«Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Тектінің тұяғы еді» атты кітаптардың авторы П.Дүйсенбин әдеби ортада ерте танылды. Ол Қазақстан Жазушылар одағы мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізетін жабық бәйгенің 1979, 1980, 1981, 1986 жылдардағы лауреаты.
Мектепте оқып жүрген жылдары-ақ тырнақалды өлеңдерін, әңгімелерін республикалық газеттерде жариялай бастаған үздік оқушы қарындашпен сурет салуға да қызығатын еді. 1958 жылы оның салған суреттері Мәскеуде шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды. Оның 1995 жылы Жеңістің 50 жылдық мерейлі мерекесіне орай салған «Қос Қыран. Бауыржан мен Панфилов» картинасы Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы мұражайына қойылған.
П.Дүйсенбин 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына оқуға қабылданды. Студенттік жылдары жастар басылымында оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың еңбектері туралы, атап айтқанда, Леонардо да Винчи, Сикейрос, Рылов, Коненков, Сарьян, Левитан, Орал Таңсықбаев, Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаевалар туралы мақалалары жарияланғанда, терең дүниені тұщына қабылдайтын оқырман танымы кең жас тілшінің ұлт руханиятына олжа салар биікке ұмтылысын байқамай қалған жоқ. «Жұлдыздар неге жылайды?» деген алғашқы повесімен әдеби ортаның назарын аудара білген П.Дүйсенбин студент кезінен бастап «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп, бүгінде ұлттық әдебиеттің классиктеріне айналған сол тұстағы талантты шоғырмен қанаттасып қатар қызмет ете жүріп, шығармашылығын көркем ізденіспен байыта түсті.
«Пернебай ағамыз – алыс ауылда жүріп, Алаштың ардақтысына айналған тұлға. Оқырман мойындаған. Қоғам мойындаған. Ең үлкен қасиеті – қарапайымдылығы. Ешқашан мерейтой өткізбеген. Қазақстанда мерейтой өткізбеген екі қаламгер болса, өз басым соның бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі – Пернебай Дүйсенбин деп ойлаймын. «Лениншіл жастың» дәуірлеп тұрған шағында қызмет еткен Пернебай ағамыз өзі ашқұрсақ жүрсе де, жыл бойы стипендиясын жинап, алыс сапарларға аттанып, одаққа аты мәшһүр танымал тұлғалар туралы ғажайып эсселер жазып, газеттің кезекті санында жарқ еткізіп, оқырманын жалт қарататын сәулелі кезең ешқашан көмескі тартпақ емес» деп әдеби іс-шараның алғысөзін алып, кездесуді жүргізген қаламгердің шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист Қали Сәрсенбай ұстазының өмірінен қызықты сыр шертті.
Бүкіл ауылдың бір шамшырағы болады. Ол – ұстаз. Өскен өңірдің топырағына сүйіспеншілік жас талантты туған ауылына жетектеп, қарымды қаламгерлігін қоғаммен қоян-қолтық белсеніп қызмет етуімен сабақтастыра жүріп, аманат арқалаған елінің абыройлы азаматына айналды. Жазушы өмірінің әр кезеңіне бүгінгі күн биігінен шолу жасай тұрып, Қазақстан қаламгерлері атынан құттықтаған Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып мерейтой иесінің шығармашылығына тоқталып, балалар әдебиетіне қосқан елеулі үлесі туралы әңгімеледі. «Пернебай аға, Жайылма деген кішкентай ауылдың өзінен әдебиетке қызмет етіп жүрген Қазақстан Жазушылар одағының қаншама мүшесін тәрбиелеп шығардыңыз. Олардың әрқайсысын алақаныңызға салып баптап, өз қолыңызбен қияға ұшырдыңыз. Шәкірттеріңіздің әрқайсысы бір-бір тұлға, елге белгілі азаматтар. Өмірде осы ұстаздық қызметіңізді әдебиеттің тәлім-тәрбие беретін мектебіне айналдырған адам ретінде біз сізді қадірлейміз. Қазақта сіздей ақсақалдарымыз сирек. Тұтас бірнеше буынды қазақ әдебиетіне алып келген, оларды тәрбиелеп, «әдебиет – ардың ісі» екенін түсіндіріп, қаламын шыңдаған, болмысы қарапайым, тек шығармашылық еңбегімен жарып шығып келе жатқан үлгі тұтар ағамыз өзіңіз, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын», деді Б.Жақып.
Іс-шараға жазушылар, өнертанушылар, ғалымдар, белгілі өнер адамдары, әншілермен қатар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары басшылары және жазушының шәкірттері қатысты. Жазушы Бейбіт Қойшыбаев П.Дүйсенбиннің қаламгерлігімен қатар, қатпарлы тарих сырына да тереңдеп, қазақтың өткен қасіретті тарихын зерттеуге, жаңғыртуға қосқан еңбегі туралы ақтарыла сөз қозғады. Тарих тамыршысының айтуынша, тарихи-танымдық «Шежірелі Сарысу», «Үркердей болып көшкен жұрт...», «Сарысунама» атты тарихи-деректік томдары сол іргелі ізденісінің нәтижесі.
Мағира Қожахметова аймақта жатып та, әдебиеттен ойып орын алып, белгілі есімге айналған құрдасына жылы лебізін білдірді. Ал белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова әдеби тұлғаның Алаш қайраткерлеріне тән санаткерлік қырына, тұлғалық қасиетіне жоғары баға берді.
Энциклопедиялық білім жинаған интеллект иесі, азаматтық болмысы мен биік мәдениетіне қылау түсірмей, бүгінгі мерейлі жасына абыроймен жеткен жазушы талантты тай күнінен танып, өз қолдауын көрсетуден аянбаған қамқор ұстаз. Сол себепті кітапхана төріндегі бұл басқосу ұстаз бен шәкірттердің кездесуі іспетті шынайы сипатта өрбіді. Сондай-ақ жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шәкірттері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, Мәдениет және білім беру салаларының үздігі Торғын Смайлова, Мәдениет саласының үздігі, күйші Саян Ақмолда, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Исатаевалар ұстаздарына алғыс айтып, ән мен күйден шашу шашты. Жазушының туған жерінен келген жерлестері Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұлов, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова жазушының туған жерінің ықыласы мен құрметін жеткізді.
АЛМАТЫ