Экология • 19 Ақпан, 2023

Күл-қоқысты кәдеге жарату қай жағынан да тиімді

458 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Павлодардың онкология­лық аурулар бойынша республикада көш бастауына қолайсыз экологиялық жағдай әсер етіп отырғанын мектептегі бала да біледі. Бұл өңірде адам өмірі үшін аса қауіпті өнеркәсіптік қал­дықтарды жою мен қай­та өңдеу саласы кенжелеп тұр. Бір ғана Павлодардың алюминий зауытында қож үйін­ділерінің көлемі бү­гін­де 100 млн тоннадан асып жығылады. Оның құ­ра­мындағы алюминий оксиді 20 пайызды құрағанның өзін­де тау-тау үйілген қо­қыс­тан 20 млн тонна бок­сит­ті кен өндіруге болады екен.

Күл-қоқысты кәдеге жарату қай жағынан да тиімді

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Міне көрдіңіз бе, отандық өнер­­кәсіпте қаншама табиғи бай­лық аяқ астында шашылып, іске жарағысыз болып жатыр. Глинозем, металл концентраттары, түрлі қазба байлықтар мен сирек кездесетін металдар – ірі бизнестің ғана қауқары жететін өндірістер. Өкінішке қарай, кеңес өкіметінен бері жұмыс істеп тұрған жергілікті зауыттар мен фабрикалар, кен орындары, энергетикалық кешен­дер өндірістен шыққан күл мен қожды өңдеуді бүгінде ұмыт қал­дырған сыңайлы. Ертіс-Баян аумағында тек бірнеше өнеркәсіп «Жа­сыл экономика» қағидаларын ұстанып отырғанын байқаймыз.

Өзгелерінде ондаған жыл бойы жи­налған өндірістік қал­дықтар тау-тау болып үйіліп жа­тыр. Өңірдің экология­сына аса зиянды, адам денсаулығына қауіп-қатері мол бұл үйінді­лердің тағ­дыры әлі күнге шеші­лер емес. Оның үстіне кейінгі он-он бес жылда Пав­лодар облысы қоршаған ортаны лас­тайтын шығарындылар бо­йынша елімізде көш бастап тұр. Өндіріс қалдықтары мен түр­­лі күл-қоқыстардың 30 пайы­зы, яғни 730 мың тоннасы осы аймаққа тиесілі. Ал отын-энергетика сала­сындағы бұл көрсет­кіш­тер­дің үлесі тіпті сорақы – 65 пайыздан асады. Экологтердің пайымдауынша, аймақта шамамен 700 млн тон­наға жуық өндірістік қалдық жиналып қалған.

Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Алек­сандр Миков күл-қоқысты экологиялық тәсілмен жою­дың тиімді жолдары бар еке­нін ай­тады. Бастысы, бұл – кәдім­гідей табыс алып келетін экономикалық тә­сіл.

Сәтбаев атындағы Екібастұз ин­же­нерлік-техникалық институтында қыз­мет еткен жылдары ғалым бір топ оқымыстымен бірлесіп, жылу-электр орталықтарынан шы­ғатын микросфераны қайта өңдеу технологияларын ойлап тапқан. Ол бойын­ша патенттері де бар. Егер әлгіні өндіріске енгізсек, Екібастұздағы МАЭС-тер мен ЖЭО-лардан шық­қан қождан металдарды айырып қана қоймай, жылу сақтағыш мас­тиканы да дайындауға болады екен. Екібастұздың жылу жүйесіндегі апат кезінде ЖЭО мен жергілікті әкім­дік даладағы магистралдарды оқшау­лау үшін импорттық өнім­дерге көп шы­ғынданғаны мәлім. Ал өзіміздің күл-қоқысты кәдеге жаратар болсақ, одан алын­ған оқшаулағыш материал­дар шетелдік мастикаға қарағанда үш есеге ар­занға түсіп, төзімділігі жа­ғы­нан дәс­­түрлі жылытқыш жүйе­сінен бес есеге асып түсер еді. Бұл – бір ғана мысал.

– Қазақстандағы көмірмен жұ­мыс іс­тейтін жылу және электр стансалары жыл сайын миллион­даған тонна күл мен қожды үйіп жатыр. Ал одан бөлінетін зиянды бөлшектер топырақ қабатына түсіп, жерге сіңбегені ауаға ұшып, адамдар мен жан-жануарлардың ағзасын зақымдайды. Дауасы жоқ обыр аурулары соның әсерінен туын­дап жатқанына дау жоқ. Алай­да қалдықтардың адам ден­сау­­лы­ғына төндіріп отырған қа­тері жө­­­нінде ғылыми, жүйелі баға­лау­лардың жасалмайтыны – өте күмәнді дүние. Нақты цифрлар мен фактілер көрсетіл­меген соң, қауіптілік деңгейін айта алмаймыз. Дей тұрғанмен, қож бен күлді ба­ғалы шикізат ретінде пайдалануды адамзат баласы бағзы заманнан игерген. Құрылыс пен халық медицинасында ол кеңінен қолданылады. Былайша айтқанда, біздің ата-бабаларымыз жиналып қалған қоқыстың қоршаған ортаға тигізетін әсерін жүйелі түрде азайтуға тырысқан. Көмір энергетикасы пайда болғалы бері өндірістік қалдықтарды ба­қылау мүмкін болмай қалды. Қазіргі күні ол кең ауқымды қауіпке айналып отырғанын жасырмауымыз керек. Бұл ретте ғалымдардың ойлап тап­қан технологияларын пайдаланып, арзан жолмен тиімді бизнес те құруға болады. Мен Сәтбаев атындағы Екібастұз ин­женерлік-тех­­никалық институтында еңбек етіп жүргенде Астанада біздің жо­бамыз бойынша польшалық компания қож өңдейтін зауыт тұр­ғызды. Сөйтіп, ондағы №2 ЖЭО-дан шық­қан қождан алюмосиликатты микросфераны айыру мүмкіндігі туды. Бұл өнім жалпы күлдің жеңіл фракциясы болғандықтан, ол желмен алысқа ұшып, жақын жердегі мал жайылымдарын, қала маңындағы аумақтарды ластайтын. Микросфераның өзі – бі­регей әрі бағалы шикізат. Өкі­нішке қарай, бүгінде елімізде көп­теп өндіріл­генімен басым бөлігі экс­портқа ке­тіп жатыр. Сондықтан оны өзі­мізде өңдеп, дайын өнімдер шы­ғаратын өндіріс орындарын құру қажет, – дейді ғалым.

Алюмосиликатты микросфера бү­гінде Екібастұз бен Ақсу өңір­лерінің тұрғындары үшін ақ­ша табудың ең оңай олжа­сына айналып тұрғаны да жа­сырын емес. Жергілікті жұрт пен ресми компаниялар «Қарасор» көлінде жиналып қалған химиялық эле­ментті сүзіп, қапқа салып өт­кі­зе­ді. Тоннасы «қара нарықта» 160-200 мың тең­геге бағаланатын шикізаттың ке­реметтілігі оның салмағының жеңіл болуы мен беріктігінде жатыр. Әлем­дегі мұнай өн­діруші компа­ниялар микросфераны бұр­ғы­лау ұңғымаларына құятын бетонға қосады. Арнайы қоспа құрамында ол цементті бетонды өте берік етіп қатырып тастай алады. Сондықтан Каспий теңізі маңындағы мұнай өндіретін елдерде, соның ішінде біз­дің мем­лекетімізде ол аса сұра­нысқа ие. «Қарасордан» бір маусымда ресми жолмен 20 мың тоннаға дейін микросфера сүзіп алынатынын ескерсек, миллиардтаған теңге сыртқа кетіп жатқанын аңғаруға болар.

Негізі бүгінде «Жасыл экономика» қағидасына ұмтылып отырған отандық өндірістік кәсіпорындар баршылық. Алай­да тау-кен және энергетика саласына келгенде бұл арада үлкен бір мәселе туындайды. Шетелдік инвесторлар бұл са­­ла­ға ақша құйып, үйінділерді өңдеуге емеурін танытқанымен ЖЭО-лар мен көмір кеніштерінің қожайындары аса бейілді емес. Мынадай парадоксты ахуал бар: жергілікті стансалар өздерінің күл-қоқысын қайта өңдеушілер сатып алсын деген талап қояды. Ал әлем­дік тәжірибеге зер салсақ, дамыған елдер­де бұл үдеріс басқаша жүреді екен. Мәселен, Еуропа мен АҚШ-та ЖЭО қожды әуелі сұрыптап, сер­тификаттаған күйде жеке-жеке үйіп, белгілі бір өнім өндірісіне қарай бөліп қояды. Яғни өңдеуші компания­лар оны дайын күйінде сатып алып кетеді. Сертификатталған сұрыптарға кірмей қалған қалдық қожды станса өзге компанияларына ұсынып, оның тасымал шығынын өзі көтереді. Міне, өн­дірушінің де, өңдеушінің де көңілі тоқ деген осы. Станса бұл әдістен қо­сымша табыс таппаса, ұтылмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр.

Бұл арада тағы да Александр Ми­­ков­тың пікіріне құлақ түр­генді жөн көрдік. Ғалымның пікі­рінше, Қазақстанға тех­ногенді қалдықтардың бірыңғай реестрін құру керек. Жүйе үйінділерді пай­даланудың қолжетімді техно­ло­гияларына қол жеткізуге мүм­­кіндік сыйлар еді. Бұл туралы Эко­­логиялық кодексте де айтыл­ған. Ал ең бастысы, қазақ­стандық тех­нологияны дамытуға, ғылыми әзірлемелерге бюджеттен қара­жат бөлуге жағдай тудырар еді. Сырт­тан келетін инвестор ғылыми зерттеулер үшін ақша құймайтыны айдан анық. Ал мемлекет салаға салған қаржысын кейін еселеп қайтарып алатынына күмән жоқ.

– Біз Қазақстандағы қож үйін­­­ділерін жоюға экологиялық қауіп­сіздік тұр­ғысынан ғана емес, экономиканы дамыту міндеті бойынша да қарауға тиіспіз. Мұны нақты мысалдар ретінде айтып берейін. Ең әуелі біз алюминий өндірісі үшін глинозем аламыз. Одан жылусақтағыш мастика өндіру технологиясын құ­руға болады. Қытайда, мәселен, көмірдің күлінен глинозем алатын кәсіп­орын жұмыс істейді. Онда өн­діріліп шыққан өнімнің өзін­дік құны арзан, яғни топырақты қо­парып боксит қазудың қажеті жоқ. Далада шашылып жатқан үйінділерден кертіп ала бересің. Павлодар қаласында орналасқан «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның күл үйінділерінде жалпы көлемі 100 млн тоннадан асатын қож жатыр. Оның құрамында кемінде 20 пайыз алюминий бар дегеннің өзінде біз құр жатқан үйінділерден 20 млн тонна боксит алып шыға алады екенбіз. Бұл тұрғыда логис­тика ұтар еді. Экологиялық саясат­ты өзгерту үшін біздің Мем­лекет­тік стандарттарымызға, құ­рылыс нормалары мен ереже­лері­не жүйе­­лі көз­қарас керек. Осы ар­қылы кәсіпорын қожайын­дарын жер­­­гілікті экологияға жауап­кер­шілік­пен қарауды үй­ретеміз, – дейді Алек­сандр Григорьевич.

Тұрақты даму – бұл эколо­гиялық қауіпсіздік, әлеуметтік тұрақтылық және экономикалық өсім факторлары тепе-теңдігінің сақталуы. Әлем­нің дамыған мем­­ле­кеттерінде бұл үштағанға ай­рықша көңіл аударылатыны да шын. Өкініштісі, бұл сала­дағы отандық экономикалық-эко­ло­гиялық қозғалтқышты оталдыру әзірше мүм­кін болмай тұр. Үйінділерді қайта өң­деу ісі ұсақ кәсіпорындардың оны құ­рылыс сала­сының қажеттілігі үшін пайдалануымен көрініс тауып қана келеді. Алайда Екібастұздағы тау-тау болып үйіліп, ондаған ша­қы­рымға ұласып жатқан көмір қалдықтары мен энергетикалық нысандардан шыққан қождың үйінділерін азай­ту үшін бұл тірлік тамшыдай ғана болып көрінетіні анық. Эко­лог­тер өңірімізге күл-қоқысты қай­та өңдейтін ірі ұйым­дар қажет еке­нін жиі айтады. Бұл металлургия, құрылыс, машина жа­сау, жер барлау және пайдалы қаз­балар салаларын біріктіруі керек.

Түйіндей айтсақ, облыста жыл сайын күл-қож үйінділерінен шамамен 7,5 млн тонна пайда болады. Статистикалық деректер жергілікті кәсіпорындар оның шамамен жиырмадан бір бөлігін ғана өңдеп отырғанын растайды. Оның үстіне жылдар бойы үйілген 700 млн тонна қалдықтың мәселесі де ше­шілмеген. Сондықтан бұл – келең­сіз жайт Экология ми­нистрлігінен тек Павлодар облысына емес, тұ­тас Қазақ­станның игілігі үшін үйін­ділерді қайта өңдеу­дің жаңа стра­те­гиясын түзу­ді талап етіп тұр­ғандай.

 

Павлодар облысы