Инфляция, яғни баға өсімінің баяулауы жалғасып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұған ең бірінші кезекте сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі себеп. Азық-түлік пен энергия тасымалдаушылардың әлемдік бағасы қатты қымбаттау шегіне жеткен 2022 жылдың ортасынан бастап төмендеп келе жатыр. Бұл жағдай Қазақстандағы баға деңгейін ұстауға әсер етті.
Екіншіден, төл валюта нығайды. Жыл басынан бері долларға қатысты теңге бағамы 5 пайызға күшейді. Бұл да инфляцияның баяулауына үлес қосты. Үшінші себеп – Үкіметтің араласуы дейді сарапшылар. Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін төмендету және бақылау бойынша кешенді жоспарды қабылдаған еді. Баға өсімін тежеуге бұл да септесті.
Ұлттық банк биыл инфляция 10-12 пайызға дейін баяулайды деп күтеді. Алайда болжам тәуекелі ешқашан тысқары қалған емес. Өйткені Украинадағы шиеленістің қалай өзгерерін, батыс санкцияларының қандай зардабы боларын ешкім де тап басып айта алмайды. Оның үстіне соңғы күндері Әзербайжан мен Армения да өз шекарасына әскер топтастыра бастады. Әсіресе, Әзербайжанның біз үшін альтернативті логистикалық бағыт және стратегиялық әріптес ретіндегі маңызына назар аударар болсақ, екі ел арасындағы соғыс өртінің тұтануы елдегі экономикалық ахуалды қиындата түспек. Мұндай тәуекелдер экономикалық өсімнен бастап қымбатшылыққа дейінгі аралықта күтпеген қиындық туғызып, жағдайды басқа қырына аунатып жіберуі бек ықтимал.
Бірқатар эксперттер базалық мөлшерлеменің төмендеуі елдің экономикалық өсіміне оң әсер етеді деп санайды. Яғни мөлшерлемесі төмендесе кредиттікі де төмен түседі. Бұл өз кезегінде компаниялар мен кәсіпкерлерді ынталандырып, өз кәсіптерін кеңейту жолында артық инвестиция тартуға жол ашуы мүмкін. Бірақ мұның екінші қыры – депозиттер бойынша да мөлшерлемелер төмендейді және салымшылардың салым қаражатының түсімі азаяды. Былай айтқанда, жинап отырған депозиттен табыс табу әжептәуір азайып қалады.
Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Тоқтасын Бақбергеннің айтуынша, кейінгі жылдары ел тұрғындарының материалдық жағдайы өте нашарлап кеткен. Ал жан басына шаққандағы кіріс көлемі орташа деңгейден төмен халық үлесі 90 пайызға жеткен.
«Ұлттық банк баяндамасында соңғы екі жылдағы инфляцияның үдеуі аясында халықтың нақты табысының азаюына назар аударылады. 2023 жылдың екінші тоқсанында инфляцияның баяулауы және номиналды табыстың өсуі фонында нақты табыс өсім аймағына оралды. Алайда 2010 жылдан 2021 жылға дейін халықтың ақшалай кірісі құрылымындағы жалақы үлесінің үздіксіз төмендеуі байқалды. Мұндай үрдіс белсенді бюджеттік саясат салдарынан жоғарылаған трансферттерден түскен табыстың ұлғаюынан анық аңғарылды. 2013-2020 жылдар аралығында болған әлеуметтік трансферттерге жұмсалған бюджет шығынының өсімі экономикадағы еңбекақы төлеу қорының өсімінен де асып түсті», дейді сарапшы.
Ол келтірген деректерге мән берсек, 2022 жылы халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы айына 154 мың теңге болған. Бұл ретте медианды табыс көлемі 2,5 есе төмен және 63 мың теңгеге тең. 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы дерек бойынша, халықтың 90 пайызында жан басына шаққандағы табыс айына 151 мың теңгеден аспайды. Қазақстан халқы табысының төрттен бірі (24,3 пайызы) елдегі ең жақсы қамтылған адамдарға тиесілі.
Мемлекет экономикалық түйткілдерді тарқатып, әлеуметтік міндеттерді атқаруда және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда Ұлттық қор қаражатына мұқтаж. Жоғары инфляция да халықтың төлем қабілетін күн санап кемітіп бара жатыр. Әрине, мұндай жағдайда Президент қойып отырған инфляцияны 5 пайыздық деңгейге дейін төмендету міндетінің орындалуы біршама қиынға соқпақ.