
Биыл сегізінші мәрте өтіп отырған жобаның мақсаты – түрлі этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушылары мемлекеттік тілді меңгеру арқылы ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға үлес қосу.
Салтанатты шараның ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі биылғы жобаның мәні де, маңызы да бөлек екенін ерекше атап өті.
– Ел Президенті биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік тіліміздің өсіп-өркендеп, білім, ғылым, мәдениет және іскерліктің тіліне айналып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қазақ тілінің тек мемлекеттік емес, халықаралық тілге айналуын баса айтқан болатын. Біз бүгін соның куәсі болып отырмыз. Шын мәнінде, тіл – ұлтты ұйыстыратын фактордың бірі. Бүгін мемлекеттік тілді білуге ұмтылған жастарды көріп, қуанып отырмыз. Өйткені тіл арқылы біздің тілегіміз де, жүрегіміз де бір. Ел бірлігі тіл бірлігінен бастау алады. Кейінгі жылдары еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге үлкен құлшыныс танытып жүргені – соның айғағы. Сондықтан министрлік өз тарапынан бірқатар жобаны қолға алды. Соның бірі Tik-Tok сынды әлемге әйгілі компанияның менеджерімен кездесіп, әлеуметтік желіде қазақша контенттің әлеуетін арттыруды көздеген жобаны айтуға болады, – деді министр.
Одан кейін сөз алған Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов «Мың бала» жобасының бүгінде үлкен қозғалысқа айналғанын айта келіп, осы сегіз жыл ішіндегі барлық жеңімпаздың басын қосып, жұртшылықпен тағы бір жүздестірсек деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты, қаламгер Сауытбек Абдрахманов қазақ үшін тілден артық байлық, тілден артық құдірет, тілден артық қазына жоқ екеніне маңыз берді. «Біздің халқымыз өнердің барлық түрінен сөз өнерін биік көрді. Кеше ғана салтанатты ұлықтау рәсімінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді айғақтайды», деді. Осы үш ұғымның бірегейі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді ардақтап, осы елге, жерге деген құрметін білдірген жастарға біз шын разылықпен алғысымызды айтамыз» десе, Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева да мемлекеттік тіл туралы парасатты ой өрбітіп, қатысушыларға ізгі лебізін білдірді.
Сонымен жоба аясындағы «Өнерлі өрге жүзер», «Өнер алды қызыл тіл», «Жарқыра жас дарын!» атты байқаулар бойынша мемлекеттік тілде ән салып, жыр оқып, домбырамен күй төккен өрендер арасынан жеңімпаздар анықталып, олар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетейік, 2015-2022 жылдар аралығында аталған жоба шеңберінде елімізде 107 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 2,5 миллионнан аса бала қатысқан.