Айбын • 21 Тамыз, 2023

Айдынға шықты кемелер

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда Қарулы күштер Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына орай әскери кемелер мен есептоптардың салтанатты шеруі өтті.

Айдынға шықты кемелер

Парадты Қорғаныс министрі­нің бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Марат Құсайынов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қарулы күштердің ардагерлері бақылады. Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Сәкен Бекжанов шеруді басқарды.

Салтанатты сапта бірінен кейін бірі «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зы­мы­ранды-артиллериялық кеме­лері, «Алатау» мина-тартқыш ке­месі, «Табиғат» және «Жайық» гидрографиялық кемелері жүрді. Жағалау бойымен бірдей сап түзе­ген теңізшілер көрермендерді кеме­ артиллериясы қаруының дүр­кіндеткен дауысымен қарсы алды.

пара

Қала жағалауында шерудің құрлықтағы бөлігі өтті. Әскери оркестрдің үнімен салтанатты маршпен Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің салтанатты есептоптары жүріп өтті. Соны­мен қатар көрермендерге әскери кемелердің оқ жаудыруы арқылы бүркемелеп, теңіз жағалауына тактикалық десант түсіру көрінісі ұсынылды. Нақтырақ айтқанда, теңіз жаяу әскерлері биыл Әскери-теңіз күштерінің қатарына қо­сылған «Қайсар» бронды жыл­дам қайығынан десант түсіру тапсырмасын пысықтады. Оқу-жауын­герлік тапсырмаларды орын­дау барысында теңіз жаяу әс­кер­лерінің ротасы шартты қарсылас қолындағы плацдармды қайтарды.

Дәстүр бойынша әскери қыз­метшілер Маңғыстау жауын­герлерін еске алды. Мәңгілік алау­ға гүл шоқтарын қою рәсі­міне Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, контр-адмирал Ратмир Комратов, Қарулы күш­тердің ардагерлері қатысты.

сми

Қарулы күштер Ұлттық әс­кери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі мен Орталық әскери оркестрі дайындаған ме­ре­келік концерт қала тұрғын­дарына керемет көңіл күй сыйла­ды. Іс-шараның ең қызықты сәті – Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдық мерейтойына арналған ме­рекелік отшашу болды.