Білім • 23 Тамыз, 2023

Жаңа оқу жылына әзірлік

345 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Санаулы күннен соң мектеп қоңырауы сыңғыр қағады. Ал Қарағанды облысындағы бес мектепте енді қоңырау соғылмайды. Есігі тарс жабылды. Ауылдағылардың дәрмен қылар дәнеңесі де жоқ. Бала саны аз болғандықтан, биылғы жаз оларға алаң күй кешумен өтті. Дегенмен, бүлдіршіндер жақын маңдағы мектепке барады.

Жаңа оқу жылына әзірлік

– Бұқар жырау ауданына қарасты Бірінші май ауы­лын­­да былтырдан бері 4 оқу­­­шы ға­на оқиды. Олар Тұзды ауы­лы­ның жалпы білім беретін орта мектебіне орналасады. Осакаров ауданындағы №37 бастауыш мектебінде оқитын 4 оқу­шы №12 мектепке ауысып, жаңа оқу жы­лы­нан бастап мұғалім­дер де сол ұйым­ға жұ­мысқа орналасатын болады. Соны­мен қатар Сарыөзен ауылындағы №14 орта мектептегі 22 оқушы Ә.Бөкейхан атын­­дағы мектеп-интернатында оқи­ды. Олар­дың сабаққа күнделікті келіп-кетуі үшін көлік ұйымдастырамыз. Ал Шет ­ауданы Тұмсық пен Ақсу ауылдарындағы бас­тауыш мектепте оқитын оқушылар аудан орталығындағы Ы.Алтынса­рин атын­дағы мектеп-интернатқа орналасып, мұға­лімдері де сол жерге жұ­мыс­қа қабыл­данады, – деді облыстық білім басқар­масының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жабылған мектеп оқушыларының сапалы білім алуына барлық жағдай жасауды, мұғалімдерді де жұмыспен қамтуды өз назарында ұстамақ.

Биыл 115 білім беру нысанына түрлі деңгейдегі жөндеу жасалған. Дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Шынар Ақпарованың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары Теміртау қаласының №32 ор­та мек­тебінде, Бұқар жырау ауда­ны­ның А.Байтұрсынұлы атында­ғы, Нұра ауданының Ж.Аймауыт­ұлы атындағы мектептерінде жү­ріп жатыр. Бұл тізімде облыстық №2 «Білім-инновация» маман­дан­дырылған лицейі де бар. Ал ғимараты апатқа ұшыраған №1 арнайы мектеп-интернатында дәл осындай күрделі жөндеу өт­кен жылдан бері жалғасып ке­ле­ді. Бірақ бұл оқу орны 1 қыр­­күйекте  оқу­шы­­ларын қабылдай алмайды. Се­бебі, мұндағы қауырт жұмыс 31 желтоқсанға дейін жалғасады деген болжам бар. Оқушылары бұрынғы «Құлыншақ» балалар үйінің ғимаратында уақытша оқу­ды жалғастырады. Олар былтыр апатты жағдай орын алғанда дәл осы жерге ауыстырылған болатын. «Осакаров ауданының №28 орта мектебінде ғимаратты қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төрт мектепте жөндеу жұмыстары 31 тамызға дейін жал­ғасады», дейді Ш.Ақпарова.

Құзырлы орган өкілі жөндеу жұмысы аяқталмайтын тағы бір мектепті атады. Ол – Осакаров ауда­нындағы №28 орта мектеп. Жұмыстарды аяқтау үшін әлі бір жыл қажет екен. Нақтылар болсақ, келесі жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша аталған мектеп оқу­шылары Молодежный кен­тінің Қ.Сәтбаев және Абай атындағы мектептеріне ауыстырылып, тасымалдау да ұйымдастырылады.

Ш.Ақпарова Қарағандыда ­400 орын­дық жаңа мектеп салы­на­­ды деген жақсы жаңалығы­мен ­де бөлісті. Ол 1947 жылы салын­ған №44 апаттық мектеп­тің орны­на пайдалануға бері­ле­ді. Оқушы­лар уақытша №64 ор­та мектепке ­ауыстырылды. Ауыл мектептеріндегі алаңда­та­тын мәселе – жылу қазан­дықта­ры. Ш.Ақпарова ауыл­дағы оқу орын­дарында қазандықтар­ды ғимараттардан қауіпсіз қашық­тыққа шығару жұмыстары жал­ғасып жатқанын айтты. Дәл осындай 32 мектеп бар. Бұған қоса, Саран, Бұқар жырау және Шет аудан­дарының үш мектебінде спорт залдарының құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Департамент мұны да бақылауда ұстайды.

Биыл мектепке 172 мыңнан аса бала барады. Оның 17 мыңнан астамы мектеп табалдырығын ал­ғаш рет аттайды. Білім ұйым­дарының барлығында жылы­ту жүйесіне жөндеу жұмыс­тары жүргізіл­ген. 17 мектептің іргесіне жаңа жылыту қазанды­ғы орнатылған. Қазір көмір тасымалданып жатыр. Қажетті кө­лемнің 70 пайызы жеткізілген. Мектептегі қауіп­сіздік мәселесі де рет-ретімен шешіліп жатқан жайы бар.

– Бейнебақылау жүйелері­­мен білім беру нысандарының ­бар­лығы жаб­дық­талған. Поли­ция департаментінің жедел басқару орталығына балабақшалар мен колледждердің камералары те­гіс қосылған. Мектептер бойынша жұмыс жалғасу үстінде. 582 білім беру ұйымы дауыстық хабарлау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Тур­никеттер 203 нысанға орнатылды, арнайы күзет 206 ұйымға енгізілді. Арнайы күзет балабақшаларда да болады, – дейді Г.Қожахметова.

Мектептер оқулықтармен қам­та­ма­сыз етіліп жатыр. Жеткізу жұ­мыс­тары 25 тамызға дейін аяқ­талады деп жоспар­ланған. Бас­қарма басшысы тегін тамақ беру де маңызды міндет екенін атап өтті. Бастауыш сынып оқушылары, сон­дай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шық­қан 11 мыңнан астам бала тегін тамақтана алады. 101 елдімекеннен мектепке қа­ты­­найтын 1 566 оқушыға 70 автобус бері­ліпті. Автобустар 1 қыр­күйекке дейін тех­­­ни­калық бақылаудан өтеді.

Биыл ақшалай жәрдемақы мөлшері – 40 567 теңге. Бұл сома ата-аналардың банк карталары­­на аударылады. 10 мың оқушы­ға оқу құралдары мен мектеп фор­масы беріледі. 4 886 адамға көмек көрсетілген. Қаражат жалпы білім беру қорынан бөлінеді. «Мек­тепке жол» акциясы 1 тамыздан басталған. 30 қыр­күйекке дейін жалғасады. Қазірдің өзінде акция шарапатын 1 мыңға жуық оқушы көрген.

Облыста барлығы 24 355 педа­гог бар. Әлі де мұғалім тапшы­лығы шешімін табар емес. 640 маман тапшы. Бұл мәселені жолға қою үшін өңірде мамандарды қай­та даярлау бойынша тегін курстар ұйым­дастырылған.

Мектеп табалдырығын аттай­тын өзге этностың 35 баласы енді қазақ тілінде білім ала­ды. Қолдарына әліппені ала­тын оқу­шы­лардың саны 17 мың­нан асса, 9 мыңға жуық бала мем­ле­кет­тік тілде білім алмақшы. Солар­дың қата­рында Владислав Терещук та бар. Қара­ғандыдағы №21 мек­­тепке құжат тапсырыпты. Даяр­лық сыныбын қазақ тілінде тәмамдапты. Анасы Светлана Терещук бұл шешімге отбасымызбен ақылдасып, келдік дейді.

– Әрине, басында алаңдау­шылық болды. Әуелі ұлымыздан «Қазақ тілінде оқып кете аласың ба?» деп сұрадық. Влади­слав өзіне сенімді екенін айтты. Қазақ­ша бірнеше сөз біледі. Теледидардан қазақ тілінде балаларға арналған түрлі бағдарлама көреді. Мульт­фильмдер қа­райды. Әрине, ұлы­мыздың бұл талпынысына ата-ана ретінде өте қуаныштымыз. Шыны керек, біз қазақша мүл­дем түсін­бейміз десек те болады. Алай­да баламыз мемлекеттік тіл – қазақ тілін білсе, орыс тілін білсе, арманына жол ашылады деген сенімдеміз. Ұлымыз жедел-жәрдемде жұмыс істегісі келеді, – дейді С. Терещук.

Светлана №21 мектептің мұ­ға­лім­де­ріне риза. Баламен тиім­­ді жұмыс істей­тінін айтады. «Мүлдем қазақша біл­мейтін ұлым­­ның қызығушылығын оята алған мұғалімдеріне ерекше ризамын», дейді ол.

№31 мектепке неміс қызы Аилин Вик­торқызы қазақ тілінде қаріп танымақ. Де­генмен, бұл балдырған қазақша сайрап-ақ тұр. Әкесі Виктор Шет ауданы, Еркіндік ауы­лында өніп-өскен. Кейін қалаға қо­ныс аударып, қа­зір отбасымен осында тұра­ды. «Төрт балам бар. Тәубе. Соның кен­жесі Аилин қазақ тілінде білім алғысы келеді. Алдыңғы балаларымның бәрі оқу­ла­рын қазақ тілінде тәмам­даған. Өзім қазақ ауылында өс­кен­діктен балаларым да қа­зақшаға судай. Орысша да біледі. Де­ген­мен, біз осы елдің суын ішіп, нанын же­ген соң, әрине қазақ тілінде білім ал­ға­нын қаладық. Қазақтың тілі шұ­рай­лы, бай. Сондықтан қы­зым­ның бұл қада­мына ерекше қуан­дық дейді» әкесі Виктор Шлехт.

 

Қарағанды облысы