
– Абзал Темірғалиұлы, өзіңізге мәртебелі мандат берген туған өлкеңізге қош келдіңіз! Бұл депутат атанғалы елге келген тұңғыш сапарыңыз сияқты.
– Иә, бұл – Мәжіліс депутаты болып сайланғаннан бері туған өлкеме алғаш келуім. Келген күннен-ақ жергілікті мәдениет мекемелерінің басшыларымен, ұжымдарымен кездесіп, кейбір мәселелерімен жақын таныстым. Алғаш кездесулерімнің мәдениет мекемелерінде өтуінің басты себебі – өзгелермен салыстырғанда бұл салада түрлі түйткіл көбірек қордаланып қалды деп есептедім. Бұл кездесулер осы ойымның рас екеніне көзімді жеткізді.
– Нақты қандай мәселелер айтылды?
– Мысалы, мен кездескен ұжымдардың қызметкерлері ең алдымен жалақының аздығын, тіпті мардымсыздығын айтты. Иә, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы бюджет саласының өзге қызметкерлерімен салыстырғанда анағұрлым аз екені рас. Өз басым Астанадағы музыкалық жас көрермендер театрының артисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлеповтің жалақысының мөлшерін естігенде жағамды ұстадым. Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасында басты рөлде ойнайтын танымал актер бос уақытында UFS рингіне барып, жекпе-жекте қатысып, қосымша ақша табады екен.
Бірақ менің ойымша қандай да бір жарлық, бұйрықпен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын әлдебір пайызға көтеріп тастау мәселені шешпейді. Нақтырақ айтқанда, тек белгілі бір уақытқа ғана кейін ысырады. Бұл мәселенің шешімі – мәдениетке, ұлттық мәдениетке деген тұжырымдаманы өзгерту, жетілдіру, бәлки тіпті қайта құру деп есептеймін. Дұрыс тұжырымдама – дұрыс құйылған іргетас сынды, кешенді реформа, шынайы өзгерістерге негіз бола алады.
Әрине, бұл салада бүкіл елге ортақ түйткілдер де, жергілікті деңгейде шешілетін мәселелер де бар. Мысалы, биыл ғасырлық тойын атап өткелі отырған Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде құжат қоймалары 100 пайыз толған, сақтау талаптары стандартқа сай емес, штат саны жетіспейді, электронды құжаттарды іздеу жүйесі орталықпен сәйкестендірілмеген.
– Мәдени тұжырымдама туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалда да айтқан едіңіз.
– Иә, 2023 жылғы 26 сәуірде жариялаған сол сауалымды «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына толығырақ келтіре кетейін.
Мемлекет тек экономикалық даму көрсеткіштерінен тұрмайды. Мүмкін бірінші кезекте бәсекеге қабілетті мәдениетті қалыптастырудан, өз мәдени жетістіктерін әлемге таныта алудан тұрса керек.
Сол себепті кез-келген мемлекет, әсіресе дамыған елдер әуелі өз елінің ұлттық мәдениетін, өнерін, әдебиетін қызғыштай қорғайтыны заңдылық.
Мен мәдениет және спорт министрлігі күні кеше қабылдаған Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Мәдениет туралы заңды зерделеп шығып, мынадай қорытындыға келдім. Елімізде заң актілерінде қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық өнері туралы концептуалды дүниелер көрініс таппаған және таяу болашақта оларды насихаттау, дамыту шаралары мүлдем қарастырылмаған.
Сөзім дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтіре кетейін: Домбырада күй орындау мен айтыс өнері ЮНЕСКО шешімімен материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген, алайда осы екі өнер саласына қатысты жоғарыда айтқан 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама мен «Мәдениет туралы» Заңымызда бір де бір норма жоқ.
Есесіне «Мәдениет туралы» заңымызда балет бишілері, олардың айрықша мәртебесі туралы жазылса, тұжырымдамада мектеп жасындағы балаларды балет пен операға апару арқылы олардың көпмәдениетті тұлғасын қалыптастыру көзделген.
2022 жылы Қазақстанда «Оқушының мәдени нормативі» деп аталатын құжат қабылданған екен, сол жерде сөзбе-сөз осылай жазылып тұр.
Тағы бір мысал: бізде жырдың ондаған түрі бар, өңірлерге байланысты бірнеше мектепке бөлінеді, олардың ішінде көне заманнан келе жатқан жырлардың жөні бөлек.
Көршілес қырғыз елінде «Манас эпосы» туралы арнайы, өз алдына бөлек заң бар, ал әзербайжан бауырларымыз «Әзербайжан халқының фольклорын қорғау туралы», «Әзербайжан халқының кілем тоқу өнерін қорғау және дамыту туралы» заң қабылданған. Еуропа елдерінің одағы тек қана өздерінің ұлттық мәдени мұраларын сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік акті қабылдаған. Ал біздің заңнамада «жыр», «жырау», «жыршылар» туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ.
Бізде мәдениет саласының шенеуніктері дәстүрлі және классикалық өнер туындылары деген ұғым қалыптастырған. «Дәстүрлі» деп қазақ халқының ұлттық өнерін, «классикалық» деп әдетте батыс елдерінің өнер туындыларын түсінетін болдық.
Мәжіліс сайлауы қарсаңында еліміздің 3 жылдық бюджеті бекітіліп кетті. Сол құжатты зерделеп шықтым.
2023 жылға Астана қаласында орналасқан «Астана Опера» театры мен «Астана балет» театрына бөлінген қаржыға қалған қазақ, орыс, ұйғыр, неміс ұлттық театрларының барлығына бөлінген қаражатты түгел қоссақ та жетпейді. Неге? Өйткені алдыңғы екеуі классикалық, яғни батыс өнеріне жатса, қалғаны, соның ішінде қазақ театрлары ұлттық-дәстүрлі өнер қатарына жатады.
Мысалы, «Астана Опера» театрының биылғы жылдық бюджеті – 5 578 541 000 теңге болса, ал 4 миллиардтан астам бюджеті бар «Астана балет» театрына қатысты жағдай тіптен қызық. Мемлекет өз есебінен салып берген ғимаратты өзі жалға алуға мәжбүр болып отыр, ол үшін жылына бюджеттен 1 млрд 292 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Классикалық театр мен қазақ театры қызметкерлерінің алатын жалақысында да едәуір айырмашылық бар. Оған негіз – «Астана балет» те, «Астана Опера» да Үкімет Қаулысымен «коммерциялық емес акционерлік қоғам» болып құрылған. Сол арқылы әрбір әртіске көтеріңкі жалақы төлеуге мүмкіндігі бар. Ал ғасырлық тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрынан бастап қалған театрларда ондай мүмкіндік жоқ, себебі оларда КеАҚ деген мәртебе жоқ.
Шетелдерге гастрольдік сапар мәселесінде де дәстүрлі өнер иелеріне емес, классикалық, яғни жоғарыда атап өткенімдей, Батыс мәдениеті өкілдеріне тұрақты түрде басымдық беріліп келеді.
Мысалы: Әуезов театрына 2023 жылға гастрольдік іссапар үшін – 67 029 000 теңге, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына – 28 272 000, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына – 11 804 000 теңге бөлінген. Ал енді «Астана балетке» мемлекеттік тапсырыс аясында 1 218 176 776 теңге қарастырылған. Көріп отырғаныңыздай, айырмашылық жер мен көктей.
Бұл мысалдардан байқағанымыздай, дәстүрлі мәдениетіміз заң жүзінде де, іс жүзінде де қорғалмаған деп айтуға толық негіз бар.
Осыған байланысты сұрақ туындайды: Қазақ ұлтының мәдениеті неге өз елінде, өз жерінде, өз мемлекетінде өгейдің күйін кеше бермек?!
Мен бұл жерде бюджеттен жаңадан қаражат бөлдіру мәселесін емес, мемлекеттік бюджетте қарастырылған қаражаттың әділ бөлінуі туралы мәселе көтеріп отырмын. Осыған байланысты ұсынысым – «Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» қайта қарау керек. Біз қазақ мәдениетін дамыту мәселесі бойынша ұзақ жылдарға негізделген ұлттық тұжырымдама жасақтауымыз қажет. Сонда тиісті заңнаманы да сол тұжырымдамаға сай қабылдатып, қалыптасқан келеңсіз тәжірибені де өзгертуге жол ашылар еді.
– Бұл мәселенің шешімі туралы нақты жоспар бар ма?
– Жалпы, бұл мәселені шешу жолы бірнеше кезеңнен тұрады. Жоғарыда айтылған мәдени тұжырымдаманы қабылдау – мәселені шешудің алғашқы сатысы ғана.
Депутаттық сауалда айтқанымдай, мәдени тұжырымдаманы жасауға ерекше мән беру керек. Бұл іске мәдениет, өнер саласындағы үлкен қайраткерлер мен ғалымдар тартылуға тиіс. Содан кейін «Мәдениет туралы» Заңның өзін қайта қарау керек. Онда қазақ мәдениетінің, дәстүрлі мәдениеттің рөлі мен орны туралы мәселе көрініс табуы керек. Бұл заң қабылданған соң мәдениеттің әртүрлі саласы – өнер, музей, т.б. салалық заңдар керек.
Егер жан-жаққа бұра тартпай, қазақтың білікті ғалымдары, өнер, білім, мәдениет, әдебиет саласының білікті мамандары қолдаса, айналдырған 2 жыл ішінде осы жүйені жасап алуға болады.
Мысалы, қазақ биі, айтыс, жыршылық өнер туралы заңдар қажет. Қазақ өнері, ұлттық мәдениет жекелеген адамдардың жанқиярлық жұмысына зәру болмай, заң жүзінде қорғалуға тиіс. Сонда ғана бұл мәселеде көп түйіткілден арылған болар едік. Ең қиыны, жырды жалықпай тыңдайтын орта жоғалып барады. Біле білсек, қазақ жырында ұлттық кодымыз жасырынып жатыр. Егер қазақтың жыршылық өнері жоғалатын болса, ұлттық мәдениетіміз орны толмас апатқа ұшырайды. Сондықтан ел ішіндегі талантты жыршыларды іздеп тауып, танымалдарын қолдап, бұл салаға тың серпін беру керек.
– Осы айтылғандар ойдағыдай жүзеге асса, қандай нәтижеге жетеміз?
– Біз осы арқылы тарихи тізбекті қалпына келтіреміз. Өзіміздің төл мәдениетімізге жастардың құрметін ояту керек. Ұлттық мәдениетті қорғау – мемлекеттің тікелей міндеті екендігін айтқым келеді. Қазақтың ерекше бітім-болмысына, мәдениетіне деген әлемнің қызығушылығы оя нады. Бұл туристік кластерді қалыптастырудың да маңызды кілті. Әлем үшін бірінші кезекте ұлттық ерекшелік, қайталанбас мәдениет қызық. Осыны біз ұлттық тұжырымдамада бекітіп алуымыз керек. Бұл тұрғыда көршілес елдердің тәжірибесінен үйренуге тұрарлық тұстар бар. Ғұмар Қараштың бір ғасыр бұрын айтқан «Әрбір істе қазақ иісі аңқығанын Тірлікте көзімізбен көреміз бе?» деген сөзі қазір де өте өзекті.
Қазір әлемде өз орнымызды табудың қауіпсіз жолы – төл мәдениетімізді көтеру. Сондықтан, мәдени тұжырымдама қабылдау – бірегейлік пен қауіпсіздікті күшейтетін амал.
Әңгімелескен
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы