Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Нартай» фильмі фестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысып, төрт бірдей жүлдеге ие болып, «Үздік көркем фильм» атанды. Сонымен қатар фестиваль бағдарламасы аясында африкалық көрермендерге басқа да отандық кино картиналар таныстырылды.
– Мен Қазақстанда түсірілген көркем фильмді алғаш рет көріп отырмын, бұған дейін тек деректі фильмдерді тамашалаған едім. Кино маманы басқа елден келген кәсіпқойдың жұмысын көргенде, ең алдымен кино тілін түсінуге тырысады. Бұл фильмде кино тілі керемет көрініс тапқан. Қазақ киносының басты ерекшелігі де осында. Қазақ елінің фильмдерін көргенде, біз кино тілінде жеткізілген белгілі бір оқиғаға тап боламыз және мені баураған дәл сол сезім,– деді кинофестиваль қонақтарының бірі, Канн кинофестивалінің қатысушысы, режиссер Мусса Туре.
Африкалық көрермендер қазақ киносының деңгейін жоғары бағалады, ал индустрия мамандары серіктестік орнатуды ұсынды.
– YARHA фестивалімен серіктестік келесі жылы да жалғасады деп үміттенемін. Бұл оқиғаның Қазақстанның оң имиджін ілгерілетуге өз үлесін қосатынына сенімдімін. Мәдени дипломатия жалғасуы керек. Біз қазақстандық картиналардың Марокко, Тунис, Сенегал және Конго елдерінде көрсетілгенін қалаймыз, – деп атап өтті Франциядағы қазақстандық кино қауымдастығының президенті Андрэ Иванов.
Камерундағы отандық фильмдердің көрсетілімін Франциядағы қазақстандық кино қауымдастығы ұйымдастырды. Бұл – Африкадағы алғашқы ауқымды шара.