Аймақтар • 12 Қаңтар, 2023

Мұз құрсанған Екібастұз

229 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Керекуде өткен аптада ат құлағы көрінбейтін боран бірнеше күнге созылып барып тыншыған еді. Енді осы аптада Арқаның аязы қысты. Бұл жағдай Екібастұз қаласының халқы үшін қиынға соғып тұр.

Мұз құрсанған Екібастұз

7 қаңтар күні көмірлі шаһар­дағы жылу-энерго орталығында апат қайталанып, 3 бірдей жылу қазандығы істен шығып қалған еді. Сол күні қалада орналасқан үйлердің біраз бөлігінде жылу батареялары суып, Екібастұз халқы тағы қатып қала жаздады. Абырой болғанда бұл уақытта ауа райы оң қабақ танытып, аяз түсе қоймаған. Алайда сол апаттың кесірінен қазіргі күні жылу желілеріндегі жағдай мәз болмай тұр. Стансадағы апат тез арада реттеліп, қазандық агрегаттары қатарға қосылғанымен, тұрғын үйлердегі жылу пара­метр­лері әлі де төмен.

Облыс әкімі Асайын Бай­ха­нов аязды күндері Екібастұз қаласына барып жағдаймен танысты. Өңір басшысы әлеу­меттік желідегі парақша­сын­да хабарлағандай, жылу пара­метрлерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. ЖЭО-да қазіргі күні 6 қазандық жұ­­мыс істеп тұрса, қалған 4-еуі жөнделу үстінде. Жы­лу та­сымалдағыштың темпера­ту­ра­лық параметрлері цельсий бойынша 77/54 градусты көрсетіп тұр деді әкім. Бұл гра­дус қалыпты жағдайдағы көрсеткіштен, әрине, төмен, норма аязды күндері кемінде 82/56 градусты құрауы керек еді.

– Жылу параметрлерінің төмендеуіне байланысты қала­ның 25 мектебінің екеуі (№11 және №21) қашықтан оқыту форматында қалып отыр. Беркімбаев көшесіндегі №21 орта мектебінде желілердегі жоспарлы жөндеуге байланысты проблемалар туын­дады. Жөндеу жұмыстары аяқ­талып қалды, көп ұзамай мектеп оқушылары қайтадан оқу ордасымен қауы­шады. Ал №11 мектепте жы­лу айналымы әлсіз жүруде. «Екі­­бастұзжылуэнергиясы» ЖШС-­ның апатты жою бригада­лары еңбек етуде. Оларға бір тәулік ішінде проблеманы шешу міндеті жүктелді, – деді Асайын Қуандықұлы.

Қаладағы жылу желілерінің әр жерінде 38 зақымдалу анық­талыпты. Оны жою жұмыстары тәулік бойы атқарылып жатыр. Облыс орталығынан арнайы бригадалар көмекке барған. Бір сөзбен айтқанда, Екібастұзды жылумен жабдықтау қазір облыс басшылығының тұрақты назарында тұр. Ондағы жедел штабты басқарып, барлық қызметтердің іс-қимылын үйлестіру үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбеков бақылау жасайды.

Күннің суықтығына байла­нысты апта басынан өңірде ав­то­­жолдар ауық-ауық жабылып, мек­тептердің басым бөлігі оқу­шыларды қашықтан оқытуға көшті.

Жылдың алғашқы онкүнді­гінде жауған мол қарды таза­лау жұмыстары әлі күнге жалға­суда. Соған орай Павлодар қала­сындағы коммуналдық қыз­меттер күшейтілген жұ­мыс режіміне көшті. Шаһар көше­лері мен көпқабатты үй аулаларындағы ақ ұлпа тәулік бойы тазаланып, сыртқа тасылуда. Жергілікті баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл жұмыстарға бүгінде 210 арнайы техника мен 200-ден астам адам жұмылдырылған. Тағы 8 бригада техникалар же­те алмайтын жерлерге құм шашып, жаяу жүргіншілер жолда­рын бақылауда ұстауда. Негізі қала көшелері мен айналма жолдардың тазалығына екі мердігер компания – «Хол­динг-Транс-Павлодар» және «Горкомхоз-Павлодар» серік­тестіктері жауапты екенін айтып өткен абзал. Жыл басынан бері шаһардан 195 мың тонна қар сыртқа шығарылған.

Тағы бір мәселе, өткен апта­ның соңында жауған жаңбырдан соң жылқы тебіндері мен қысқы мал жайылымдары тоң болып қалғаны шаруа баққан ағайын үшін қиынға соғып тұр. Май, Баянауыл, Аққулы аудандары мен Екібастұздың ауылдық аймағындағы мал өсірушілер қыс ұзаққа созылар болса жағдай қиындай түсетінін айтады.

 

Павлодар облысы