
«Мірдің оғы» алғаш рет 2019 жылы Арқалық қаласында тұсауын кескен. Бүгінде ауқымы кеңейіп, фестивальға қатысушылардың саны да едәуір көбейген. Тобыл төрінде екі күнге жалғасқан сатира фестивалінде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстарының әзіл сықақ театрлары өнер көрсетті.
Байқауға белгілі сатирик, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, Қазақстанның мәдениет қайраткері Асылбек Боранбай, жазушы-сатирик, «Екі езу» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан сынды майталман өнерпаздар қазылық етті.
Сықақ театры байқауының ашылу рәсімінде құттықтау сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жылма-жыл фестивальдің ауқымы кеңейіп, форматы түрленіп келе жатқанын тілге тиек етті.
– Сейіт ағамыздың бізге қалдырған мұрасы өте көп. Өнер фестивалін қаламгердің сатира жанрында қалдырып кеткен мұраларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан үш жылдан бері қолымыздан келгенше осындай фестиваль ұйымдастырып жатырмыз. Жыл өткен сайын оның ауқымын да кеңейте бермекпіз. Бүгінгі фестивальге еліміздің әр өңірінен өнерпаздар келіп жатыр. Олар қазіргі қоғамдағы келеңсіз жағдайларды күлкі арқылы әжуалап, астарлы ой айтып, жақсы өнер көрсетеді деп сенемін, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Байқаудың алғашқы күні театр ұжымдары Сейіт Кенжеахметұлының «Мың мұң», «Әр дәуірдің әңгімесі», «Чернышевский», «Айтылмайтын әңгіме», «Деген екен», «Той», «Айсамен әңгіме», «Кешірілмейтін күнә», «Әке тәрбиесі», «Шындық қалай шықты?» сияқты туындыларын сахнаға алып шықты.
Байқау барысында сатира сардары Сейіт Кенжеахметов туралы жылы естеліктер ақтарылып, шараны ұйымдастырған облыстық мәдениет басқармасының тарапына да алғыс-ризашылық сөздер айтылды.
– Бүгінгі кеш өте жоғары деңгейде өтті. Байқауды ұйымдастырған облыс әкімдігінің мәдениет басқармасына әділқазы-лардың, қатысушылардың және ұрпақтары атынан шын ризашылығымызды білдіреміз. Бұл фестиваль жыл сайын өтуге тиіс деп есептеймін. Өйткені Сейіт ағамыздың өзі кезінде қазақ сатирасының дамуына зор үлес қосқан кісі. Ол кісі Оспанхан Әубәкіров, Берқайыр Аманшин, Шота Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин сияқты халқымыздың әзіл-сықақ сойылын соққан танымал тұлғаларымыздың бірегейі. «Тамаша» ойын-сауық отауында басшылық қызмет істеп жүргенде мен бұл кісімен көп араластым. Ағамыздың адамгершілігі, адами қасиеті, биік парасатын үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін қасиетіне тәнті болғанмын. Сейіт аға «Тамашаның» тұрақты авторларының бірі еді. Талай шығармасын сахналадық. Оның өлмес мұрасын кейінгі буын өкілдері де кеңінен насихаттай береріне кәміл сенемін, – деді «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбай.
Қазылар алқасының ортақ ұйғарымымен «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары бақауының бас жүлдесіне Ақтөбе облысынан келген «Түйреуіш» әзіл-сықақ театры лайық деп танылды. Бірінші орынды Түркістан облысының Келес ауданынан келген «Күлкі терапиясы» театры иеленді. Жүлделі екінші орынды Жаңаөзен қаласынан келген «Бозжыра» театрының ұжымы еншіледі. Ал Атырау облысынан келген «Ара» әзіл-сықақ театры үшінші орынды қанағат тұтты.
Биыл тұңғыш рет тағайындалып отырған Ғұмар Ахметчин атындағы арнайы сыйлыққа Жамбыл облысы, Талас ауданынан келген халық театрының ұжымы ие болды. Сондай-ақ Алтынсарин ауданының өнерпазы Біржан Жүзбайға «Көрермен көзайымы» арнайы жүлдесі табыс етілді. Фестивальға ат салысқан өнерпаздардың ешқайсысы құр қол қайтқан жоқ. Қатысушылардың бәріне облыс басшылығының атынан алғыс хат, ескерткіш сыйлық және 100 мың теңгеден қаржылай кәде берілді.
Қостанай облысы