
Кеш шымылдығын «Жайқоңыр» қазақ ұлттық фольклорлық ансамблі күймен ашты. Сондай-ақ бұл күні еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, Торайғыров университетінің профессоры Ербол Айтбаев, мәдениет қайраткері Жәнібек Мәліков, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Жанболат Байсолтан, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Салтанат Қисатова, успендік өнерпаз Ербақ Құрметжан өз өнерлерін көрсетті.
Сонымен қатар Ақан сері атындағы І республикалық конкурстың бас жүлдегері Жайдар Шұнан, «Өнер» қалалық мәдениет сарайының әншісі Мұхит Нұрбол, Естай атындағы балалар музыка мектебінің өнерпаздары Манейхан Қуандық, Азамат Әсет, Тілеген Біләл, «Атамұра» мәдениет орталығының дәстүрлі әншілері Жомарт Қабыкенов, Сұңғат Көпежанов, Болатбек Шаланов, жас әнші Айдын Бейсен, халық арасынан шыққан бүркітші, атбегі, әнші Қуат Кәрімов көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Атап өтерлігі, ән кешінің форматы бұл жолы өзгешелеу болды. Жас ақын Ерболат Әміренов әншілерді жай хабарлаумен шектелмей, орындалатын әндердің шығу тарихы, өнер зерттеушілерінің берген бағасы туралы қысқа мәлімет айтып отырды.
Жиналған жұртшылық Ақан серінің шоқтығы биік «Сырымбет», «Балқадиша», «Маңмаңгер», «Ләйлім шырақ», басқа да әндерін ерекше қабылдап, өнерпаздарға тік тұрып, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ кеш барысында Талант Тежекенов пен Қайрат Тоқан композитордың «Кербез керік», «Ұзақ ақжелең» күйлерін орындап, халық қошеметіне ие болды.
ЕКІБАСТҰЗ