Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2022

Ақ түн, аппақ сезім...

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сырбай Мәуленовтің «Ақ түн» деген өлеңі бар. Ақынның тамаша туын­ды­ларының қатарынан сол кездегі Ленинград (қазіргі тарихи Петер­бор) түнінің сыр-сипатын өлең тілінде өзгеше әспеттейді. Әсіресе Есіл бо­йында Астананың ақ түн­дерін кешіп келе жатқанда Сырбай­дың осы өлеңі еске түседі. Біз Петербордың ақ түндерін көрген жоқпыз.

Ақ түн, аппақ сезім...

Сыр-ағаң «Ақ түн – әлемнің аппақ адал нұры. Ақ түн – қуады қуыстардан, көлеңке, қараңғыны», дейді. Ал Достоевский «Ақ түндерінде» қаланың қойны-қоны­шын­дағы түкпірлер туралы жазады. «Петер­борда мейлінше бөлек жаралған түкпірлер бар. Ол түкпірлерді айрықша адамдар – қиялшылдар мекендейді», деп өрбітеді әңгімесін. Достоевскийдің өзі бұл шы­ғармасын сентименталді роман десе, әдебиетшілер повесть деп таныған туынды қиялшыл жігіт пен серт байласып, уәдесін беріп кеткен сүйгенін күтіп, зарығушы қыз арасындағы диалогтер арқылы шиеленіседі. Оқырман қиялшыл жігіт пен сүйгенін күтуші қызбен бірге қуанып, бірге мұңаяды. Екеуінің қарым-қатынасы, екеуара әңгімесі іші-бауырыңа кіріп, бүкіл жан-жүйеңді қуалайтыны сондай, еліктіріп әкетіп, тіпті кей тұстарында жынды қылып жібереді деуге болады. Сондағысы сол жігіт пен қыздың сөйлескен уақыты – небәрі төрт-ақ түн. Төрт түн, тәулік емес. Екі түн толық болса, екеуі келтесінен қайырылған, таңға жетпей, түн ортасынан қоштасқан сәт. Мәселе, сол төрт кездесудің құнары мен қызығы арқылы оқырманды жазушы байлап тастайтынында. Сөз дуа­лап, сиқырлап тастайтынға ұқсайды. «Сөзде сиқыр бар» деген қанатты сөзді еске салады.

Шығармада «ойпырай, ә» дегізетіндей алып бара жатқан сюжет те жоқ. Қалада тұрғанына сегіз ай толған әлгі қиялшыл қарағым бар ғой, соның шалқуы мен толқуынан басталады гәп. Оның да басынан өткен қызық шамалы, қаланың қарапайым тұрғыны. Шаһардың бір шетінде шағын бөлмесі бар. Аса бір проблемасы да жоқ жанның мұң-қайғысы бір басына жетерлік, бірақ. Кімді сағынады, нені көксейді, оны өзі де біле бермейтін секілді. Әйтеуір өмірінің өшпестей естелігіне айналған ақ түндерді масаттана есіне түсіреді. Мүмкін өкініш, мүмкін сүйініш, әйтеуір көкейде мәңгі маздап қалған ғажап сезім. Қалғаны қалалықтың басынан өтетін пұшайман күй. Иә, қалалық пұшайманның кебі сияқты бір күй. Жазушы сонысымен-ақ біраз жайды аңғартып, «қалалықтар, сендер осындайсыңдар!» дегісі келгендей көрінеді. Себебі қалаға небәрі сегіз ай бұрын ғана келген әлгі қиялшыл жігіт жалғыздықтан жабырқай ма-ау, әйтеуір пұшай­ман болады да жүреді. Қала­да ешкімі жоқ, жалғыздықтан жабығып жүр-ау деуге де келмейді. «Алайда маған таныс атаулының қажеті қанша? Бүкіл Петербор маған онсыз да таныс қой», дейді ол. Сөйтеді де Фонтанка жанында бір шалмен күнде кездесетінін айтады. Онымен екі күн кездеспей қалса, екеуінің кәдімгідей көңіл күйі пәсейеді екен. Бірақ қалалықтармен күнде көрісіп, тіпті кездесіп сөйлесіп жүрген әлгі шалмен тікелей байланыс жоғы байқалады. Сонда дейді ол: «Екі күн бойы кездеспей, үшінші күні көрісе қалсақ, бас киімімізді аспанға лақтыра жаздап, әбүйір болғанда есімізді тез жиып, көтерілген қолды төмен түсіріп, бір-біріміздің жанымыздан етене жақын адамдардай өтуші едік». Адамзат өркениеті қалыптастырған қалалық салт осы ма онда? Жаныңда жанашыр адамдар, сырлас жандар, дүние-мүлік – бәрі бар сияқты, бірақ ештеңе жоқ. Жетім, жарым көңіл бәрі...

Тіпті бұл қиялшылыңыз адамдарды былай қойып, қалалық ғимараттар, үйлермен де сырлас бола бастаған ғой. Көзтаныс терезелер оған сәлем беріп, ертең өздерін сырлайтынын асыға жеткізсе, енді бірі кеше өртеніп кете жаздағанда қорыққанын айтады. Осылайша, үйлерді сөйлетіп, терезелерді сырлас қылып алады. Тағы бір үй оған «мені бояп жатыр, сары бояу­мен бояп жатыр» деп шағынады. Бұл үй сары түсті жек көрсе де, оны сарыға бояп тастаған... Содан кейін «бар көркінен жұрдай болған бейшара досыммен кездесуге батылым жетпеді», дейді. Міне, өзі тұрып жатқан Петербормен бар таныстығы осындай-ақ!

Серт байласқан сүйгенін күтіп, жалғызсырап жүрген бойжеткенмен де аяқ астынан танысады ол. Әке-шешесі жоқ, әжесінің қолында өскен бойжеткен. Екі жыл бұрын айыпты болып, әжесі оны көйлегіне түйреуіштеп қойып, ешқайда шығармайтын болған. Жоғарыдағы бос бөлмелерін бір жас жігіт жалға алып, кейін бұл қыз соны ұнатып қалып, ол әжесі екеуін театрға апарып, солай құштарлық оты лаулаған. Жігіт Мәскеуге кетіп бара жатып, қызға бір жылдан соң келетінін айтып, екеуі серт байласқан. Соны күтулі қыз Петроградқа жігітінің келгенін іштей сезеді, бірақ қайда екенін білмейді. Сөйтіп жүргенде оған қиялшыл жігіт кездесіп, екеуі бір-бірімен сырласып, бастарынан керемет күйді кешіреді. Екеуі кешігіп жатқан қыздың жігітіне хат та жазады. Жандарының жоғалған бөлшегін тапқандай сырласып жүреді. Ұдайы үш түн сырласқан соң, ақыры жігіті кешіккен соң, біздің қиялшыл Настяны сүйіп қалғанын айтады. Уәдесін беріп кеткен жігітінен хабар болмай, күдерін үзуге айналған Настеньканың амалы не, ол да келісіп, екеуі болашаққа жоспар да құрып үлгереді. Сол төртінші түні бәрін шешіп, жоспарлап, таң ата енді қоштаса бергенде, қыздың күтіп жүрген жігіті келеді ғой. Қыз, әрине, бұрын серттескен серігімен кетеді. Кейін қайғыдан қан жұтып қалған біздің қиялшылға сүйетінін айтып хат жазады. Көзінен жасы сорғалап отырып ол хатты оқыған жігіт бөлмесінің тозып, ауладағы үйлердің шөгіп, күрт ескіріп кеткенін көреді. Дегенмен серт те, сезім де орнында, қираған түк те жоқ еді ғой. Біреудің жылдар бойы жан түкпірінде ұстаған аяулы бейнесі мен сезімі келесі біреуге тегіннен олжа болмайды екен. Қыз қиялшылға еріп, әлгі жігіт кешіккенде бәрі теріске шығар ма еді деп ойлаймыз.

Автор мұнда ақ түндерді арқау еткен қалалықтардың сыры мен мұңы, салты мен жыры, бір сөзбен айтқанда, болмыс-бітіміндегі рухты жыр еткісі келген және соны терең талдап бергенін сезіну үшін шығарманы оқу керек шығар. Оқып болған соң сіз де сондай тазалық пен нәзіктікке ұмтыларсыз, бәлкім.