Аймақтар • 25 Шілде, 2023

Шеттегі Шемонаиха сапары

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат тобы Шығыс Қазақстан об­лы­сына қарасты Шемонаиха қаласына жұмыс сапарымен бар­ды.

Шеттегі Шемонаиха сапары

Үгіт-насихат тобын бастап келген әскердің бас тәрбиешісі, генерал-майор Қайрат Үмбетов қа­ла іргесінде орналасқан 6699 әскери бөліміне соғып, сар­­­баз­дардың және әскери бөлімнің жағдайымен таныс­ты. Сапар барысында Ұлттық ұлан арда­гер­лері, ауған жерінде қыз­мет еткен жауынгерлер, сар­баз­­дар және оқушылардың қатысуымен ІІ дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған мемориалға гүл шоқ­тарын қою рәсімі өтті. Іс-шара ер­лік­пен қаза тапқан батырларды 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

«Сұрапыл соғыс жылдары Шемонаиха ауданынан майдан даласына 8077 адам аттанып, оның 5312-сі мерт болған. Аудан тарихына қарап отырсақ, 2437 адам із-түссіз жоғалып кеткен екен. Олар ел іргесін жаудан қорғау үшін оққа кеуделерін тосты. Сондықтан біз сапарымызды батыр аталарымыздың рухына тағзым етіп, «Даңқ алауы» ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастағанды жөн көрдік», деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары.

Сондай-ақ ол өңірлерді ара­лаудағы басты мақсатын айтып, аудан тұрғындарына Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Бота­қановтың сәлемін жеткізді. Жиында аудандық интернацио­налист-жауынгер ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Кривцов пен аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов сөз сөйледі. Олар құрметті қо­­­нақ­тардың арнайы аудан ор­талы­­ғына атбасын бұрғанына ризашылықтарын білдірді. «Бү­гінгі іс-шара жас ұрпақтың бойындағы қазақстандық патрио­тизмді қалыптастыруға сөзсіз әсер етері анық. Ұлттық ұлан ел тыныштығын сақтауда зор мәнге ие. Осы жолда абыройлы қызмет ете беріңіздер», деді аудан
әкі­мінің орынбасары.

Меймандар осыдан соң ел арасында «Марияның жартасы» аталып кеткен жерге барды. Бұл жерде қонақтарды өлкетану музейінің өкілі Наталья Рудакова қарсы алды. Мұнда оң қолын кеудесіне қойып, жартас жиегінен төменге қарап тұрған мұңды қыздың мүсіні қойылыпты. Музей қызметкерінің айтуынша, бұл – шемонаихалық жазушы Анатолий Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романындағы кейіпкер – Мария Воронованың жиынтық образы. Осыдан соң Наталья Юрьевна қонақтарды өлкетану музейіне қойылған жәдігерлермен және аудан тарихымен таныстырды.

Сапар барысында генерал-майор Қайрат Жарылғасынұлы Ұлттық ұлан сапында келі­сім­шарт бойынша қызмет ететін көп балалы отбасымен жолықты. Бүлдіршіндерге Ұлттық ұлан­ның Бас қолбасшысы атынан сыйлық табыстады. Ал кешкілік аудан тұрғындарына арналған көшпелі концерт ұйымдастырылды. Сахнада Ұлт­тық ұлан Ән-би ансамблінің қыз-жігіттері өнер көрсетті. Олар халық әндерінен бастап, эстра­да­лық әндерге дейін орындады. Көрермендер домбыраның күмбірлеген үніне, мың бұралған бишілердің қимылына тәнті болып, қошемет білдіріп отырды. Әуезді ән көрермен жүрегіне жеткені соншалық, көзіне жас алып, жүрек тебіренісін жасыра алмағандар да болды.

«Мен концерт дәл осындай дәрежеде болады деп күтпеген едім. Маған қатты ұнады. Мен осы өңірдің тумасымын. Бүгінде Алматы қаласында тұрып жатырмын. Демалысты пайдаланып туған жеріме келген едім. Осындай тамаша кешке тап болдым. Ансамбль мүшелері өте талантты екен. «Любовь уставших лебедей» әнін орындаған Сәкен Әлімхановқа риза болдым. Мен оны еліміздің мақтанышы Димаш Құдайбергенге ұқсаттым. Әнге ілесіп, би билеп сергіп қалдық», деді аудан орталығына қонаққа келген Ольга Гришенко.

Концерт кезінде генерал-майор Қайрат Үмбетов Ше­монаиха тұрғындарын аудан­ның 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ аудан әкім­дігіне арнайы әкелген естелік сыйлықтарын табыстады.