Өнер • 24 Қаңтар, 2023

Қайта асқақтаған тұлға

654 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзенің қазақ оркестрі мен дирижерлық өнердің дамуына үлес қосқан майдангер композитор, дәулескер күйші, дарынды дирижер Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылық өмірбаяны туралы тың дерек пен тарихи құжаттарға сүйеніп жазған «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» зерттеу еңбегінің таныстырылымы болып өтті.

Қайта асқақтаған тұлға

Өнертану докторы, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры Сәуле Өтеғалиева мен музыка зерттеушісі, доцент Айжан Бердібаева жарыққа шыққан жаңа кітаптың жібекбауын қиып, көпшілікке автор еңбегінің маңызы туралы ақпар берді.

«Ұлттық музыка өнерінде бұл еңбектің орны ерекше. Сыр бойының атақты күйшісі, дирижері Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылығын зерттеу барысында Мүсілім Әмзе архив ақтарып, тірнектеп материал жинап, музыкатанушылардың өзі де біле бермейтін мәліметтерді ғылыми айна­лымға енгізіп, талантты тұлғаның атын жаңғыртып отыр. М.Жаппасбаевтың ұлттық бояуы басым жеті әнінің табылып, жаңа композиторлық қырының да ашылғанын осы еңбектен біліп отырмыз. Руханиятымызға майдангер композитор өмір сүрген кезеңдегі ұлттық музыканың бедерін байқататын құнды еңбек қосылды деп сеніммен айта аламыз», деді Айжан Рахманқұлқызы.

Өткен ғасырдың басында өмірге келіп, халық музыкасының қайнар бұлағынан мейірі қанып сусындаған шебер күйші, алғыр оркестр музыканты, домбыра тобының жетекші концертмейстері, оркестрдің дирижер-ассистенті қызметін абыройлы атқарған жауынгер композитор, күйші Мәлік Жаппасбаев қысқа ғұмыр кешіп, 1943 жылы 29 жасында майдан даласында өмірден озған.

Мүсілім Әмзенің авторлығымен жарияланған кітап тұсаукесеріне арналған салтанатты кештің келесі бөлімі М.Жаппасбаевтың соңында қалған музыкалық мұрасымен таныстыруды мақсат тұтқан «Жастық жыры» атты концертке ұласты. Кеңестік идеологияның насихатымен жазылған композитор әндерінің сөзі жаңа заманмен үйлесім таба алмайтынын ескерген Мүсілім Әмзе ескірген мәтіндерді Серікзат Дүйсенғазы, Әлібек Шегебай, Асқар Дүйсенбі секілді бүгінгі ақындарға жаңалап қайта жазуға тапсырыс беріп, өткен дәуірдегі жәдігер ән-жырдың жаңа тынысын ашып, көпшілікпен қауыштырған еңбегін атап өткен ләзім. М.Жаппасбаевтың «Сұлу қыз», «Мойынты – Шу», «Көсем үшін – ел үшін», (Отаным – байлығым), «Қарағанды туралы жыр», «Сыр адайы», «Марш», «Абай жыры» (Ленин томы қолымда), «Бабалар аманаты» (Партия туралы ән) ән-күйі келешекте кез келген оркестрдің репертуарына рухани байлық болып қосылатын кесек дүниелер екенін Еркін Шүкіман, Әміржан Бекниязов, Тахауи Рахметов, Абай Тілепберген, Балуан Беркенов, Абай Қойшыбай, қобызшы Смағұл Әсен, Ерболат Мұстафаев, Дияр Нұрсұлтан, Фархад Кубиевтердің орындауы дәлелдей түсті.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38