
«Amanat» партиясы өңірлік филиалының ұйымдастыруымен алапат өрттен зардап шегіп отырған Семей жұртына 35 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдері, ауыз су, жеке гигиеналық заттар және жанар-жағармай талондарына қаражат жиналды. «Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко аймақ халқы көршілес өңір тұрғындарына қиын кезеңде қолұшын созуда белсенділік танытқанын айтады.
«Бастамаға жергілікті қоғам белсенділері мен ірі кәсіпорын өкілдері белсенді атсалысты. Бір күннің ішінде 15 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Абай облысының жұртшылығына ыңғайлы болсын деп аталған өңір жеткізушілерінен 10 және 20 литрлік талондармен 10 тонна жанар-жағармай сатып алдық. Сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың балаларына жоғары оқу орындарынан, яғни С.Торайғыров университетінен 10 грант және Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университетінен 5 грант сертификаты беріледі», дейді И.Теренченко.
Қайырымды істен аймағымыздың жастары да қалыспады. 30 еріктіден құралған жоғары оқу орындарының студенттері қолұшын созуға Семей өңіріне аттанып кеткен. С.Tорайғыров университеті жанынан құрылған «Жақсылық жаса» еріктілер ұйымының өкілі Харис Абди адамдарға қолұшын созу – басты мақсатымыз дейді. «Абай облысына 3 күнге барамыз. Өрттен зардап шеккен ауыл тұрғындарына қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Яғни азық-түлік, бірінші кезекте қажетті заттарды таратамыз. Ел болып көмектесетінімізге қуанамыз», дейді ол.
Павлодар облысы