
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден командалық сайыстың ширек финалында жарыс қожайыны Өзбекстанды 45:29 есебімен жеңгенімен, жартылай финалда Мысыр құрамасына жол берді – 45:35. Ал қола жүлде жолында Қырғызстан спортшыларын тізе бүктірді – 45:32. Ұлттық құрама сапында Богдан Лукин, Ғабиден Мұстафин, Георгий Тинников, Александр Федотов өнер көрсетті.
Ал қылыштасудан еліміздің әйелдер құрамасы жартылай финалда Түркияны жеңе алмады – 45:36. Алайда Молдованы сенімді ұтып (45:30), Әлем кубогінің қола жүлдесін жеңіп алды. Әйелдер құрамасынан София Актаева, Алена Гноева, Надежда және Алина Искандеровалар күш сынасты. Бұл – Ташкентте ұлттық құрама жеңіп алған үшінші медаль. Бұған дейін жекелей сайыста өнер көрсеткен жерлесіміз Богдан Лукин алтыннан алқа таққан болатын.