
Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының ата-аналары қалалық білім басқармасы министрліктің бұйрығын бұзып отырғанына шағымданды. Instagram желісіндегі «Вечерняя Караганда» парақшасында жарияланған видеода Шахтинск қаласының бірнеше мектебіне (№1, 5, 6, 7 мектептер) балалары баратын ата-аналар қарсылығын білдірген.
«Еліміздегі оқушылардың бәрі аптасына 5 күн оқығанда, біз неге 6 күн оқимыз? Шахтинск қаласының білім бөлімі Оқу-ағарту министрлігінің №153 бұйрығын бұзып отыр. Бөлім басшысы Николай Онсович өзіне қалай ыңғайлы болса, солай жасап жатыр. Кеше біз оны кездесуге шақырдық, бірақ келмеді. Жақында қалалық білім бөлімінің чатында оның хаты жарияланды. Онда Николай Онсович өзінің осы шешімі арқылы балаларымыздың денсаулығы мен бос уақытына қамқорлық танытып отырғанын айтқан. Шын мәнінде білім бөлімінің басшысы керісінше сабақ уақытын 40 минуттан 45 минутқа көбейтіп жіберді. Соның кесірінен екінші ауысым уақыты шегеріліп, түстен кейін оқитын оқушылар мектептен кеш қайтатын болды. Бос уақыты дейді, қайта балаларды отбасында өткізетін артық бір күндік демалысынан айырып, сенбі күніне де сабақ қойды. Енді балаларымыз жексенбі күні ғана демалады», деді шағымданған ата-аналардың бірі.
Жаңа оқу жылы басталарда Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев оқу жылының ұзақтығы бұрынғы қалпына келуіне байланысты түбегейлі өзгерістер болмайтынын айтқан-ды.
«Жұмыс аптасының ұзақтығы бес күн болып қалады. Мектептер министрдің 2020 жылғы 21 сәуірдегі №153 бұйрығын басшылыққа алуға тиіс. Барлық білім беру ұйымы бұрынғыдай штаттық тәртіпте жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының әкімшілігі сабақ кестесін, күнтізбелік жоспарларын және сағаттарды бөлуде әдеттегідей өздері жауапты. Қазіргі уақытта оқу жылының ұзақтығы туралы бұйрық келісуге жолданды. Алда бекітіледі. Осы бұйрықта 34 апталық оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 25 мамырда аяқталатыны нақты көрсетілген», деген еді Қ.Жұмашев.
Жұмыс аптасының ұзақтығы бес күн болып қалады деп анық айтылды. Соған қарамастан мектептер 6 күндік оқу аптасына көшіп жатыр. Сонда министрліктің сөзіне өңірлер, мектептер мән бермей отыр ма? Министрлікке себебін сұрап байланысқа шығып едік, білім басқармаларына сілтеді. Әрі 1 қыркүйектегі материалымызда берілген Қ.Жұмашевтың сөзін қайта жіберіп, ведомствоның ресми жауабы осы екенін жеткізді.
Ал Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында ата-аналардың шағымына «Ата-аналардан келіп түскен өтініштерді назарға ала отырып, қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің басшыларына бес күндік режімге көшу үшін кесте құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар оқу жоспарында көзделген гимназия және лицей сыныптары үшін қосымша сағаттарды сенбі күндері өткізуді ұсынамыз», деп жауап берген.
Шахтинск қалалық білім бөлімінің басшысына хабарласып едік, өкінішке қарай, телефонын көтермеді. Осындайда «Еріксіз өзгертіле беретін бұйрық неге шығарылады? Бұйрығы жүрмейтіні бар, министрлік несіне құрылады?» дейсің...