Жаңа кинокартина «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысы бойынша 2021 жылы түсірілген «Қаныш. Қазына» атты алты сериялы телетуындының негізінде жарық көріп отыр. Ұлтының тағдыры үшін алаңдап, білімге үндеп, ғылымның өзге саласына да бар қажырын жұмсап, қыруар игілікті іс атқарған алып тұлғаның бай әрі бұралаң жолдан тұратын өмірбаяны киноға өз-өзінен сұранып тұрғаны бұрыннан айтылып келеді. Бар ғұмырын қазақ жерінің кен байлығын зерттеуге арнаған ғұламаның басынан кешкен қилы тарихы туған халқының тағдырына алаңдаған перзенттік махаббаты мен жанашырлығынан туындаған. Сондықтан фильмді түсірген шығармашылық топ ғылым көшбасшысын кәсіби тұрғыдан ғана таныстырып қоймай, халқының қамын ойлаған терең де сезімтал тұлға ретінде көрсетеді.
Фильм авторлары Қазақстан ғылымының тарихында терең із қалдырған сан қырлы талант иесін тек ғалым ретінде ғана емес, қанатымен су сепкен қарлығаш секілді ашаршылық жылдары ондаған баланы аман алып қалған мейірімі мол адамгершілік қасиетін басты сюжеттің қазығы етіп алған. Өткен ғасырдың басындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін нәубеті қатар жүрген қасіретті кезеңдегі халықтың рухы фильмде боямасыз баяндалады. Сондай-ақ біртуар ғалымның Алаш қайраткерлерімен жақын дос, жолдас болғаны ескеріліп, өмірде болған тарихи тұлғалардың прототиптері фильм кейіпкерлері ретінде көрініс тауып, зұлматты жылдардың шындығын көрсететін сирек деректі кинохроника да сәтті пайдаланылған.
– Бұл фильм арқылы біз халқымыздың тарихындағы тұлғалардың биіктігін көрсеткіміз келді. Бүгінгі ұрпақ көшбасшы аталарына қарап бой түзеп өссе деген ниеттен туды. Білімі мен табанды мінезінің арқасында Қаныш Сәтбаев 27 жасында сол кез үшін ең ірі кен орнын тапты. Ғалым өмірін зерттеп, өмірбаян тарихымен және кәсіби қырымен таныса жүріп, рухының мықтылығына қайран қалдым. Ол отбасында болған қасіретке қарамастан ғылыммен айналысып, өз халқына қалтқысыз қызмет етті. Өзінің отбасы, халқы, елі үшін аянбай еңбек еткен тұлғалардың өмірі рухтандырмай қоймайды, сол себепті халқымыздың тарихындағы мықты тұлғаларды үлгі етіп көрсетуді мақсат тұттым, – дейді фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Ерлан Нұрмұхамбет.
Фильм продюсерлерінің бірі Айгүл Байбек те «Қаныш» картинасының телесериал нұсқасымен салыстырғанда едәуір айырмашылыққа ие екенін атап өтті. Түсірілім алаңын декорациялауда өте үлкен жұмыс атқарылған. Студия павильондарында ғалым өмір сүрген уақытпен үндес декорация, кабинеттер, пәтерлер, зертханалар жасақталған. Фильм Астана мен Алматы қалаларында, Алматы және Қарағанды облыстарында, Баянауылдағы Теңдік поселкесінде түсірілген. Қарсақпай ауылындағы сол кезеңге тиесілі ғимараттарды уақытқа икемделіп қайта жөндеуден өткізілсе, Керегетас аумағында киізүйлер тігіліп, Қаныштың жастық шағындағы қажетті реквизиттер жеткізілген.
– Кинокартинаны жарыққа шығармас бұрын жоба авторлары ғалымның туыстарымен жүздесіп, барлық қаныштанушымен әңгімелесіп, кеңесін тыңдаған. Белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің Қаныш туралы жазылған романы сценарий желісінің негізі етіп алынған. «Қаныш аға туралы фильм баяғыда түсірілу керек еді. Ештен кеш жақсы. Бағасын көрермен берер. Өз басым шығарманың жарыққа шыққанына қуанып тұрмын. Қаныш ағаның тағдыры, оның өмір жолы, еңбектері біздің ұлтымыз үшін әрқашан үлгі болып қала береді, – деді «Қазақтың Қанышын» жазған Медеу Сәрсеке.
Қаныш Сәтбаев құрған Қазақстан Ғылым академиясында 1967 жылдан бастап жұмыс істеп, бүгінде академик архивінің жетекшісі болып отырған Надежда Ниретина да фильм авторларына көп көмегін берген.
Фильмде басты рөлде Әсет Есжан, Анна Оразбаева, Айдос Әуесбаев және Максим Горбанев ойнайды. Жоба жұмысына театр және кино актерлері, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындары мен музыка училищелерінің студенттері қатысқан 300-ге жуық адам тартылған.
«Қаныш» фильмі қазірдің өзінде шетелдік киногерлердің бағасын алып, бірнеше халықаралық жүлдеге ие болды. Өткен жылдың желтоқсан айында Буэнос-Айресте өткен «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінің «Үздік фильмі» атанса, биылғы қаңтар айында Үндістанның «Athvikvaruni International Filme Festival» халықаралық кинофестивалінің үш аталымы бойынша жүлдесін жеңіп алды.
АЛМАТЫ