
– Рустам Қуанышбекұлы, қарапайым халық президенттік аурухана деп атайтын мекемеде тек мемлекеттік қызметкерлерге қызмет көрсетіледі деп ойлайды. Дегенмен сіздерге басқа азаматтарымыз да қарала ала ма?
– Әрине, біз тіркелген контингентпен жұмыс істейміз, олардың саны бүгінде 25 мың адамды құрайды. Бұған қоса Қазақстанның кез келген азаматы біздің ауруханадан квота бойынша тегін ем ала алады. Сондай-ақ шетел азаматтарына да ақылы ем-шаралар қызметі қарастырылған.
– Президент Іс басқармасының Медициналық орталығында еліміздің үздік дәрігерлері жұмыс істейтінін білеміз. Ауруханаға жаңадан маман қабылдарда қандай критерийлерге сүйенесіздер?
– Әрине, іріктеу критерийлері бар. Әдетте біз жоғары санаттағы ең тәжірибелі дәрігерлерді шақырамыз. Бірақ қазір жас дәрігерлерді жұмысқа алып, оларға өзіміз үйрету үрдісін жолға қойып келеміз. Біздің ауруханада тәжірибелі және білікті медициналық қызметкерлер, оның ішінде бас аритмолог, бас пульмонолог және бас онколог мамандары жұмыс істейді. Сонымен қатар бізде 13 медицина ғылымдарының докторы жұмыс істейді, оның ішінде 6 профессор, 30 медицина ғылымдарының кандидаты, 20 MBA, 7 PHD дәрежесіндегі маман бар. Біздің мекеме – Қазақстандағы ғылыми мәртебесі бар жалғыз аурухана.
– Аурухана медициналық ұйымдармен, соның ішінде медициналық университеттермен меморандум жасайды. Бұл әріптестік байланыстың қандай оң ықпалы бар?
– Әрине, мұндай меморандумдар бар. Біз Астана, Семей және Қарағанды мемлекеттік медициналық университеттерімен меморандумға қол қойдық. Бұл меморандумдардың мақсаты – базамыздағы түрлі аспектіде клиникалық зерттеулер, ғылыми жұмыстарды дамыту. Мысалы, біз МОА-да осы университеттердің клиникалық кафедраларының филиалдарын аштық. Университетті бітірген соң ең үздік түлектерді ауруханаға жұмысқа қалдырамыз.
Елімізде дәрігер тапшылығы мәселесі өзекті болып тұр. Әсіресе реанимация, гинекология сияқты бейіндік мамандардың жетіспеушілігі қатты сезіледі. Бірақ біздің жағдайда барлық жұмыс орны бос емес, мамандарды тартуда ешқандай қиындық жоқ екенін айтқым келеді.
– Осы орайда өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Неліктен кардиохирургия саласына ауысуға шешім қабылдадыңыз?
– Бала кезімде атақты кардиохирург В.Бураковскийдің «Алғашқы қадамдар: кардиохирург жазбалары» атты кітабы қолыма түсті. Бұл кітап маған қатты әсер етті және менің мамандық таңдауыма себеп болған шығар. Сондай-ақ менің үлкен әпкем дәрігер болып жұмыс істейді. Ол да мен үшін үлгі болды. Астана қаласының медицина институтына түсу кезінде «Кардиохирургия» мамандығы болған жоқ, оқуымды жалпы хирург ретінде бітірдім. Ұзақ уақыт аудандық емханаларда жұмыс істедім. Жалпы, университетте оқып жүргенде еңбек жолымды санитар, мейіргер болып бастадым, бірақ кардиохирург болу деген бала арманым менен ұзап кетпеді. Бір күні клиникадағы кезекшіліктен шыққаннан кейін Мәскеудегі А.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясының Ұлттық медициналық зерттеу орталығына байланысқа шықтым. Демалысымда Мәскеудегі осы орталыққа емтихан тапсырып, оқуға түстім. Әйгілі клиниканың аспирантурасында 3 жыл оқыдым және кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Бұл жетістікке «Болашақ» бағдарламасы арқылы қол жеткіздім.
– «Болашақпен» Еуропада да, Америкада да оқуға болады. Сіз неге Ресейді таңдадыңыз?
– Біріншіден, сол кезде елдердің таңдауы шектеулі еді және бұл нұсқа мен үшін жақсырақ болды. Менің міндетім – кандидаттық диссертацияны қорғау және ғылыми дәреже алу. Ал Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясының Ұлттық медициналық зерттеу орталығы ТМД-дағы ең қуатты медициналық мекемелердің бірі болатын. Шын мәнінде, Қазақстандағы жетекші кардиохирургтің көбі Бакулев институтынан шыққан.
Қазір біздің ауруханада «Болашақтың» 12 түлегі бар. Олар әртүрлі елде оқыды. Менің ойымша, бұл стипендия көптеген азаматқа өз саласының үздік маманы болуға мүмкіндік беріп келеді.
– Қазіргі уақытта ауруханада жауапты қызметтесіз. Бірақ науқастарға операция жасауға мүмкіндігіңіз бола ма?
– Өкінішке қарай, операцияға уақыт мүлде жетіспейді. Дегенмен аптасына 1-2 рет уақыт табуға тырысамын. Сондықтан Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісімен сенбі күндері операция жасай алатындай келісім бар. Жұмыс күндері аурухана тізгінінде сақадай сай тұруым керек, яғни жұмысымның әкімшілік бөлігімен айналысамын. Операция жасау менің көңілімнің жұбанышы деп айтсам болады.
– Жыл басынан бері «ҚР ПІБ МО күндері» жобасы аясында аурухана дәрігерлері облыстарды аралап, өңір тұрғындарына көмек көрсетті. Бұл жобаның маңызы қандай?
– ҚР ПІБ МО басшысы Алексей Цойдың идеясымен жүзеге асқан бұл жоба ауруларды алдын алу, диагностикалау, емдеу және сауықтыру саласында тәжірибе алмасу, заманауи әдістермен бөлісу, сондай-ақ медициналық мекемелермен ғылыми-клиникалық ынтымақтастықты кеңейту сияқты мақсатты көздейді. Аурухана дәрігерлері жергілікті өңірдің мамандарына күрделі операция жасаудың қыр-сырын үйретіп, тұрғындарға сапалы дәрігерлік кеңес беріп келеді. Бүгінге дейін біздің аурухана дәрігерлері Шымкент қаласында, Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Атырау, Қостанай облыстарында 83 операция жасап, 428 дәрігерлік кеңес өткізіп, 57 дәріс оқыды. Бұл іс мұнымен түгесілмей, білікті дәрігерлер құрамымен барлық облысты шарлау жобасы әлі де жалғасын табады.
– Ауруханада Ядролық медицина орталығы, Геномдық зертхана және басқа да жоғары инновациялық орталықтар жұмыс істейді. Бұлар ауруханаға қандай артықшылықтар береді?
– Біздің аурухананың ерекшелігі – көпсалалығында. Біз әртүрлі бағыт бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, озық жобаларымыздың бірі ретінде танылған Ядролық медицина орталығының өз базасында радиофармпрепараттарды синтездеуді бастадық. Сонымен қатар аурухана тыныс алу органдарының патологиясын емдеу саласында Қазақстанда баламасы жоқ Респираторлық медицина орталығын ашты. Ең бастысы, біз ауыр науқастарға практикалық көмек көрсетіп қана қоймай, әдіснамалық көмек көрсетеміз. Ауруларды емдеу хаттамалары әзірленуде және одан әрі емдеу технологияларын өңірлерге беру жүзеге асырылып жатыр. Бұл – отандық медицинаны дамытудың тамаша мүмкіндігі. Бір мысал келтірейін, бізде Диабеттік аяқ орталығы жұмыс істейді. Қант диабетінің ауыр асқынуы кезінде қан тамырларының ангиопатиясы жиі дамиды. Соның ішінде соңғы гангренаның дамуымен аяқтар зардап шегеді. Өңірлерде мұндай жағдайдағы пациенттердің аяғы түрлі деңгейде кесіледі. Осы операциялардан кейін адамның өмір сүру деңгейі төмендейді. Біздің міндетіміз – заманауи әдістерді қолдана отырып, аяқтардың тірек қызметін мүмкіндігінше ұзақ уақытқа сақтау. Қарапайым тілмен айтқанда, аяғыңызды сақтаймыз. Сондай-ақ Спорттық медицина орталығы, Гепатология және гастроэнтерология орталығы, Аутоиммундық аурулар орталығының жұмысына да көңіл бөлініп келеді. Жақында Қазақстан спортшылар одағымен меморандумға қол қойдық. Енді еліміздің спортшылары өз денсаулығын біздің білікті дәрігерлерге тікелей сеніммен табыстай алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»