
Отандық футбол тарихындағы ең үздік шабуылшылардың бірі болған Сергей Квочкинді еске түсіруге арналған XXI турда топ басындағы командаларға қарағанда, аутсайдерлердің айы оңынан туды. Тур өткен сайын тықыр таянып, чемпионаттағы орнын сақтап қалуға тырысып жатқан «Ақжайық», «Мақтаарал» секілді командалар бұл жолы қоржындарын маңызды үш ұпаймен толықтырып, келесі жылы да жоғары топта өнер көрсетуге үмітті екендіктерін байқатты.
Ең кейінгі рет шілдеде жеңіліп, соңғы үш айда ұпайдан шашау шығармаған «Ақтөбе» 21-турға келгенде сүрінді. Оралда жергілікті «Ақжайық» клубымен кездескен Андрей Карпович шәкірттері 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Алаң иелері 90-минутқа дейін қонақтар қақпасына жауапсыз үш гол соғып, матчты ірі есеппен аяқтауға жақын еді. Алайда 90-минутта Жерар Гоу гол соғып, есеп айырмасын бір голға қысқартты.
Осы турдың тағы бір сенсациясын «Мақтаарал» жасады. Тараз қаласына қонаққа барған Түркістан облысының клубы осыдан бірер ай бұрын чемпионатта көш бастаған «Таразды» бір доп айырмасымен жеңіп кетті. Ойындағы жалғыз голды 35-минутта Жан Али Пайруз соқты. Осылайша, турнир кестесінде соңғы орында тұрған «Мақтаарал» маңызды үш ұпайына қол жеткізіп, ұпай санын 18-ге жеткізді.
Григорий Бабаянның «Астанаға» қайта оралуы әзірге жанкүйерлерді де, команда басшылығын да қуанта қойған жоқ. Өткен турда өз алаңында «Тобылдан» жеңілген (1:2) елордалықтар бұл турда «Тұранмен» ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Түркістанда өткен тартысты кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. «Тұран» сапынан Бақдәулет Зұлфықаров пен Артем Гуренко гол соқса, елордалықтардан Абат Айымбетов пен Марин Томасов мергендік танытты. Бірінші таймның 42-минутында «Астананың» жартылай қорғаушысы Педро Эудженио пенальтиден гол соға алмады. Түркістаннан бір ұпаймен елордаға қайтқан «Астана» «Ақтөбемен» арадағы ұпай санын небәрі біреуге ғана қысқарта алды.
Турнир кестесінде алғашқы екі орында келе жатқан командалардың ұпайдан шашау шығарғанын үшінші орындағы «Тобыл» тиімді пайдаланып кетті. Өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдаған қостанайлықтар 3:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Ұпай санын 38-ге жеткізіп, «Астанамен» теңескен былтырғы ел біріншілігінің жеңімпаздары чемпиондық таласқа қайта қосылды. Матчтың есебін «Тобылдың» капитаны Серікжан Мұжықов ашқанымен, Стефан Букорац үзіліске дейін таразы басын теңестірді. Матч соңына қарай Душан Йованчич 11 метрлік айып соққысын дәл орындаса, кейіннен Серж Дебле кездесудің нүктесін қойды.
Сондай-ақ жүлделі орындарға талас жүргізіп жатқан «Қайрат» пен «Ордабасы» да кезекті үш ұпайларына қол жеткізді. Алматылықтар сырт алаңда «Қызылжар» клубымен кездесіп, соңғы минутта жеңісті жұлып алды. Бірінші таймда Жоао Пауло алматылықтарды алға шығарғанымен, үзіліске дейін Эльгуджа Лобжанидзе таразы басын теңестірді. Екінші таймның қосымша уақытында Вячеслав Швырев гол соғып, қонақтарға жеңіс сыйлады.
Ал «Ордабасы» өз алаңында «Атырауды» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Голдарды 38-минутта Әділхан Добай мен 90+5 минутта Одилбек Обдимажитов соқты. 21-турдан кейін «Қайрат» 33 ұпаймен төртінші, «Ордабасы» 32 ұпаймен бесінші сатыға жайғасты.
Ақтаудағы «Каспий» мен «Ақсу» арасындағы матч алаң иелерінің пайдасына аяқталды – 1:0. Шешуші голды 41-минутта бразилиялық легионер Руан Телеш соқты. Осы жеңісінің арқасында «Каспий» 29 ұпай жинап, 7-орынға көтерілді. «Ақсу» бір саты төмендеп, 9-орынға тұрақтады.
Келесі турдың матчтары алдағы сенбі, жексенбі күндеріне жоспарланған. Яғни 8 қазан күні «Ақтөбе» – «Каспий» және «Ақсу» – «Тобыл» командалары ойнаса, 9 қазан жексенбі күні «Тараз» – «Қызылжар», «Астана» – «Ордабасы», «Атырау» – «Қайрат», «Мақтаарал» – «Ақжайық», «Шахтер» – «Тұран» командалары жасыл алаңда кездеседі.
Турнир кестесі
№ |
К???луб |
Ойын |
Жеңіс |
Тең |
Жеңіліс |
Доп айырмасы |
Ұпай |
1 |
«Ақтөбе» |
21 |
13 |
3 |
5 |
30-22 |
42 |
2 |
«Астана» |
21 |
11 |
5 |
5 |
45-21 |
38 |
3 |
«Тобыл» |
21 |
11 |
5 |
5 |
39-27 |
38 |
4 |
«Қайрат» |
21 |
9 |
6 |
6 |
27-27 |
33 |
5 |
«Ордабасы» |
21 |
10 |
2 |
9 |
31-29 |
32 |
6 |
«Шахтер» |
21 |
9 |
3 |
9 |
30-27 |
30 |
7 |
«Каспий» |
21 |
9 |
2 |
10 |
22-29 |
29 |
8 |
«Атырау» |
21 |
7 |
7 |
7 |
24-25 |
28 |
9 |
«Ақсу» |
21 |
8 |
2 |
11 |
24-32 |
26 |
10 |
«Тараз» |
21 |
6 |
7 |
8 |
24-23 |
25 |
11 |
«Тұран» |
20 |
5 |
8 |
7 |
19-25 |
23 |
12 |
«Қызылжар» |
21 |
5 |
7 |
9 |
24-26 |
22 |
13 |
«Ақжайық» |
20 |
6 |
3 |
11 |
15-24 |
21 |
14 |
«Мақтаарал» |
21 |
4 |
6 |
11 |
18-35 |
18 |