
Халық Қаһарманының ерлігі ел есінде. 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде оқ-дәрі сақтайтын қойма өртенді. Өртті сөндіру, эвакуациялау жұмыстарына өңірлік төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Айманов жетекшілік етіп, екі әріптесін өрттен аман алып шыққан еді. Алайда екінші жарылыс батырдың өмірін қиды. Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін марқұмға Халық Қаһарманы атағы берілді.
Ерен ерліктің үлгісін танытқан М.Аймановқа Павлодар жерінде мұндай құрметтің жасалуы тегіннен-тегін емес. Ол 1995-1997 жылдар аралығында Ішкі істер министрлігінің Павлодар техникалық колледжінде білім алған. Академик Шөкин-Катаев көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйдің қабырғасына салынған мурал өрт сөндірушілердің жанқиярлық еңбегіне арналып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбылдағы төтенше оқиға салдарынан 18 адам көз жұмған болатын. Оның 10-ы – азаматтық қорғаныс өкілі.
Павлодар