
Бүгінде «өскенде танкист болам» дейтін баланы аз кездестіретініміз белгілі. Бір жағынан, Құдайдың берген бейбіт заманы «ұшқыш», «танкист» болуды армандайтын балалардың санын барынша азайтса, екінші жағынан танк айдаудан кейбір жас жеткіншектер үрейленетіні де жасырын емес. Бірақ арамызда танк секілді кез келген күрделі әскери техниканы ұршықша иіре алатын қазақ жастары аз емес екенін дәлелдеп жүрген замандастарымыз жетерлік. Солардың бірі – 3-сыныпты сержант Рустам Молдашев.
Тәртіп пен білімді, шыдам мен төзімді талап ететін әскери саланы таңдаған кейіпкеріміз Қостанай облысының Придорожное ауылында өмір есігін ашқан. Әскери қызметін 2013 жылы келісімшарт бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизонының танк бригадасында көздеуші-оператор болып бастағанда бұл қызметтің өзінің оң жамбасына келетінін бірден байқапты. «Мерзімді әскери қызметімді аяқтағаннан кейін өз қалауыммен осы салаға біржола бет бұрдым» дейді ол.
Қазіргі уақытта 10810 әскери бөлімінің 1-танк батальонында рота сержанты лауазымында қызмет атқарады. Ол өзіне сеніп тапсырылған Т-72 ауыр ұрыс техникасын тиянақты меңгерген. Өз білгені мен көкейге түйгенін үйретуден жалықпайтын сержант қызметтің хас маманы болу үшін әрдайым біліміңді арттырып отыру керек деген пікірді ұстанады. «Дегенмен танкист болам дейтін адамның жүрегінен, ең алдымен, отаншылдық сезімі орын алуы керек деп ойлаймын. Екіншіден, болаттай мықты болу қажет» дейді ол.
Еліміздің Қарулы Күштерінде 10 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Рустамның әскери қызметтегі жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, ол әскерилердің халықаралық ойындары аясындағы «Танк биатлоны» сайысында Қарулы күштеріміздің қатарында өнер көрсетіп, ел намысын қорғап, 2016, 2017, 2019 және 2021 жылдары командалық есепте жүлделі орындарды иеленді. Бұл жарыстарда ол танкте көздеуші қызметін атқарған. Осындай жетістіктерінің арқасында оның қажырлы еңбегі бағаланып, Қорғаныс министрінің қолынан халықаралық ойындарында көрсеткен шеберлігі мен адал қызметі үшін 2017 жылы «ІІ дәрежелі Ел қорғаны» медалін алды.
Айта кетсек, қазіргі таңда мерзімді әскери қызметке келген жігіттерге Гвардейск гарнизонында танк басқару мамандығы оқытылады. «Еліміздің армиясында Т-72 ұрыс танкілері қолданылады және олар кез келген қауіпке тойтарыс беруге 100% дайын деп айта аламын. Мен қазір Аягөз гарнизонындағы танк бригадасында қызмет атқарамын. Артық айтқандық емес, біз күн сайын өз шеберлігімізді шыңдаймыз. Күнделікті жауынгерлік жоспарға сәйкес көптеген тәжірибелік жаттығуларды жасаймыз» дейді Рустам Молдашев.
Біздің кейіпкеріміз қызметте адал дос, сенімді қарулас болса, үйінде өнегелі әке. Өмірлік серігі Марина Молдашовамен әскери қызметте жүріп танысып, бүгінде өмірдің ыстық-суығын бірге көріп келеді. Молдашовтар отбасында Жасұлан, Жасмин және Санжар есімді тәтті балапандар өсіп келеді.
Қызмет жолында түрлі белестерді өткерген, сабырлы мінезімен өз ортасында беделді Рустамның әріптестері де оның еңбексүйгіш, табанды жан екенін жасырмайды. «Ол өзінің тәртібі және берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындауымен әріптестеріне үлгі. Жауынгерлік даярлық сабақтарында әрқашан жоғары деңгейден көрінеді. Байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген батыр ұлдың бізбен бірге қызмет атқаратынын мақтан етеміз», – дейді 1-танк батальонының командирі, майор Ринат Сағындықов.
Біз әңгіме соңында Рустамға «Еліміздің өз танкілері қашан шығады?» деген тосын сұрақты қойдық. «Қазіргі таңда бізде танкілерге күрделі жөндеу жасайтын кәсіпорындар бар. Ал өз танкімізді шығару болашақтың еншісінде деген сенімдемін. Себебі танк – құрлық әскерлерінің ең жойқын күші» деп жауап берді.
Айтпақшы, 15 қыркүйекте елімізде Танкистер күні аталып өтеді. Мереке қарсаңында өз ісінің майталманына қызметте табысты болуын, артынан өзі секілді танк тізгіндеген батырлар ере беруін тіледік.