Аймақтар • 18 Қазан, 2022

Имандылық ұйытқысы

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өз заманында иман­дылықты насихатта­ған Исабек ишанның есімі күллі мұсылман жұртына мәшһүр. Ақ­көл-Жайылмадағы хазі­реттің кесенесіне тәу етіп келетіндердің уақыт санап көбейіп келе жатқанын ескер­ген жергілікті кәсіп­кер­лер демеушілік етіп, мазар жанынан заманға сай қонақүй тұрғызды.

Имандылық ұйытқысы

«Исабек ишан хазірет» мазар кешені – Павлодар об­лысындағы киелі жерлер картасына енген 43 нысанның бірі. Келушілердің ыңғайлы орналасуы үшін кесенеге жа­қын маңнан 24 төсектік орын­ды заманауи қонақүй салынды. «Исабек ишан хазі­рет» қоры қамқоршылар ке­ңе­сі­нің мүшесі Манат Ал­ғам­­ба­ровтың айтуынша, ғи­ма­ратта 8 бөлме және ағарту­шы­ның қолжазбалары қойыл­ған музей бар. Жоба демеуші­лер қа­­ра­­­жа­ты есебінен жүзеге асы­­рылды.

Исабек ишан хазірет (1792-1871 жылдары өмір сүр­ген) – дін қызметкері, Ихсан ілімін алғаш таратушылар­дың ­ұр­па­ғы, Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының тәлімгері. Діни тұлға ел арасында қасиетімен ерек­шеленіп, көріпкел, терең бі­лімді ғалым болған. Есейе келе әкесі Мұрат Ишан аш­қан медреседе діни оқу оқып, жиырма жасынан кейін білі­мін Бұхара медресесінде же­тілдіріп келген. Ишан деген діни атаққа небәрі он төрт жасында ие болған деседі. Отыз­дан асқан шағында қазіргі Ақкөл-Жайылма өңіріне қо­ныс аударып, өмірінің соңына дейін осы жерді мекен еткен. Оның шапағатымен Баянауыл өңірінен ондаған адам ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Меккеге қажылыққа барған. Исабек ишанға әулие деген атақты халық берген. Себебі талай адамды басы­на түскен қасіретінен айық­тырып, сырқаттарын емдеген екен.

Қазіргі Екібастұз қаласы­на қарасты Ақкөл-Жайылма өңі­рінде медресе ашып, мешіт салған. Заманында Исабек ишанның шарапатын көрмеген адам кемде-кем болыпты. «Тон болған тоң­дырмайтын жалаңашқа, ас болған таусылмайтын қарны ашқа» дейді бұл жайында әулие Мәшһүр Жүсіп.

Қасиет иесі 1871 жылы өмір­ден өтіп, Қылдыкөлдің ете­гінде жерленеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Исабектей ишан жоқ бұл Арқада» деп бағалап, ишан дүниеден озғанда 85 шумақ, 340 жолдан тұратын жоқтау өлең жазған.

р

Хазірет жерленген қо­рымды жергілікті халық «Атам зираты» деп атап кет­кен. Онда күні бүгінге дейін дү­ниеден өткен қожа тұқым­дары жерленді. Исабек ишан, інісі Мұхамеднияз, баласы Нұрмұхамед жатыр. Ақкөл-Жайылма өңіріне танымал Сол­тан, Әшім қожалар да осында мәңгілік тыныштық тапқан. 1996 жылы көз жұм­ған Жандарбек қожаның бейі­ті де осында. Атам зиратын қо­жа­лар әулеті жергілікті халық­тың көмегімен күтімде ұстап келеді. 2011 жылы кесене жаңғыртылды. Кейін мұнда электр жарығы тартылып, шырақшы үйі салынды.

Қонақүйдің ашылу салтанатынан соң хазірет рухына дұға бағышталып, ас берілді.

о

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы,

Ақкөл-Жайылма