Қоғам • 18 Қаңтар, 2023

Зілге пара-пар

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мүйізінің арақашықтығы 4 метрден асатын, жалпы биіктігі қосқабатты үймен тең алып бұғы көріп пе едіңіз? Тұрқының өзі зілге ұқсайтын алып жануардың қаңқасы бүгінде Керекудегі «Ertis» мультимедиялы музейінде тұр.

Зілге пара-пар

Павлодардағы «Ertis» му­зейі­не барсаңыз, ежелгі әлем­дегі жан-жануарлардың орта­сына енгендей күй кеше­сіз. Мұн­да жер бетінде сонау 225 млн жыл бұрын пайда бол­ған динозаврлар мен қа­зіргі жануарлардың алғашқы ата­тектерінің қалдықтары сақ­талған. Әсіресе кіреберісте қас­қайып қарсы алатын алып бұ­ғының тұтас қаңқасы көрген адамды таңғалдырады.

– Мүйізі қарағайдың қисық бұтағындай керілген сүтқоректі жануардың сүйектері 1972 жылы қазіргі Аққулы ауда­нының Жамбыл ауылы ма­ңында, Ертіс өзенінің жарынан табылыпты. Ғалымдардың айтуынша, жер бетінен көне заманда жойылып кеткен алып бұғы плейстоценде (палеолит пен мезолит кезеңі) және ер­те голоценде (мұз дәуірі) тір­­шілік еткен. Тұрқының биік­­тігі – 2,5 метр, ал жалпы биіктігі 4-5 метрден асатын тір­шілік иесінің салмағы ша­ма­мен 600-700 килограмм болған деп болжанады. Ертеде мұндай бұғылар Ертіс-Баян өңі­рінің жазық жерлерін, тоғай шетін, өзен жайылмасындағы, су айдындары маңындағы ыл­ғал­ды шалғындарды мекендеген болуы керек. Себебі алып мүйізімен орман арасын­да тір­шілік ету мүмкін емес еді, – дей­ді музей басшысы Гүл­жай­нат Әлиева.

– Қазақстанда ірі мүйізді бұ­ғылар негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінен табылды. Ал мұндай бұғының толық қаң­қалары әлемде 10-нан аспайды. Бізде тұрған қаңқа толық бір жануардың сүйектерінен тұрады, сонысымен ерекше. Мүйіздерінің салмағы шамамен 40 килограмдай болып қалар, – дейді музей директоры.

Ғалым Тілеукен Еңсебаев­тың «Павлодар өңірінің тарихы туралы очерктер» кітабында мұндай алып бұғыларды ертеде «маралдар немесе асыл бұ­ғылар» деп атаған делінеді. Ірі тұяқты жануардың тарам-тарам қос мүйізі болған. Ұр­ға­шыларының мүйіздері тұ­қыл, құлақтары ұзын келеді. Қазба жұмыстарының нәти­же­сінде алып бұғылар об­лыс­тағы Үрлітүп және Чер­нояр­ка елді мекендерінің ма­­ңынан да табылған. Бұл сүт­қо­ректілердің біздің зама­ны­мызға жеткен түрлері XVIII ғасырда Қазақстанның солтүс­тік, оңтүстік және шығыс өл­келерін мекен еткен. Кейін оны жергілікті аңшылардың тағылығынан жергілікті тұ­қымы жойылып, асыл бұғы тек Алтайдың, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының тау­лы ормандарында сақталып қалыпты.

 

ПАВЛОДАР