизжан Заиров Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың атына ашық хат жолдап, өз көркем туындысының тағдырына араласқанын күтіп отыр. Себебі он жылдан аса уақыт әлеуметтік фильм түсірумен айналысып келе жатқан Азизжан Ханзатұлы «Болу әлде бордай тозу», «Қыз бен теңіз» атты фильмдерімен шартарапты аты шарлап, халықаралық кинофестивальдердің 20 шақты жүлдесі мен марапатын жеңіп алғанымен, «Шексіз мүмкіндіктер» трилогиясының соңғы тарауын таныстыратын алаң таба алмай, тосқауылға тап болған. Бұған дейін «Шексіз мүмкіндіктер» атты ортақ атаумен Сан-Франциско, Лондон көрермендеріне Қазақ елінің әлеуметтік фильмдерін таныстырып қайтқан Азизжанның соңғы түсірген фильмі «Анашым, мен тірімін!» деп аталады. Еріктілер мен әлеуметтік жауапкершілігі жетілген азаматтардың арқасында Алматы мен елордада қоғамдық пікірдің серкелері, шығармашылық саласының өкілдері қатысып, нақты айтқанда, екі қалада сегіз рет жабық көрсетілім ұйымдастырылып, олар фильмнің ізігілікке толы мазмұнын жоғары бағалаған болатын.
Алайда ірі кинотеатрлар желісінің дистрибьюторлары «Анашым, мен тірімін!» фильмін прокатқа қабылдаудан бас тартып отыр. Себебі белгілі – фильм коммерциялық мүддеден тысқары тұр, яғни көрермен тартпайды, табыс әкелмейді. Түсірілімі аяқталып, өндірістік сараптамадан өткен дайын фильмді прокатқа қабылдамас үшін бүкіл дәлелін алға тартып отырған дистрибьюторлармен айтысып-тартысқаннан бұл күнде продюсердің өзі де шаршаған. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығы түсірген фильмдерді кинотеатрларда көрсету жүйесінде кемшіліктің бар екені бүгін белгілі болып отырған жаңалық емес, алайда Азизжан Заиров кинодағы бұл кілтипанды өз мысалымен тарқатып айтып берді.
Азизжан Заиров фильмнің продюсері ретінде Ұлттық кино орталығының дистрибьютор бөлімшесіне хабарласып көмек сұрайды. Алайда олар Орталықтың коммерциялық емес киноны қолдайтын мемлекеттік бағдарлама әзірлеп жатқанын, бірақ көмек тек «ұлттық» мәртебесі бар фильмдерге ғана көрсетілетінін айтады. Ал ұлттық киноның мәртебесін алу үшін белгілі бір талаптар орындалып, прокатшылармен келісімшарт жасалуы керек. Тек «ұлттық» мәртебесі бар фильм ғана мемлекет қолдауына ие бола алады. Осылайша, өз елінің заңын сыйлайтын азамат ретінде Азизжан тәртіпке томпақ келетін әрекет жасай алмағандықтан фильмінің тұсаукесерін де жасай алмай, прокатқа да шығара алмай қиналып отырған жайы бар. Халықтың ақшасына түсірілген ауқымды жұмыс аяқасты болып, аумалы-төкпелі шақта көрерменнің бір рухани сұранысын өтеуге пайдасы болады деп үміттенген дүниесі өзінен басқа ешкімге керек болмай қала ма деп қауіптенеді.
А.Заировтың мемлекет қаржысына түсіріп, зар қағып жарыққа шығара алмай отырған «Анашым, мен тірімін!» фильмі халықаралық Канн фестивалінің іріктеу сынынан өтіп, әйгілі қалада қазанның 13-інде әлемдік премьерасы жоспарланып та қойған. Франциядан орала сала, Қазақстанның бірқатар ірі қалаларында да фильмді таныстыру көзделген. Қиын балалармен жұмыс істейтін ювенальды полиция «Бұл фильмді міндетті түрде барлық балалар үйі мен біздің орталықта тіркелген тәртібі қиын балаларға әкеліп көрсету керек» деп кеңес те беріп кеткен көрінеді. Режиссердің өз идеясын іске асыру жолындағы күресі, жарыққа алып шығудағы жанталасы, еңбегі, бәрі де бағалауға тұрарлық, бірақ басты мақсат – туындының көрерменге жеткені. Алайда тек Заиров қана емес, Қазақстан режиссерлерінің дені жаңа туындыларын көрерменге жеткізе алмайды. Себеп – біреу, прокаттың алдында қай-қайсысы да дәрменсіз.
Ал прокат дейтін қылкөпірден өте алмай, пұшайман хал кешіп отырған «Анашым, мен тірімін!» фильмі қандай тақырыпты толғайды? Көркем фильм түнімен шала ұйықтап, таң бозынан тұратын, кеселге ұшыраған баласының қас-қабағын бағып, көңіл күйіне демеу болатын, өзі қалжырап-қажыса да, қабақ шытуды білмейтін барлық жанкешті анаға, әсіресе жастайынан қатерлі дерттің қақпанына түскен, сал ауруына душар болып мүмкіндігі шектеліп, арбаға таңылған ерекше балалардың үлкен жүректі қайсар аналарына арналған. Ендеше, жаны күйзеліп тұрса да, жан баласына мұңын шақпай, психологиялық ауыр жүкті қайыспай көтеріп жүрген жалғызбасты ананың ерлігін жырлаған фильмге Қазақстан кинопрокаты неге жауыға қарайды? «Иә, туа салып онкологиялық дертке шалдығып, буын-сүйегі қатып үлгермеген балғын денесі химиялық дәріге уланып, балалық шағын аурухана төсегіне айырбастаған балаларды бағып отырған ана ерлігі туралы фильм жыртаң-жыртаң күлкіге құрылған коммерциялық фильмдер сияқты орып, қырып, орасан табыс табуды көздемейді, алайда мыңдаған анаға жігер беріп, үміт сыйлайтын күші бар еді, осыны ойласа нетті?» дейді А.Заиров. «Анашым, мен тірімін!» фильмі барлық анаға арналған кинематография үндеуі және балалар онкологиясы мен балалар үйі тәрбиеленушілерінің әлеуметтік бейімделуі мәселесін өткір көтерген мазмұны терең туынды.
А.Заировтың өзі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне сырттай қанық адамдардың қатарынан емес. Себебі өзі де балалар үйінде тәрбиеленген, тағдырдың ауыр сынағына ұшырап, Іекінші топ мүгедектігін алған адам. Өз басына түскен қатал сынақтардан сынып кетпей, үздіксіз ізденіп, шығармашылықпен шұғылдануды өз өмірінің мәніне айналдырған ол, бір адамға болса да ой салып, жар шетінде дағдарып тұрған әлемдегі ең бақытсыз адамның дұрыс таңдау жасауына септігі тисе деген мақсатпен осы жобасын іске асырған-ды.
Продюсерге қолдау білдіріп баспасөз жиынына келген жақтастары жоба прокат жағынан тиімсіз болып табылса, онда Үкімет қазақ киносының жанды жері болып соқтасы жарылғалы тұрған бұл мәселенің басқа да қырларын қарастырып, қалай да көрерменге жеткізу жолдарын табуы керек деп отыр. Егер мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмаса, А.Заиров еріктілердің көмегіне жүгініп, тығырықтан шығудың жолын өзі тауып көрмек.
Фильм режиссері ретінде тілшілерге арманын айта келген режиссер Мұхамед Мамырбеков те коммерциялық фильмдерді, әсіресе комедиялық жанрдағы фильмдерді өнер емес, бір күндік фаст-фуд дүние деп есептейді. «Адамды күн сайын фаст-фудпен қоректендіре берсе, нәтижесі не болатыны белгілі. Авторлық, әлеуметтік, коммерциялық емес кино – ұлт байлығы. «Шетелдерде авторлық, әлеуметтік фильмдерді көрсететін арнайы кинотеатрлар бар. Ал Алматыдағы жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік «Кино үйі» мүлде жұмыс істемейді. Ол сонда кімге қызмет көрсетіп отыр? Ол үйде шетелдің салмақты сыйлықтарын шетінен тізіп тұрып әкелген Дәрежан Өмірбаевтың, Фархад Шариповтың фильмдері неге көрсетілмейді? Өз контенті қалыптасқан, өз тұтынушысы бар қарапайым интеллектуал режиссерлердің құқығы мен сұранысы неге тапталады? Көрерменнің мәдени интеллектуалды деңгейін көтеру үшін неге әрекет жасамасқа? Францияда көрерменге француз киносын көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Солар секілді көрерменнің деңгейін тәрбиелеу үшін нақты қадамдар неге жасалмайды?» дейді Мұхамед Мамырбеков.
Сайып келгенде, «Анашым, мен тірімін!» фильмінің авторлары көмек пен қолдауға зәру. Әділетті Қазақстан құру мақсатына жұмылдырған Жолдауында Президенттің қоғамдағы әр азаматтың әділеттілік жолында ашық бәсеке мен бірдей мүмкіндікті пайдалану туралы баса айтқанын фильм авторлары өз талабында орынды ескертіп отыр. Сондықтан болар, ересен еңбектің арқасында дүниеге келген ерекше фильм мүгедек жандарды әлеуметтендіру ісінде кәдеге жарап, бірдей мүмкіндікке ие инклюзив ел құруға жәрдемі тиетініне сенімі мол.
АЛМАТЫ