Әскер • 08 Тамыз, 2023

Танкистер шеберлігін шыңдап жатыр

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы күштердің танк бөлімшелері қазіргі уақытта су кедергілерінен өту бойынша шеберліктерін шыңдап жатыр. Сарыөзек шабуылдау бригадасының Т-72 танк экипаждарына арналған тәжірибелік сабақтар Қонаев гарнизонындағы оқу-жаттығу орталығының су айдынында бас­талды.

Танкистер шеберлігін шыңдап жатыр

Танкистер салмағы әлденеше тоннаны құрайтын шынжырлы машинамен су кедергілерінен кідірмей өту алгоритмін үйреніп жатыр. Су ішінде қозғалу үшін танктер жауынгерлік ма­ши­наға ауа беретін арнайы жабдық­тар­мен қамтылған.

Танкпен суға түсер алдында люктер ар­найы су өткізбейтін жабдықтармен тығыздалып жа­былады. Оқпанның аузына да өзінің қақпағы кигізіледі. Са­ңы­лаулар мен тесік­тер арнайы су өткізбейтін майла­ғыш­пен өңделеді. Дизайн ерек­шеліктеріне байланыс­ты Т-72 танкі су астында бес метр тереңдікте бір шақырым қашық­тықты жүріп өтуге қабілетті.

– Экипаждар жеңіл сүң­гуір­лік да­йындық курсынан өтті. Олар осы­лай­­­ша төтенше жағдайда дұрыс және сенімді әрекет етуге дағ­ды­лан­­­ды. Танк суға батқан жағ­дай­да эки­паж екі са­ғатқа дейін ауа қоры бар ИП-5 оқшаулағыш тыныс алу құрылғыларын және құт­қару кеуде­ше­лерін пайда­ланады. Біздің танкис­тер жаз бойы машинаны су ішінде жүр­гізудің тәжіри­бе­лік дағды­ла­рын же­тілдірді, – дейді 12740 әскери бө­лі­мінің ко­мандирі, подполковник Дәулет Секенов.

Жүргізуші механик үшін көлікті су ішінде айдау оңай жұмыс емес. Танк азимут көр­сет­­кішінің нұсқауы бойынша жай маневрмен жүруі керек. Бұл жағдайда жүргізуші механик су астында тоқтап қалмас үшін қозғалтқыштың айналу жыл­дам­дығының тұрақ­ты­лы­ғын бақылауы маңызды.

Құтқару-көшіру құралдарының эки­паждары жеке құрамның қауіпсіз­дігін қам­тамасыз етіп, судағы танк­ті жіті бақылап отырады. Тосын жағ­дай­да олар әскери қыз­мет­ші­лер мен жауынгерлік машинаны құрлыққа эвакуациялайды.