Медицина • 16 Ақпан, 2023

Діңкелеткен дәрі-дәрмек

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Диспансерлердің арнайы есебінде тұрған жергілікті жұрт өткен қаңтар айында өздеріне тиесілі тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жандары қысылған. Ақпараттық жүйеде техникалық ақаудың пайда болуы, логистиканың толыққанды жұмыс істемеуі салдарынан емханалар бұл уақытта бірқатар қиындыққа ұрынған сыңайлы.

Діңкелеткен дәрі-дәрмек

Әсіресе, демікпе, жүрек және диабет аурулары­на шалдыққан науқастардың препараттары уақытында қолдарына тимей, біраз адам қажетті дәріні дәріха­налар­дан өз қаражатына сатып алған. Ал өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жергілікті медициналық ұйымдардың дәріханаларында арнайы тізімге енген препараттардың жалпы сомасы млрд теңгеден асатын көлемі бар, жыл басынан тегін дәрі-дәрмекке байланыс­ты шағым түскен жоқ деп отыр. Бұл жағдайға әдетте жылдың басы мен аяғында орын алатын техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін деген уәж айтады.

Ақпан айының басындағы деректерге сүйенсек, «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде» жалпы сомасы 153,3 млн теңге тұратын дәрілік препараттар ақ желеңділермен жазылып, науқастарға таратылғаны тіркелген. Емдеу ұйым­дарының дәріханаларында әлі де жалпы құны 1,2 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі қалып отыр. Денсаулық сақтау басқармасындағылар өңірдегі емханалар 505 атаудан тұратын дәрі-дәрмекке өтінім білдіргенін, оның 450 түрі сатып алынып қойғанын мәлімдеді. Қалған бөлігі жуық арада жауапты дистрибьюторлар арқылы жеткізіледі.

Павлодардағы №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары Елена Кияткина 10 мыңға жуық емделуші диспансерлік есепте тұр, оның басым бөлігіне был­тырғы жылдың желтоқсан айында екі айға жететіндей дәрілік заттар берілген дейді. Ал қаңтар айында мекемеде қайта құрылымдау үдерістері жүзеге асып, дәрі-дәрмекті жазып беретін ақпараттық жүйеде мәселелер туындаған.

– Болмаған соң біз науқастарға тегін дәрілердің тіркелімін қағазға шығарып бердік. Кейбір адамдар рецепт бермей отырсыңдар деп шағым айтып келді. Ол жағдай техникалық сипатқа ие екенін түсіндіріп бақтық. Ақпан айынан бері мәселе шешіліп, рецепт жазып беру орнына келді. Қазір жеңілдікті препараттар қолымызда бар, жеткізу бойынша мәселелер жоқ, – дейді ол.

«СҚ «Фармация» ЖШС өңірлік филиалының жетекшісі Аягөз Айтбаева бірыңғай дистрибьютормен қажетті медициналық препараттар алдын ала сатып алынып, белгіленген мерзімнен бұрын облысқа жеткізіліп қоятынын айтады. Биылға қажет дәрілік заттар 2022 жылдың соңында қоймаларға салыныпты. Жергілікті медициналық ұйымдар дәрі-дәрмек түрлері мен санын өздері айқындап, жеткізу кестесін дербес белгілейтін көрінеді. Сондықтан өңірлік жеткізуші компанияның қызметінде мін жоқ деп мақтанды ол. Бірыңғай дистрибьютордың препараттар тізбесіне 1 765 атау енеді. Препараттар ұйымдарға тұрақты түрде жеткізіліп, әрі қарай стационарлар мен амбулаторияларға жол тартады. Егер әлдебір дәрілерді шұғыл түрде апару қажет болса, серіктестік оған да әрдайым дайын екенін ескертті.

Облыс орталығындағы №5 емхана да 190 млн теңгенің дәрі-дәрмегін алып үлгерген. Бұл көлем шамамен 3 айға дейін жетеді екен. Ұйым ішіндегі дәріхана күніне 300-ден аса науқасты нозология, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, орфандық (сирек кездесетін) және өзге де аурулар бойын­ша препараттармен қамтамасыз етіп отыр.

 

ПАВЛОДАР