
Бочча – доп ойыны, тірек-қозғалыс аппаратының ең ауыр бұзылыстары бар балалар мен ересектерге спортта өзін-өзі сынап көруге мүмкіндік беретін бірнеше паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Мұндай ерекше алаң Павлодар қаласында алғашқы рет пайда болды. Қалалық спорт бөлімінің басшысы Әсет Әбілтаевтың айтуынша, құны 5 млн теңгеге бағаланған жобаны «СтройГрупп PVL» ЖШС салып шыққан. Саябақ ішінде орналасқандықтан балалар таза ауада емін-еркін тыныстап, кез келген уақытта ойнай немесе жаттыға алады. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар «Автомобилист» спорт кешенінде ойнап келіпті. Әлгіндей ашық алаң – облыста әзірше екеу ғана. Бұған дейін Ақсу қаласында салынған.
Жаттығу шараларына спортшылардың ата-аналары да қатысады. Себебі олардың көмегінсіз ойынды жүргізу мүмкін емес. Жаттықтырушы балаға допты қалай ұстау керек екенін, лақтыру әдісі мен машықтарын үйретеді. Мұндай мүмкіндікке ата-аналар дән риза. «Біздің балаларымызға арнайы алаң салып бергеніне ризашылығымыз шексіз. Арбаға таңылған жасөспірімдеріміз енді зерікпейтін болды. Олар бұл жерде бір-бірімен сөйлесіп, әлеуметтік жағынан бейімделеді. Саябақта серуендеп, таза ауамен тыныс алудың өзі ғажап! Бұған дейін баламды облыстық балаларды оңалту орталығына және «Самал» орталығына ғана апара алатынмын. Енді бос уақытымызда осында келіп тұратын болдық. Табиғат аясында балаларымыз бір-бірімен танысып, командалық ойынның не екенін түсініп, кәдімгідей ынтасы оянды. Келешекте үлкен жарыстарға қатысып, өзге елдерге барып жатса, біз үшін одан асқан бақыт жоқ», дейді ана Лариса Козлова.
Боччамен тұрақты айналысып жүрген Алинаның жасы 28-де, былтыр аталған паралимпиадалық спорт түрінен Қазақстанның чемпионы атаныпты. Бұған дейін Мәскеуде үлкен жарысқа қатысып келгенін мақтанышпен жеткізді.
Халықаралық балалар күніне орай Астанада өтетін ел чемпионатына павлодарлық бочча спортын серік еткендер де қатысамыз деп отыр. Ол бәсекеде еліміздің әр түпкірінен 200-ге жуық паралимпиадашы жиналады деп күтілуде. Ал тамыз айында Польшада халықаралық ойын ұйымдастырылып, оған керекулік Даяна Нұрғазина мен Виктор Кожевников жол тартпақ.
ПАВЛОДАР