Спорт • 21 Ақпан, 2023

Мұз үстіндегі сайыс

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Усолка өзенінде автокөліктердің сайысы өтті. Арнайы жабдықталған темір тұлпарлар мұз үстіндегі жылдамдықтарын сынаса, қала жұрты кіл мықтылар жиналған автошоудың қызығына кенелді.

Мұз үстіндегі сайыс

Дәстүрлі республикалық қысқы ралли-спринтке Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Екібастұз және Павлодар қалаларынан жалпы саны 40 команда қатысты. Жарыс көліктерінің тізгініне жайғасқандар жылдамдықты үдетуге мүмкіндік беретін мұз трасса­сында 5,5 және 5,4 шақырым жерді барынша жедел өтуге тырысса, үшінші бөліктегі 11 шақырымда уақыт ұтуға ұм­тылды. Бабы келіскен жарыс машиналары мұз үстіндегі бұрылыстарда шалт бұрылып, дөңгелегін түземестен бар жылдамдығымен зу ете түседі. Мұндай әдіске «Жигули» мен BMW, Subaru маркалы көліктері әдетте қолайлы екен. Командалардың көбі ескі көліктерді әбден жеріне жеткізіп әлеміштеп, ұза­тылатын қыздай жасандырып қойған.

Бас төреші Владимир Бородин айтып өткендей, жүргізуші старт бері­летін жерге дейін 2 минут ішінде жетіп үлгеруі керек. Фальстарт жасаса немесе уақыттан кешіксе, негізгі уа­қы­тынан секундтар қиылып қалады. Ай­налымдарды барынша жылдам әрі мінсіз жүріп өткендер жеңімпаздар тұ­ғырынан табылды.

«Мұз үстіндегі айқас кәдімгі спринт­тегідей өрбиді. Әуелі көлік тізгі­нін­­дегі пилот маршруттың барлық күр­­­делі сәтін белгілей отырып стено­­гра­фиясын түзеді. Жарыс барысында жанындағы серігі оны оқып, ескертіп отырады. Әр секунд санаулы болғандықтан, пилотқа әр нұсқаулық секундтың санаулы бөлігінде дұрыс берілуі маңызды» дейді ралли-спринттен Қазақстан чемпионы Андрей Амелин. Пилот кілт бұрылыстарда жолдың жабық бөліктерін көрмей қалуы мүмкін. Штурман алдын ала ескертіп, сақтандырады.

Бұл – республикалық ралли-спринт­тің III кезеңі болғандықтан, шешуші айқас. Андрейдің серігі әрі зайыбы Алие Амелина – «бүгінде кәсіпқой спринт­шінің бірі. «Павлодардағы трасса қызықты әрі күрделі бұрылыстары көп, сондықтан экипаждан үнемі жинақы болуды талап етеді», дейді олар.

Республикалық жарыстың соңғы ше­шуші кезеңі алдағы уақытта Қара­ғанды қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

 

ПАВЛОДАР