
– Әбиба, былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленіп, жанкүйерлерді бір қуантқан едің. Сол кезде сөйлескенімізде «Бұйыртса, алдағы әлем чемпионатында жүлде алу үшін барымды саламын» деп ақтарыла сөйледің. Айтқан уәдеңде тұрып, Ташкентте қола медальді қоржынға салдың. Сол белестен көріну қаншалықты қиын болды?
– Төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста күресу қашан да қиын. Өзбекстанның астанасына кілең мықтылар келді. Мен өнер көрсететін 48 кило салмақ дәрежесінде де бәсекелестік өте күшті болды. Тұсаукесер кездесуімде бразилиялық Аманада Лиманы таза ұттым. Келесі кезеңде Еуропа чемпионы, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған франциялық Ширин Буклиден басым түстім. Ширек финалда құрлық біріншілігінің қола жүлдегері сербиялық Милица Николичті сан соқтырдым. Жартылай финалда әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Нацуми Цунодаға әлім жетпеді. Ал қола медаль үшін тартыста чилилік Мари Ди Варгас Лейдің осал тұсын таптым.
Бұл белдесулердің бірде-біреуінде жеңіс маған оңайлықпен келген жоқ. Әр белдесуде барымды салдым. Қалай да елге олжалы оралуды көздедім. Әсіресе, соңғы айқас аса ауыр соқты. Өйткені жартылай финалда мен бұрын сынған қолымды қайта жарақаттап алған едім. Соған қарамастан соңғы секундтарға дейін айқастым. Сөйтіп, Алланың қалауы және өзімнің табандылығымның арқасында жеңіс тұғырына көтерілдім.
– Сол кездегі көңіл күйіңмен бөліссең?
– Оны сөзбен жеткізе алмаспын. Талай жылғы тынымсыз еңбегімнің ақталғанына, күллі қазақ жанкүйерлерінің сенімін ақтай алғаныма қатты қуанып, ерекше шаттандым.
– Ташкенттегі жеңісіңді кімге арнадың?
– Анама арнадым. Әр жарысқа аттанған сайын анашым түні бойы ұйықтамай, мен үшін қатты уайымдайды. Жаратушыға жалбарынып, дұға қылады. Осы сапарға аттанғанымда да дәл солай болды.
– Сен – қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш дзюдошысың. Осы жағдай саған қалай әсер етуде?
– Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Осы спорт түрімен айналыса бастағанымда дәл осындай дәрежеге жетемін деп еш ойламадым. Десек те еткен еңбек еш кетпейді екен. Мұны мен жаттығу залында шелектеп төккен терімнің өтеуі деп білемін. Оған бапкерлерімнің ерен еңбегін қосыңыз. Бірақ осы табыстарымды қанағат тұтып, қол қусырып отырудан аулақпын. Алда көз арбаған асулар көп. Солардың шыңына шығу үшін шеберлігімді әлі де шыңдай түсуге тиіспін.
– Осы жыл да сен үшін сәтті басталды ғой...
– Оныңыз рас. Қаңтар айында Португалияның Алмада қаласында өткен Гран-при додасында алтыннан алқа тақтым. Финалда өзімнің командалық әріптесім әрі құрбым Ғалия Тынбаевадан айламды асырдым. Ақпан айында Францияның бас шаһары – Парижде қола медаль олжаладым. Сөйтіп, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингінде үшінші орынға көтерілдім.
– Әлемдік рейтингте сенен кімдер жоғары тұр?
– Ширин Букли мен Нацуми Цунода. Ташкенттегі әлемдік додада олардың екеуімен де күрескенімді жоғарыда айттым ғой. Франциялық балуанды ұттым, жапониялық спортшыдан жеңілдім.
– Қысқа ғана мерзім аралығында ұзақ жылдар бойы қазақ қыздары бағындыра алмай жүрген белестердің биігіне көтерілдің. Сол үшін де саған дән ризамыз. Ал енді алдағы жоспарларыңмен бөліссең.
– Алдағы жарыстарда да Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөлесем деймін. Ал басты мақсатым – биыл Дохада жалауы желбірейтін әлем чемпионаты мен келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілу.
– Әбиба, әңгімеңе көп рахмет. Көздеген мақсатыңа жетуіңе тілектеспіз.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»