
Кезінде күрес түрлерімен кәсіби түрде айналысып, талай додада томағасы сыпырылған ардагер балуандардың тартысты күресі спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің көңілінен шықты деуге болады. Өйткені бозкілеммен қоштасса да, бұрынғы балуандар әлі де бабында екен.
Қара теңіз жағалауында өткен қара күш иелерінің белдесуінде қазақстандық балуандардың бірқатары тұғыр биігінен көрінді. Атап айтар болсақ, грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсеткен шымкенттік балуан Жолдыбай Тоқбаев әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, Болгарияда Әнұранымызды шырқатты. 62 кило салмақта белдескен отандасымыз ер жігітке тән жігер көрсетіп, чемпионаттағы көздеген мақсатына жетті.
«Биылғы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, нағыз спорттық бабымда бардым. Біріншілікке дейін «осы балуанмен белдесіп қалам-ау» деп әр қарсыласыма жеке-жеке тактика құрып, дайындалдым. Міне, тынымсыз еңбектің арқасында осындай жеңіске жетіп отырмын. Финалда ардагерлер арасындағы былтырғы әлем чемпионатының жеңімпазы мысырлық балуанды бір ұпай айырмашылығымен тізе бүктіріп, алтын жүлдеге қол жеткіздім», дейді Ж.Тоқбаев.