
Қазандағы «Татнефть Арена» мұз сарайында жеті мыңға жуық жанкүйердің қатысуымен өткен ойында елордалықтар матч тағдырын небәрі екінші кезеңнің өзінде шешіп тастады. Бірінші кезеңнің 18-минутында «Барыс» сапынан қазақстандық қорғаушы Самат Данияр мергендігімен көзге түсіп, осы маусымдағы алғашқы голын соқты. Үзілістен кейін айдын иелері сан басымдығын пайдаланып, 22-минутта таразы басын теңестірді. Голдың авторы – Кирилл Петров. Дегенмен жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Арада бес минут өткенде Әділ Бекетаев нысананы дәл көздеп, ойындағы және өзінің осы маусымдағы екінші шайбасын соқты.
Кейіннен 32-минутта «Барыстың» канадалық шабуылшысы Линден Вей сан басымдығын жүзеге асырып, таблодағы көрсеткішті 1:3-ке жеткізді. Екінші кезеңнің аяқталуына төрт минут қалғанда Артём Галимов есеп айырмасын қысқартқанымен, қалған уақытта «Барыс» есептегі басымдығын сақтап қалды – 2:3. Мұның алдында жерлестеріміз Нижний Новгородта «Торпедодан» 3:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. 17 ұпаймен «Шығыс» конференциясында алтыншы тұрған «Барыс» алдағы бес ойынды енді елордада өткізеді. Ертең Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубын қабылдайды.