
Жаңа маусымның ашылуына қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрнекті қос композитордың мазмұнды музыкасына, театрдың бас дирижері әрі спектакльдің қоюшы дирижері Алан Бөрібаевтың кәсіби шеберлігіне және қойылымда өнер көрсеткен әртістердің тамаша орындауына жоғары баға беріп, ұжымға зор жетістік пен шығармашылық табыс тіледі.
Қойылымда әйгілі баритон Жанат Шыбықбаев вокалдық және актерлік жағынан басты партияны өте сәтті алып шықты. Ол сомдаған ақын бейнесін көрермен өте жылы қабылдады. Абайдың шәкірті Айдарды танымал тенор Мейір Байнеш орындап, өз кейіпкерінің эмоционалдық жағдайы мен ішкі уайымын терең аша білді. Тамаша сопрано Айгүл Ниязова Ажардың рөлінде актерлік шеберлігімен танылып, оның тұнық дауысы әуеде ұшқан құстай қалықтады. Қарлығаштың партиясын Татьяна Вицинская келісті орындады. Көкбайдың рөлін талантты әртіс Ержан Саипов ойнады. Сондай-ақ Болат Есімханов – «Сырттанның», Талғат Ғалеев «Жиреншенің» бейнесін сомдады.
Операдағы екі жастың махаббат хикаясы көрерменді әдемі әсерге бөлеп, көзге жас алдырды. Қос ғашықтың романтикалық сезімі мәңгілік адами құндылықтармен астаса өрілген.
«Бізге әрдайым «Абай» операсының бір ғана пайымдамасы бар секілді көрінетін, алайда «Астана Операның» қойылымы олай емес екенін көрсетті. Тыңдармандарға тәуелсіз опера өнері рухындағы интерпретация ұсынылды. Ең алдымен, оркестрдің әуелеген керемет үнін атап өткім келеді, бұл маэстро Алан Бөрібаевтің еңбегі екені сөзсіз. Қоюшы дирижер партитура мәтінімен тыңғылықты жұмыс істеген, сондықтан композиторлардың ұлттық фольклор үні мен Абайдың төлтума әуенін өзіне сіңірген кемеңгер музыкасы шын мәнінде әсерлі естіліп, онда терең драматургия көрініс тапқан. Менің ойымша, жарқын кейіпкерлер шоғыры мен ұлттық жауһарға деген жаңа көзқарастың арқасында «Абай» операсы әлемдік классиканың мәңгі өшпейтін туындыларымен тайсалмай бір қатарда тұра алады», дейді Талғат Ибраев есімді көрермен спектакль аяқталғаннан кейін алған әсерімен бөлісіп.
Айтпақшы, спектакльдің төрт аяғын тең басып, жұртшылық жүрегінен жол табуына зор үлесін қосқан театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітовтің, қоюшы балетмейстерлер Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаеваның, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкеновтің, сценограф – көрнекті суретші-сценографы Эцио Фриджерионың, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино және опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзовтің еңбегі орасан.